Аймақтар • 18 Қаңтар, 2023

Медеуде Анатолий Букреевтің мүсіні орнатылды

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Алматының Медеу шатқалында белгілі қазақстандық альпинист Анатолий Букреевке арналған мүсіннің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Медеуде Анатолий Букреевтің мүсіні орнатылды

Салтанатты рәсімге Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, мүсінші Нұрлан Далбай, альпинизмнен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, тәлімгер және Букреевтің досы Ерванд Ильинский, журналист және аты аңызға айналған альпинистің күнделіктеріне негізделген Букреев туралы «Над облаками» кітабының авторы Галина Муленкова қатысты.

Мүсіннің авторы – Нұрлан Далбай. Ол спортшыны құзға шығар алдында сәл демалып тұрған кейпінде бейнелеген. Мүсін Нұрлан Смағұлов қорының бастамасымен және қолдауымен орнатылды.

Анатолий Букреев - аты аңызға айналған қазақстандық альпинист, еңбек сіңірген спорт шебері.

Ол абсолюттік биіктігі 7000 метрден асатын шыңдарға 30 рет, 8000 метрден асатын шыңдарға 18 рет, Жер шарындағы ең биік 14 шыңның 11-іне, оның ішінде 8848 метрлік Джомолунгма шыңының өзіне 4 рет шыққан.

Анатолий Букреев 1997 жылы Непалдағы Аннапурнаға көтерілу кезінде қайтыс болды, ол 39 жаста еді.

1999 жылдан бастап Анатолий Букреевті еске алуға арналған Амангелді шыңына жүгірулер өткізіліп келеді.

Айта кету керек, бұл Нұрлан Смағұлов қоры қала тұрғындарына беретін үшінші мүсін. Меценаттың ойынша, қалада көрнекті алматылықтардың мүсіндер сериясы пайда болуы тиіс.