Экономика • 17 Қаңтар, 2023

Егіс жұмыстарына даярлық

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша жедел штабтың алғашқы отырысы өтті. Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биыл болжамды егіс алқаптары былтырғы көрсеткіштермен бірдей болып, 23 млн гектардан астам аумақты құрайды.

Егіс жұмыстарына даярлық

Астық-жемдік және жемшөп дақыл­дарының егіс алқаптарын ұлғайту жоспар­ланып отыр. Алдын ала есеп бойынша кем дегенде 18 мың га қант қызылшасы егіледі. Көкөніс және бақша дақыл­дары өсіріледі. Тағы 9,9 мың гек­тар­ға күріштің егістік алқаптары өсіріледі.

Мемлекет өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламаларын іске асыруды жалғастырады. Мәселен, 2023 жылы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға жергілікті бюджеттерде 11,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл тұқым себудің жоғары көрсеткішін 97 пайыз деңгейінде ұстауға мүмкіндік береді.

Минералды тыңайтқыштарға келетін болсақ, биылғы қажеттілік – 703 мың тонна. Жергілікті бюджеттерде тыңайт­қыштарды субсидиялау бағдарламасына 31,3 млрд теңге қарастырылған, алайда бұл тыңайт­қыштардың бағасының өсуін ескере отырып, фермерлердің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктерге бюджет қаражатының көлемін қажеттіліктерге қарай ұлғайту мүмкіндігін қарастыру қажет деп есептейді.

Айта кетейік, фермерлер субси­диялауға өтінім бере алады. Агроөнер­кәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі фермерлерге субсидиялауға өтінімдерді ресімдеу үшін балама ретінде әзірленді. Өтінімдерді беру, субсидияларды өңдеу және алудың бірыңғай gosagro.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Жүйе толығымен автоматтандырылған және ақысыз негізде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2022 жылдың 31 желтоқсанында бұрынғы «Qoldau.kz» порталынан инвестициялық субсидиялау бойынша толық тарихи деректер алынды. Қазіргі уақытта ақпараттық базаны жаңа жүйеге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Министрлік ақпараты бойынша, қазір субсидиялау жөніндегі қызметтерді өтінім берілген сәттен бастап, субсидия төленгенге дейінгі аралықта техникалық пысықтау аяқталды. Қолданыстағы субсидиялау қағидаларына сәйкес, фермерлерден өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 1 ақпанынан басталады.

Жалпы, көктемгі егіс науқанына 141,7 мың трактор жұмылдыры­лып, 4,3 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешенінде 73,2 мың сепкіш және 221,2 мың топырақ өңдеу құралдары пайдаланылмақ.