12 Маусым, 2014

«Астана таңдауы» тағы да өзінің таңдауын жасағалы тұр

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Дәстүрлі «Астана таңдауы» байқауы биыл қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Жыл өткен сайын өрісі кеңейіп, беделі биіктеп келе жатқан аталған байқау танымал шаралардың қатарына қосылып үлгерді. Еске сала кетейік, «Астана таңдауы» алғаш рет елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің бас­тамасымен 2012 жылы өткі­зілген болатын. Содан бері бай­қауда жүздеген үміткер бақтарын сынап көрді. Оларға мыңдаған адам дауыс берді. Мәселен, 2013 жылы «Астана таңдауы» сайысына түскен талапкерлерді 87 мыңнан астам адам қолдап үн қатқан. Бұл – байқау тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ал биылғы өткізіліп жатқан сынға тек қазақстандықтар ғана емес, Ресей және Өзбекстан секілді көрші мемлекеттердің тұрғындары да қолдау білдіруде. Бұл әрине, аталған шараның танымал болып отырғандығын білдірсе керек. Енді биылғы «Астана таң­дауы-2014» байқауы жөнінде аз-кем мағлұмат бере кетейік. «Өз таңдауыңды жаса, ең үзді­гін анықта!» ұранын ту еткен дәстүрлі сынақта әлеуметтік ма­ңызы зор мамандықтардың үздік­тері анықталады. Онда педагогтар, дәрігерлер, жол салушылар, энергетиктер, қоғамдық көлік жүргізушілері, учаскелік инспекторлар мен құрылысшылар өзара сайысқа түседі. Үстіміздегі жылдың 7 сәуі­­рінен бастап 31 мамырға дейін­ бай­­қауға қатысуға ниет біл­дір­гендерден өтініш қабылдан­ған. Соңғы мәліметке қарағанда, жеті аталым бойынша 250 адамнан өтініш түсіпті. Мұның өзі өткен жылдармен салыстырғанда, биыл­­­ғы сайысқа қатысушылардың әл­деқайда көп екенін көрсетеді. Бұдан бәсеке өте тартысты өтеті­нін аңғарамыз. Түрлі мамандықтар бойынша үздіктерге дауыс беру 1 маусымнан­ бері қызу жүргізілуде. Ол 20 мау­сымға дейін жалғасады. Осы жерде ескерте кетер жайт, әрбір тұрғын Астана қаласы әкімдігінің сайтына кіріп, бір электронды мекенжайдан бір ғана дауыс бере алады. Қазіргі таңда дауыстар санына қарай бірнеше үздіктер белгілі бола бастаған. Мәселен, кейбір педагогтар 10 мыңнан астам адам дауыс жинап үлгеріпті. Ал дауыс берудің қорытындысы 20 маусымда жарияланбақ. Негізінен «Астана таңдауы» қалалық байқауының берері мол. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат жастарға кәсіптік бағыт-бағдар беру, әлеуметтік маңы­зы зор мамандық иелерінің қоғамы­мыздағы орнын бағалау болып табылады. Тағы бір назар аударарлық жайт, «Астана таңдауы-2014» байқауының жеңімпаздарына арнайы кубоктар және мақтау қағаздар тапсырылады. Сондай-ақ, өз ісінің білгірлерін насихат­тау мақсатында үздіктер туралы деректі фильмдер түсіріліп, бил­бордтарға олардың сурет­тері ілінбек. Бұдан бөлек, жеңім­паз­дар­ды байқауды ұйымдас­ты­рушылар тарапынан басқа да тамаша сыйлықтар күтіп тұр. Оның қандай сый екені әзірге құпия ұсталып отыр. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».