Қоғам • 17 Қаңтар, 2023

«Әр қазақ менің – жалғызым» фотобайқауының қорытындысы шықты

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада «Ақ жол» Демократиялық партиясы ұйымдастырған «Әр қазақ менің - жалғызым» дәстүрлі фотобайқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Әр қазақ менің – жалғызым» фотобайқауының қорытындысы шықты

Биылғы байқауға барлығы 100-ге жуық автордан 340-қа тарта жұмыс келіп түскен. Барлық жұмыс комиссия қарауына жіберілді. Комиссия құрамында әйгілі фотожурналистер Шүкірәлі Шахай, Ерлан Омаров, белгілі журналист Қайнар Олжай секілді танымал тұлғалар қызылық жасады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімін алғысөзімен ашқан «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев барлық қатысушыларды құттықтап, байқаудың мән-жайы туралы толғамды пікірін айтты.

- «Әр қазақ – менің жалғызым» байқауының қорытындысы өткен жылы шығуы керек еді. Президент сайлауы тұспа-тұс келіп, бүгінгі іс-шарамызды кейінге шегеруге тура келді. Міне, бүгін соның сәті келіп тұр. Жалпы, портреттік, тақырыптық және өзге де жанрлар арқылы еліміздің әсем табиғатын, қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігі мен келбетін, қазақ тарихының маңызды оқиғаларын, Алаш ұстанымын сурет арқылы көрсек деген мақсатпен осы байқауды ұйымдастырып келеміз. Байқауға барлық аймақтардан кәсіби де, әуесқой да фотографтар қатысты. «Ақ жол» партиясы бұл байқаудың құрылтайшысы болса, сол байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау жұмысы осы саланың белгілі майталмандарына жүктелді.

Күн сайын газет-журналдарда, ақпараттық сайттарда, түрлі пабликтердегі мәтіндерде міндетті түрде суреттер болу керек. Онсыз оқиғаны елестету мүмкін емес. Сондықтан фотографтардың еңбектері өте зор. 

Осы тұста, әділқазы мүшелеріне, байқау қатысушыларына да алғысымды білдіремін және байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймын, - деді Азат Перуашев.

- Байқауға әрқилы фотосуреттер түсті. Көбісі тақырыпты толық аша алмаған. Сондықтан біз суреттерді таңдау барысында біраз қиналдық, 3-4 сағат талқыладық. Десе де комиссия құрамы бір байламға келдік. Бүгінгі жеңіс тұғырынан көрінген байқау қатысушыларын құттықтаймын. Алдағы уақытта осы қазақтың фотоөнерін дамытуға үлестеріңізді қоса беріңіздер, – деді белгілі фотограф, фотобайқаудың қазылар алқасының төрағасы Шүкірәлі Шахай.

Салтанатты марапаттау рәсіміне «Ақ жол» фракциясының депутаттары қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер  естелік дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

д

«Әр қазақ менің – жалғызым» дәстүрлі фотобайқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

Кәсіби фотографтар арасында:

I орын (600 мың теңге) Алхаров Оңғарбек (Алматы қаласы)

II орын (400 мың теңге) Ерденбек Ербол (Астана қаласы)

III орын  (200 мың теңге) Қызайбек Сәрсенбек (Алматы қаласы)

 

Әуесқой фотографтар арасында:

I орын (300 мың теңге) Әбдіразақ Шыңғыс (Шымкент қаласы)

II орын (200 мың теңге) Дощанов Әбіл (Қостанай облысы)

III орын  (100 мың теңге) Әбдікәрімова Данагүл (Өскемен қаласы)

 

Арнайы жүлде:

«Қазақ елі» номинациясымен (50 мың теңге) Төлеубай Ардақ (Алматы қаласы)

«Кәсібім-нәсібім» номинациясымен (50 мың теңге) Мутигуллин Амангелді (Атырау облысы)

«Үздік портрет» номинациясымен (50 мың теңге) Әбдураимова Гаухар (Түркістан облысы)

«Бақытты балдәурен» номинациясымен (50 мың теңге) Әміров Марат (Астана қаласы)