Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының пошта байланысы саласындағы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру және пошта операторларының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Парламент депутаттары Ш.Өтемісов, З.Балиева, Х.Валиев, Г.Исімбаева, С.Оспанов, М.Пішембаев, А.Самақова, Г.Сейітмағамбетова, Е.Тарасенко бастамашы болған заң жобасына қатысты Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков қосымша баяндама жасады.
Депутаттардың айтуынша, бұл заң жобасы Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында елдің транзиттік әлеуетін, логистикалық қызметтер көрсетуді және халықаралық сауданы дамыту бойынша атап көрсеткен стратегиялық міндеттерге қол жеткізу және орындау, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының пошта байланысы саласындағы заңнамасын халықаралық заңнамаға, атап айтқанда, Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес келтіру негізінде әзірленген.
Отырыс барысында тағайындалған операторды айқындауға қатысты мәселені Қазақстанның шешпеуіне байланысты Дүниежүзілік пошта одағы атынан EMS кооперативі 2014 жылғы 1 шілдеден бастап барлық мүшелік жеңілдіктерді Қазақстанға беруді тоқтататыны туралы Ұлттық пошта операторын хабардар еткені айтылды.
Сондай-ақ, депутаттар қазіргі таңда қабылданған халықаралық міндеттемелерді орындаудың қажеттілігі туып тұрғанын, осыған байланысты заң жобасының міндеті пошта байланысы көрсететін қызметтер нарығындағы қатынастарды ұйымдастырудың жаңа моделін енгізу болып табылатынын жеткізді. Ал бұл жаңа модель бірнеше жаңалықтарға негізделеді. Олар: тағайындалған оператор институтын және «пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері» ұғымын енгізу, тағайындалған операторға пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсету жөніндегі міндеттемелерді бекітіп беру.
Бұған қоса, осы заң жобасына сәйкес 4 заңнамалық актіге, оның ішінде, «Почта туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Байланыс туралы» және «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті.
Отырыста, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Сөз алған палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Тұрарбек Асанов бұл келісім елдердің инвестициялық ахуалын жақсартуға және мемлекеттер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін мәлімдеді. Яғни бұдан кейін әрбір тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшін екінші тараптың инвесторларын көтермелеп, оларға қолайлы жағдайлар жасайтын болады. Сондай-ақ, әрбір тарап өз аумағында екінші тарап инвесторларының инвестициялары мен кірістерінің толық қорғалуын және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдады. Бұл заң жобасы турасында сөз алған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев келісімнің мақсаты ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасында мақұлдады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаев бұл келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Италия Республикасының әскери мүлкі мен персоналының транзитін жүзеге асыру тәртібін айқындайтынын хабарлады.
Жалпы отырыс аясында «Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобаларында қарап, қабылдады.
Мәселен, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына қатысты Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Оразкүл Асанғазы шекара өкілдерінің бірлескен жұмысы жоспарлы және жоспардан тыс болуы мүмкін отырыстарда немесе кездесулерде жүргізілетінін, келісімге сәйкес, тараптар шекара өкілдері мен шекара өкілдерінің орынбасарларын тағайындайтынын жеткізді.
Бұл күнгі отырыста Парламент Мәжілісі сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жобасы мен қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістерге Сенат енгізген түзетулерге келісімін берді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».