Альма-матер қабырғасында алғаш рет түлектердің «Самғау» форумы өтті. Негізгі мақсат – Назарбаев зияткерлік мектеп түлектерінің оқушыларға кәсіптік бағдар беруін қолдау. Түлектер мен оқушылар арасындағы бірегей диалог алаңына NIS Түлектер қауымдастығының бастамасымен 300-ден астам қатысушыларды жинады.
Аталған жиында 10-сынып оқушысы, форум спикерлерінің бірі Еркебұлан Миллат пен 2021 жылғы түлегі Әнуар Рысбек сөз сөйлеп, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
Бүгінде Әнуар – Мажарстанның Дебрецен университетінің авиация факультетінің 1-курс студенті. Ол өз сөзінде NIS қалыптастырған мультитаскинг, психоэмоционалды жағдайды бақылау, тайм-менеджмент сынды дағдылар университетте үздік студенттердің бірі болуына көмектескенін баса айтты.
2018 жылдың түлегі Антон Моргуновтың сөзі оқушылар арасында ерекше қызығушылық тудырды. Ол бірден АҚШ-тың бес үздік университетіне шақырту алған. Қазіргі уақытта MIT-тің (Массачусетс технологиялық институты) 4-курс студенті. Сондай-ақ ол Қазақстандағы мектеп оқушылары үшін тегін онлайн сабақтар өткізетін Beyond Curriculum білім беру онлайн платформасының негізін қалаушы.
«Самғау» форумының пайдасы зор. Бұл – таңдаулы университеттерге түсудің егжей-тегжейі, сондай-ақ мамандық таңдауда не нәрсеге назар аудару керектігі туралы білу мүмкіндігі. Мысалы, мені химикке математиканың терең құралдары қаншалықты қажет болатыны таң қалдырды», дейді А. Моргунов.
Жиын барысында әйгілі «Барқыт лигасына» енген Гарвард университетінің 2-курс студенті Сезім Ертанатов пайдалы кеңестерімен бөлісіп, әрбір оқушының «Гарвардқа қалай түсуге болады?» деген көкейіндегі сауалына жауап берді.
«Оқудағы жетістіктерім, көшбасшылық қасиеттерім, үлкен жұмыс қабілетім жоспарымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Гарвардқа түсу кездейсоқ жағдай емес, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Қол жетпес асу жоқ, арман болса орындалмайтын ешнәрсе жоқ», деп түйіндеді Сезім сөзін.
«NIS түлегі есімін алып жүру мен үшін үлкен мәртебе. Бүгін спикер ретінде сөз сөйлеп, тәжірибеммен бөлісудің бірегей мүмкіндігіне ие болдым. Мен – болашақ дипломатпын, ынтымақтастық, азаматтық жауапкершілік, қазақстандық патриотизм сияқты құндылықтар менде де, мамандығымда да орын таба алатыны сөзсіз», дейді 2021 жылдың түлегі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті Ажар Абитаева.
Форумның арнайы сессиясында зияткер оқушылар түлектерді өздерінің ғылыми, әлеуметтік, шығармашылық және IT жобаларымен таныстырды.
Жетісу облысы