Өнер • 18 Қаңтар, 2023

Таңдауы – ауыл тақырыбы

1006 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1994 жылдың қысы. Боран ауылының тас төбесіне табақтай болып, ай шыққан. Айнала Петербордың ақ түні секілді, күндізгідей жап-жарық. Арғы беттен бастау алатын Қара Ертістің аңғарындағы сыңсыған орманнан өзгеше рең, өзгеше бояу байқалады. Жағадан шамдары самаладай жарқыраған ауыл да ерекше көрінер еді. Бозарған аспанда жұлдыздардың жымыңдағаны қандай әдемі?! Биыл ғана оқуын аяқтап, ауылына оралған жас суретші Ержан Тұрғанбаев күнде қайталана бермейтін табиғаттың таңғажайып осынау құбылысын қалай да қағазға түсіріп алғысы келген.

Таңдауы – ауыл тақырыбы

Суреттерді түсірген автор

Не заматта Ержан дөңнің етек тұсындағы томарға жайғасып, этюд жазуға кірісті. Суретшіге тән сүйрік саусақтары қағаз бе­тін­де еркін ойнақтайды. Әуелде шат­пақтата бастаған суреті штрих түскен сайын көз тарта баста­ды. Айлы түндегі ауыл көрінісі кә­дім­гідей жанданды. Бұл түні Ертіс жағасынан бір емес, бірнеше этюд жазды. 

1

Ержан Тұрғанбаев кәсіби суретші болуы үшін Алматыға не­ше барып, оқуға тапсырған. Бәрі сәтсіз аяқталды. Сәтсіздік білім­сіздіктен немесе өнерінің пісіп, же­тілмегендігінен емес, талантты баланың танысы жоқ еді. Әйтпесе, төртінші, бесінші сыныптан бастап суретке қызыға бастаған. Қызы­ғып жүріп, газеттің маңдайшасын­да­­ғы елтаңба іспетті белгіні бояп отырып, анасынан ұрыс естігені де бар. Бірақ баласының бетін қақпады. Керек-жарақ қарындаштарын сатып алып беріп отырды. Бір күні кешкілік көршісі ауырып, үйіне Ержанның анасын шақыртқан. Анасы Күләш Мұқажанқызы ­ауылда білікті дәрігер еді. Кешкі шақыртуларға үнемі ұлын ертіп алып жүретін. Ес қой. Көрші үйге кірсе, сол үйдің баласы контуры сызылған дайын суреттерді бояп отыр екен. Анасы төргі бөлмеден шыққанша, қызыға қарап отырды. Сол күннен бастап, суретке шындап ден қойды. Оқулықтардағы ақын-жазушылардың портретте­рін көшіріп салып, сыныптас­та­ры­ның, мұғалімдердің көзіне түсті. Бесінші сыныпты тәмам­­дай сала, Алматыдағы суретшілер училищесіне барып, кәсіби шеберлерге жұмыстарын көрсет­кен. Мақтау естіп, марқайған. Салихитдин Айтбаев, Гүлфайруз Ысмаилова сынды қылқалам ­ше­­берлері шыққан училищені ­аралады, қабырғалардағы картина­ларды көріп, армандады. 

вф 

Алматыдан ауылына келе сала бейнелеу өнеріне қатысты кітап, журнал жинауды әдет­ке айналдырды. Оқыды. Үй­ренді. Әсіре­се, Третьяков гале­рея­сының жур­налын жата-жас­­тана кемірді. ­Ауыл баласы ауыл тақырыбында ­жаза­тын Н.Крымовтың суреттеріне қат­ты қызықты. Еліктеді. 

Сегізінші сыныптан кейін Н.Го­голь атындағы суретшілер учи­­ли­ще­сіне барса, шұбырған бала. Бірінші күні сурет және кескін­демеден, екінші күні композициядан сынақ тапсыр­ған. Алайда композициядан өте алмай, ауылына қайтты.

Ойынан айнымаған бала келер жылы Алматыға тағы барды. Ол кезде басшылардың бірі 2000 сом берсе, оқуға сөзсіз түсетінін ашық айтып, тауын шаққан. 10 сы­ныптан соң барғанда «әскер­ге алып кетеді» деп тағы ұшырды. Амалы қалмаған Ержан Абай атындағы Қазақ педагогика­лық институтының көркемсурет және графика факультетіне тапсырып көреді. Өкініштісі, бұл жолы да конкурстан өте алмады.

ыфф

Алматыдан күдер үзген ол ке­лер жылы көктемде Семей педа­гогикалық институтына барып, көр­кемсурет факультетіне оқуға түсті. Бала арманы сонда орын­далды. Нағыз шығармашы­лық ор­тада еркін көсілді. Уни­верситеттен соң Жүргенов ака­­де­мия­сына тапсырғысы келген. Бірақ қарындастары, бауыры оқу оқи­ды. Бәрін бірдей оқытуға әке-ше­ше­нің шамасы жете ме?! Мұны ұққан Ержан ауылдағы ата-анасының қасында болайын деп ұйғар­ған. Сөйтіп, ауылдағы мектепке мұға­лімдік етті.

2023 жыл. Қаңтар. Боранды күні Бораннан шыққан суретші Ержан Тұрғанбаевтың шеберханасына бет бұрғам. Қазір Өскеменде тұрады. Шеберханасы өз үйінің бір бөлмесі. Үйінің өзі галерея. Біле білсек, суретші шеберханасы – қаланың ығы-жығы тіршілігін, тау­сылып бітпес проблемаларды бір сәтке ұмыттырып, ми ты­нық­тыратын орын. Кейінгі жыл­дары «Арттерапия» секілді ша­ғын шеберханалардың ашылып жат­қаны да сол ғой. Е.Тұрғанбаев­тың шеберханасы тау бөктеріндегі еңселі үйінің үстіңгі қабатында. Рас, аурасы бөлек, жанға жайлы. Кең, жарық. Іші толған картина. Сонау бала күнінен салған суреттерінен бастап, кәсіби суретшілікке дейінгі полотнолары сөрелерде тізіліп тұр. Мыңдаған жұмыс. Журналист ке­леді деп, біраз суреттерді іріктеп, бері шығарып қойыпты.

– Мынау өзіміздің Боран ­ауылы, – деп жұқа тақтайшаға салын­ған картинаны қабырғаға сүйеді. Көз алмай қарадым. Сызылып Қара Ертіс ағып жатыр. Көкжиектен жайдақ жота мұнартады. Өзен аңғары орман. Бергі планда дала­ның айбақ-сайбақ жолы.

– Қай жылы жазғаным есімде жоқ. Әйтеуір ауылды төңірек­тей жүріп этюд жаза бере-тұғым. Мен неге ауыл тақырыбын таңда­дым. Біріншіден, Н.Крымовтың суреттеріне қызықтым. Еліктеу болды. Екіншіден, ауыл көрі­ністерін кенепке түсіріп алып қал­ғым келген. Жүз жылдан соң бұл ауылдар өзгеріп кетеді деп ойладым. Жүз жыл емес, отыз жыл өтпей жатып, ауылдардың кейіп-кеспірі кетті. Марқакөл жақ қаңырап бос қалып барады. Осы картиналарыма қарап отырып, сол кездегі азан-қазан болып жатқан ауылдарды сағынамын, – дейді суретші.

Иә, Е.Тұрғанбаевтың тақы­рыбы – ауыл. Кейінгі жылдары Бораннан қаланың іргесіндегі Мамай батыр ауылына көшіп келген. Сол жыл­дары Ұлан ауданының да біраз ауылдарын кенепке түсірді. Қар бас­қан шатырлар, мұржадан шық­қан түтін, қора-қопсы... Бәрі-бәрі Ер­жан­ның жанына жақын. Жо-жоқ, қазаққа жақын тақырып. Суретші ауыл көрінісін көшіріп сала сал­майды, ұлттық колорит қосады.

Көп суреттің арасынан абстрак­­циялық картиналарын да көзі­міз шалды. Баяғыда атақ­ты бір суретшінің осы секілді суретін көріп, «мұндай суретті балабақшадағы бала салады ғой» деп шамдандырғанымыз бар. Сөйтсек, шимай суретті оқу керек екен. Ержан Сабырбекұлының айтуынша, мұндай суреттен көңіл күйді, суретшінің толғанысын көруге болады. Мысалы, компо­зитордың әндері жүректен шығады. Ырғағы әртүрлі. Суретші де кенепке бояуды еркін жаққанда, түстердің ырғағын көруге болады. Кенеп бетіне түскен ойнақы бояудан суретшінің ішкі жан дүниесі сезіледі. «Суретші көргенін емес, сезгенін салады» деген сол шығар. Байқадық, Ержан Тұрғанбаевтың жүрегі қазақ деп, ауыл деп соғады. Ендігі ойы – сексенінші жылдардан бері жазған картиналарын жинақтап, үлкен көрме өткізу.

 

Шығыс Қазақстан облысы