Экономика • 17 Қаңтар, 2023

Отандық тракторға қолдау қажет

570 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жұмыскер» – Май ауданында құрастырылып шығатын шағын трактор. Бұл – кезіндегі Павлодар трактор зауыты жойылғалы өңірде алғаш болып толық құрастырылған әрі патентке ие болған жалғыз шағын трактор. Ауылдағы өндіріс орны бүгінде біраз қиындыққа ұрынып отыр.

Отандық тракторға қолдау қажет

Ауылдың тірлігі техникасыз бітпейді. Кеңес өкіметінен қалған ескі-құс­қы техникадан арылып, жаңасын алу шаруа бақ­қан ағайын үшін әлі де болсын қол жетпес арман. Себебі бүгінде ауылшаруашылық көліктерінің бағасы аспандап тұр. Оны ала беруге екінің бірінің шамасы жетпейді. Осындай уақытта бағасы қолжетімді әрі сенімді отандық техникаларға басымдық берілгені абзал.

 Бұған дейін де жазғанымыздай, «Димаш» жеке кәсіпорны «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы ұтып алған 5 млн теңге грантты пайдаланып, былтыр шағын тракторлар өндірісін жолға қойды. Әмбебап техника 15 түрлі жұмысты атқара алады. Шөпті шауып, жинау, картоп отырғызу, қыста қар күреу сияқты тағысын тағы ауылдың бітпейтін шаруаларын лезде дөңгелетіп тастауға болады. Техникаға қажет тиеуіш шөміш, қар күрегіштер, арнайы ашалар қосымша жасалады. Тракторға бүгінде арнайы патент алынған. Инженерлік тұрғыдан арзан әрі тиімді техника Қытайда құрастырылған шағын тракторлардан екі есеге жуық арзан. Біреуінің құны шамамен 3,6 млн теңге тұрады.

«Димаш» жеке кәсіпорнының басшысы Ерлік Тайшыбаев өндірістік базада 2 шағын трактор құрастырылып шыққанын айтқан еді. Былтырғы жыл соңында көліктің екеуі де сатылып кетті.

«Жұмыскердің» бірі қазіргі күні облыс орталығындағы «Jailau» фермерлік базарында жүр. Осыдан бір ай бұрын сатып алынған техника ыңғайлы әрі ұтқыр дейді ондағы қызметкерлер. «Пав­лодар» ӘКК» АҚ өкілі Арман Асипов фермерлік базар алғаш ашыл­ған күннен бастап аумақтағы сауда павильондарын орналастыру, қар тазалау жұмыстары шағын трактордың көмегімен жүзеге асып жатқанын айтады.

– Құжатында жүк көтергіштігі 300 кг деп жазылған. Дейтұрғанмен, техника 360 килограмдық жүктерді қиналмай ала береді. Шағын шөміші мен қырғышы өте қолайлы. Қазір штатқа трак­торист алғанбыз. Қозғалтқышы күні бойы жұмыс істегенде небәрі 5 литр бензинді жағатынын айтады. Бұл жағынан алғанда біз үшін тиімді, – дейді ол.

Павлодарлық трактордың тағы бірін өткен күзде Ақмола облысынан бір шаруа келіп сатып алды. Сандықтау ауданы Владимировка ауылының тұрғыны Валерий Взникин бағасы арзан әрі көпфункциялы шағын тракторға қол жеткізгеніне қуанышты. Айтуынша, бұл техниканы интернеттен іздеп, әрең тауыпты. Қытайда шығарылған баламаларын алайын десе, бағасы тым қымбат әрі ақау шықса қо­сымша бөлшектерін іздеп табу қиын. Қозғалтқышы мен конструкция­сы қара­пайым көлік қазіргі күні қора-жай­дағы малды жайғауға, ауладағы қарды тазалауда таптырмас техника болып тұр.

– Трактор өте шағын, кез келген ғимараттың есігінен еніп кетеді. Жақтауы да мықты, ауыр жүктерді көтере береді. Үй маңындағы жұмыс­тар­ды оның көмегімен тез атқарып шығамын. Малдың астынан шыққан тезекті аулақ­қа апарып төгу, қар тазалау, шөп тасу шаруаларының барлығы – соның мо­­й­нында. Бір жақсы­сы, қытай­лық трак­торлардағы секілді күр­делі гидро­мотор, түрлі қымбат резең­келер мен техникалық шлангілер мұнда жоқ, қарапайым жүйе орнатылған. Бөл­шек­тері істен шықса, жаңасы базар­да арзан тұрады. Гидравликалық жүйе­сіне құйылған техникалық май да қара­пайым әрі арзан екен, – дейді шаруа.

Бұрын «Беларусь» тракторын тізгіндеген В.Взникин ауыл шаруашы­лығы үшін өте тиімді мұндай отандық көлік­терді сатуға мемлекеттің өзі мүд­делі болуы керек деп есептейді. Үкі­мет шетелден келетін техниканы сатып алуға миллиондап субсидия тө­легенше, осындай бағасы арзан отан­дық құралдарға басымдық бергені абзал.

Осыдан бірер жыл бұрын шетелдік әлдебір компаниямен келісімшарт негізінде облыс орталығында Қытай елінің машиналары құрастырылады деп күтілген еді. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында салынуға тиіс өндіріс жобасы сол күйі қағаз бетінде ғана қалды. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл кәсіпкерінің батыл бастамасы қошеметтеуге тұрарлық.

Ерлік Тайшыбаев бүгінде өзі құрастыратын техниканы сатуға мемлекет тарапынан көмек болса деген ниетін жеткізді. «Жұмыскер» құны субсидияланатын ауылшаруашылық техникаларының тізбесіне енсе, соның өзі Май ауданындағы трактор өндірісіне үлкен сеп болары сөзсіз.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы