Павлодардағы «Ertis» музейіне барсаңыз, ежелгі әлемдегі жан-жануарлардың ортасына енгендей күй кешесіз. Мұнда жер бетінде сонау 225 млн жыл бұрын пайда болған динозаврлар мен қазіргі жануарлардың алғашқы ататектерінің қалдықтары сақталған. Әсіресе кіреберісте қасқайып қарсы алатын алып бұғының тұтас қаңқасы көрген адамды таңғалдырады.
– Мүйізі қарағайдың қисық бұтағындай керілген сүтқоректі жануардың сүйектері 1972 жылы қазіргі Аққулы ауданының Жамбыл ауылы маңында, Ертіс өзенінің жарынан табылыпты. Ғалымдардың айтуынша, жер бетінен көне заманда жойылып кеткен алып бұғы плейстоценде (палеолит пен мезолит кезеңі) және ерте голоценде (мұз дәуірі) тіршілік еткен. Тұрқының биіктігі – 2,5 метр, ал жалпы биіктігі 4-5 метрден асатын тіршілік иесінің салмағы шамамен 600-700 килограмм болған деп болжанады. Ертеде мұндай бұғылар Ертіс-Баян өңірінің жазық жерлерін, тоғай шетін, өзен жайылмасындағы, су айдындары маңындағы ылғалды шалғындарды мекендеген болуы керек. Себебі алып мүйізімен орман арасында тіршілік ету мүмкін емес еді, – дейді музей басшысы Гүлжайнат Әлиева.
– Қазақстанда ірі мүйізді бұғылар негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінен табылды. Ал мұндай бұғының толық қаңқалары әлемде 10-нан аспайды. Бізде тұрған қаңқа толық бір жануардың сүйектерінен тұрады, сонысымен ерекше. Мүйіздерінің салмағы шамамен 40 килограмдай болып қалар, – дейді музей директоры.
Ғалым Тілеукен Еңсебаевтың «Павлодар өңірінің тарихы туралы очерктер» кітабында мұндай алып бұғыларды ертеде «маралдар немесе асыл бұғылар» деп атаған делінеді. Ірі тұяқты жануардың тарам-тарам қос мүйізі болған. Ұрғашыларының мүйіздері тұқыл, құлақтары ұзын келеді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде алып бұғылар облыстағы Үрлітүп және Черноярка елді мекендерінің маңынан да табылған. Бұл сүтқоректілердің біздің заманымызға жеткен түрлері XVIII ғасырда Қазақстанның солтүстік, оңтүстік және шығыс өлкелерін мекен еткен. Кейін оны жергілікті аңшылардың тағылығынан жергілікті тұқымы жойылып, асыл бұғы тек Алтайдың, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының таулы ормандарында сақталып қалыпты.
ПАВЛОДАР