12 Маусым, 2014

Ізгілік ізі

364 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
123 446Парасаттылығымен жүрген ортасының шамшы­­рағындай болып, пайымдылығымен сол пенделер­ді тәнті еткен біртоға жандар болады. Тау алыс­таған сайын биіктей түседі деген сөз сондай адамдар фәни дүниеден өткен соң, жылжыған жылдар үні болып та айтылса керек. Біз білетін Мәкен аға Әуесбаев осындай өрелі жандардың бірі еді. Аспантаулар аясындағы Кеген ауылында қызмет еткен 90-жылдары қалыптасқан әдетімен ертелі-кеш орталық көшені бойлай аяңдағанда оң, солынан ешкім озбайтын еді. Мұны елдің Мәкен ағаға көрсеткен бір құрметі деп те бағалаған дұрыс. Уақыт шіркінде тоқтам бар ма. Жылжыған жылдар өз дегенін істейтіні хақ. Әмәнда, оны «алдынан ақсағанның айыбы жоқ» деп қазақылыққа сүйеп қана қоймай, «орнында бар оңалар» деген даналыққа жүгінген ләзім. Таяуда Мәкен ағаның немересі Бақтияр Батыс Қазақстаннан Талдықорған қаласына телефон соққанда бір серпіліп, Кегендегі сол бір жаймашуақ күндерді есіме алдым. Ой қорыта отырып, жетісулықтар есімін ерекше ілтипатпен естеріне алатын тау тұлғалы азамат Мәкен аға Әуесбаев туралы бір үзік сырды ақ қағазға түсіруге талпындым. Арада азаматтар қол ұшын беріп, кейіпкеріміздің өмір белестері жайлы жан жары бүгінде Орал қаласында тұратын Раухан Дүкенқызының үзік-үзік сырларын ағытқан үшбу хат та қолыма тиді. ...«Біз – ерте есейген буынның өкіліміз. Бұға­намыз бекімей еңбекке араластық. Балалы­ғымыздың небір қызықты кезеңін сұм соғыстың ауыр күндеріне айырбастадық. Шүкірінен таймаған халықпыз ғой. Қазір ол заман келмеске кетті. Өмір өз арнасымен ағуда. Мен бақытты­мын», деп бір қайырған абзал ана әңгімесі ақ қағазда одан әрі былай жалғасады: «Мәкен Шыныбекұлы қандай қызмет атқармасын адалдығымен, қабілет-қарымымен әрі кәсіби шеберлігімен дараланатын. Туып-өскен жеріне, қадірлеп, құрметтеген еліне адал қызмет етті. Сөйтіп, жер жәннаты Жетісудың асыл азаматы, тұғырлы тұлғасы ретінде танылып, сол елдің ағасы атанды. Қашанда биязы мінезінен ауытқымай, білсем, білген үстіне біле түссем деген ұстанымынан таймайтын. Ең бастысы, көкірек көзі ашық һәм көргені мен түйгені мол қазыналы зерек те зерделі жан шын мәнінде аға ұрпақтың лайықты өкілі бола білді». Сұрапыл соғыс басталып, әкесі майданға аттанарында: «Ұрпақ көшін жалғап тұғырым болар жалғыз ұлым Мәкенді Аллаға аманаттадым», депті. Сонда артынан тесіле қарап, 7-8 жастағы жалғыз ұлды бауырына басып қоштасып тұрған зайыбы Бикеш апаның жасы отызға да толмаған екен. Соғысты көрмесе де тылдың азабын тартқан Бикеш апа 1942 жылы Ұлы Отан соғысында мерт болған Шыныбек атадан қалған жалғыз ұлы Мәкеңді қатарға қоссам деп арманын үкілейді. Ақыры оған да қол жеткізеді. Мәкен аға 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Еңбек жолын Жалаңаш ауылындағы, Средигор орыс орта мектебінде мұғалім болып бастады. Кейіннен осы мектеп директорының орынбасары болып бірнеше жыл еңбек етіп, 1963 жылы партия қызметіне ауыс­ты. Аудандағы «Көлбастау», «Тоғызбұлақ» колхоздарында партия комитетінің хатшысы болған кездерінде іскерлігін, сенім артып тапсырылған жұмысқа зор жауапкершілігін танытып, әріптестерінен ерекшеленді. 1970 жыл «Тоғызбұлақ» колхозының ұжымы үшін есте қаларлық, бітік егін өсіріп, бірегей табысқа жеткен жыл болды. Осы кезде колхоз партия комитеті хатшысының еңбегі де орынды бағаланып Мәкен Шыныбекұлы «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне қадады. 1976 жылы Кеген аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылды. 1983 жылы аталған аудандық партия комитеті бюросының қаулысымен аудандық тұтынушылар қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырылды. Қандай қызметке тағайындалып, міндет жүктелсе де біліктілікпен тиянақты атқару оның қанына сіңген әдет деп айтуға болады. Ақиқатына жүгінсек сол кезең ұрпағына тән патриоттық сезімнің ерекшелігі уақыт ағымымен бойына сіңісті болған еді. Сол үрдіс қазақы асыл қасиетпен астасып тек жақсылықтың бастаушысы болғаны да жасырын емес. Қашанда қалт айтпайтын халық Мәкеннің айрықша бір қасиеті – анасын керемет жақсы көріп, құрметтегенін, әмәнда ол кісіні тік тұрып сыйлайтынын өз қолы өз аузына жеткенде барлық құрметті көрсетіп, айтулы демалыс орындарына жіберіп, тіпті, Мәскеуді де аралатып қайтқанын үлгі тұтады. …«Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады, пендеден сұрағанның екі көзі шығады…» деген сөз бар. Ең алдымен Алладан тілеген абзал. Қазақ әйелінің бар бақыты – жұбайының жолында. Жолдасым Мәкен марқұм көзі тірісінде елге адал қызмет етті. Жатсам-тұрсам соның тілеуін тіледім. Бүгін балаларымның, немерелерімнің тілеуін тілеп отырған жайым бар. Олар да мені алақандарына салып, құрметтейді. Қолымды жылы суға малып отырғаным – бар жағдайымды жасап қойған балаларымның арқасы», деген тілеуқор ана Раухан Дүкенқызының үшбу хатындағы жолдарды дәл осы тұста келтіріп отырғанымыз марқұм Мәкен ағаның анасын әлпештеп, ризашылығына кенелгеніне зайыбының да қосқан үлесі зор екендігі айтпаса да түсінікті емес пе?! Мұндайда қазақ: «Атаңа не істесең алдыңа сол келеді», деп дөп баса айтқан ғой. Ата күші, ана сүтімен ұрпақ бойына сіңетін тағы бір қасиет ілгідей ізеттілік. Сол құндылық біздің кейіпкеріміздің жан жарының бойынан табылып, өскелең ұрпақ санасына сіңісті болғанын да кегендіктер жыр қылып айтады. Тіпті, Раухан Дүкенқызы қызмет істеген мектепте ұстаздар қауымы да балаларын оқытып, тәрбиелеткен ата-аналар мақтан тұтады. Бұл ақиқат. Шыны керек, бұл ұрпақ тағдырдың қаншама тексерісінен өтті. Қазір аңызға бергісіз, кейінгілер таңдана қарайтын өмір белестері соның дәлелі. Әлбетте, олар да жас болды. Бірақ қайраты мен жігері жасымаған, талабы таудай, өмірге құштар болатын. «Еңбек етсең, алынбайтын асу жоқ. Тәуекел тауға шығарады!» деген мағынадағы өмірлік ұранмен алдыға ұмтыла берді, ұмтыла берді. Тапшылық алқымнан алып, жоқшылық жағаға жармасқанда, Мәкен аға тек жарының ғана емес елінің жанына рух беріп, жігерін жанитынын сол ел ашық айтады. Бақытты әркім әрқалай түсінеді. Біреулер үшін материалдық мүмкіндік, енді бірі жайбарақат өмірден баянды бақыт іздейді. Раухан апай үшін рухани тұтастық, сенімді өмірлік серігінің саясында жүріп, қолдау көрсету барлығынан биік-тін. Амал нешік. Бір сәт мұңая отырып үшбу хат астарына үңіліп ол кісінің бақытты екенін ұғындық. Олар өмірдің қысы мен жазын, көктемі мен күзін қатар тұрып, шаттығы мен шырғалаңын теңдей бөлісу арқылы бақытқа талпынды. Сөйтіп, шын мәнісінде бақытты бола білді. Көп жағдайда адамның сырт келбеті шыншыл, бірбеткей жан екендігін аңғартатыны бар емес пе?!. Кегенде өзіндік мықты мінезі бар тау тұлғалы азаматтың алдын кеспей, құрмет тұтқан ұрпақ өкілі болғандықтан үшбу хаттан «Осы кісі ұрпағына қандай ақыл айтты екен?» деген сұрақтың жауабын іздеген едім. Таптым. «Балаларына: «Оқыңдар, ұрлық жасамаңдар, ешкімнен тайсалмаңдар, адами қасиеттеріңді жоғалтпаңдар» деп үнемі қайталап жүретін. Салмақты еді», депті Раухан апа. Жер шалғай. Оның үстіне кез келген уақытта жол түсе бермейді. Әйтпесе, Мәкен ағаның Нұрлан, Ермек деген елге елеулі, өзіндік қызмет баспалдақтарына да көтеріліп келе жатқан ұлдарын білгеніммен, жүзбе-жүз кездесіп сыр бөлісудің сәті түсе қойған жоқ. Ал атасының атын ел газеті «Егемен Қазақстанда» бір көрсетуге талпынған Бақтиярға бір мен емес бүтін ел разы. Ел демекші Мәкен Шыныбекұлы мен Раухан Дүкенқызын білетін жандар екеуі бір-бірін де, балаларын да еркелете біледі. Еш уақытта қабақ шытпайтын. Зайыбы қонақты да күтіп, күйеуді де баптап, балалардың да жағдайын жасап, үй шаруа­сына үлгеріп, мектептегі қызметін де дөңгелете жүргізуге дағдыланған» дейді халық. Қорыта келе мақаламызды хаттағы мына бір жолдармен түйіндейміз «Ана бақыты – балаларының бақытын көргені. Құдайға шүкір, балаларым өмірден өз орындарын адаспай тапты. Әттең, отағасы арамызда  біраз жүре тұрғанда, немере-шөберелеріміздің қызығын бірге көргенде, шіркін!..» деген армандар жүректі шымырлатып өтеді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.