Саясат • 17 Қаңтар, 2023

Халықаралық шарттың көмегі көп

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан қылмыстық-құқықтық салада 34 мемлекетпен 72 екіжақты шарт жасасқан. Олар – қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, қылмыскерлерді ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы құжаттар.

Халықаралық шарттың  көмегі көп

Бас прокуратураның мәлім­деуінше, бүгінде еліміз – құрамына Солтүстік және Оңтүстік Амери­ка­ның 27 елі кіретін 3 америка-ара­лық конвенцияның толық қа­тысу­шысы. Ал бұл конвенциялар ұстап беру, қылмыстық істер бо­йынша құқықтық көмек және шетелде қылмыстық жазасын өтеуге қатысты.

Жалпы, Қазақстан соңғы уа­қыт­та қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шет мемлекеттермен халықаралық ынты­мақ­тастықты дамыту бағытындағы жұ­мысты жандандырып келеді. Қа­­зіргі уақытта Мемлекет басшы­сы­ның жарлықтарымен Перу Рес­публикасымен барлық шарттар, Ма­лайзиямен ұстап беру, Мысыр­мен қылмыстық істер бо­йын­ша құқық­тық көмек және ұстап беру туралы шарттар мақұлданған. Құжаттар қол қоюға дайын.

Парламентте Франциямен қыл­мыс­тық істер бойынша құқықтық көмек және Өзбекстанмен сотталған адамдарды беру туралы шарттар­ды ратификациялау туралы заң жо­балары қаралып жатыр. Сон­дай-ақ Мысыр және израильдік әріптестермен сотталғандарды бе­ру, Аргентинамен қылмыстық істер бойынша құқықтық кө­мек көрсе­ту және ұстап беру, Пор­туга­лия, Сло­вакия, Латвия және Иран­мен қыл­мыстық істер бойын­ша құқық­тық көмек көрсету туралы, ал Ма­рок­­ко­мен барлық үш келісімге қол қою жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Қол жеткізілген құқықтық база және шетелдік әріптестермен орнатылған байланыстар қыл­мыс­­тық-құқықтық салада ты­ғыз ынты­мақтасуға және қыл­мыс­кер­лерді жазалаудың бұлтарт­пасты­ғын қамтамасыз етуге мүмкін­дік бере­ді», дейді Бас прокуратура өкілдері.

Ведомство ұсынған мәліметтерге ден қойсақ, өткен жылы шет мемлекеттер Қазақстанның іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру туралы 50 сұрау салуын қанағаттандырған.Мысалы, өткен жылы Бахрейн Корольдігі кәмелетке толмаған қыз­­дар­ды Қазақстаннан Бахрейнге жы­ныстық пайдалануға жібергені үшін күдікті А.Пичугинді ұстап берген еді.

«РБК Банкі» АҚ-ның 15 млн доллардан астам сомасын ұрлады деген күдікті В.Власов, «Qi TRADE Kazakhstan», «Выгодные зай­мы» қаржы пирамидаларын құрып, басшылық еткені үшін іздеуде жүрген С.Абсаметова, Б.Томин, Е.Шарифуллин, сондай-ақ құра­мында 1 млрд теңгеден астам сомаға алтыны бар материалды қылмыстық топтың құрамында ұрлағаны үшін А.Тимакованы Ресей тарапы ұстап берген болатын. Ал Қырғызстан трансұлттық ұйымдасқан топтың құрамында аса ірі мөлшерде алтын мен зергерлік бұйымдардың экономикалық контрабандасы үшін іздеуде жүрген Тастан Эбубекирді ұстап беру туралы сұранысты қанағаттандырды.

Қару қолдану арқылы адам өлтіргені үшін іздеуде жүр­ген О.Иссалы мен Б.Исабеков Тә­жік­­станнан экстрадицияланған. Алаяқтық жолымен 288 млн теңге­ні жымқырып кеткеннен кейін еліміз­дің құқық қорғау органдары іздеп жүрген А.Смалбаеваны Өзбекстан тарапы ұстап берген еді.

Мемлекет басшы­сының тапсырмасы негізінде шетел­ден заң­­сыз шығарылған актив­терді қай­тару бойынша да кешен­ді жұ­мыс жүргізіліп келеді. Эко­но­ми­калық ресурстардың заң­сыз шоғырлануына қарсы іс-қи­мыл мәселелері жөніндегі ведом­ство­аралық комиссияға Бас прокурор басшылық етеді. Сонымен қатар қазіргі таңда Үкімет және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі қосым­ша шаралар кешенін қамтитын заң жобасын әзірлеп жатыр.