Біз – «соғыстан соң туғандар» дейтін буынның өкіліміз. Өз тағдыры, ел есінде қалар өз жолы, өз сорабы бар, әсірелеп айтар болсақ, бесікте жатып соғыстан қайтқан әкелердің ерлік туралы әні мен әңгімесін естіп жетілгендерміз...
Сол майдангер әкелердің қаны мен жанынан, рухы мен тәнінен жаралған, соғыс ақиқаты мен майдан өмірінің сұрапыл беттері, соғыстан кейінгі ауыл өмірі сәби санамызға, нәресте жүрегімізге сол кісілердің бойы арқылы дарып, ойы арқылы сіңген...
Мен білетін ел ағасы – Қазтай Ұлтарақов сондай елін, жерін сағынып, майдан даласынан аман оралған рухы мықты, ұлтжанды әкелердің, ардақты ағалардың, тамыры терең, тағдырлы тұлғалардың бірі еді.
Жаратылысынан қағылез ойлы, қайсар жан соғысқа он жетіге толар-толмас жасында өз еркімен аттанады. 1942 жылы кіші командирлер дайындайтын арнаулы Чкалов полк мектебінде оқып, қан майданның төрінен бір-ақ шығады. Смоленск, Калинин бағытындағы шайқастарға қатысады. 1943 жылдың наурызында қатты жарақаттанып, ұзақ жатып, емделеді. Елге қайтарылады. Бір қолын зұлмат қырғынның қанды қасабына беріп, өзі туған Жетісу жерінің ең бір табиғаты сұлу Аспантаулар өңіріне келген, жасы небәрі 21-ден асар-аспас кезеңдегі өмір көрген, қан кешіп, ажалмен сан беттескен, жерүсті тіршілігінің қадір-қасиетін бар болмысымен сезінетін жас адам еңбек майданына ойланып, толғанбай бірден араласады.
Өзі туған Саты ұжымшарында есепші болып еңбек жолын бастайды.
Бұл – 1943 жылдың жазы.
Ол 1949-1957 жылдар аралығында Саты ұжымшарының басқарма төрағасы болады.
Жаны табиғатқа жақын, тумысынан еңбекқор жанның соғыс тауқыметін тартқан ауылдың отымен кіріп, күлімен шығып жүріп жасаған еңбегін ел-жұрт әлі күнге аңыз етіп айтады. Бір шеті атақты Асы жайлауына алып барар Жіңішке, Далашықтың сұлулығына көз тоймас, бір шеті Үш Меркі мен Жалаңаштың жан-жүрегіңді баурап әкетер көрінісіне жалғасар, Саты мен Күрметінің басындағы сымбатына сөз жетпес, ару қыздың мөлдіреген көз жасындай тұнған аяулы Көлсайдың жағасын кезіп, туған ауылының тұрмысын жолға қойған жас басшының сирек бітер алғырлығы болмаса, Саты ауылының тағдыры қалай болар еді?!
Қайран ағаларым-ай! Екі заман арасына дәнекер болып жүріп, елі үшін аянбай еңбек еткен Қазтай ағаның сол ерен істерінің көзіндей болған Саты ауылындағы әлі күн иығын уақытқа бермей, еңсе тіктеп тұрған ескі үйлерді көргенде іштей еріксіз риза боласыз... Бірде атқа қонып, сонау қырғыздың қараңғы қолтықтарына дейін аралап, ұжымшардың аман қалған аз малына қолайлы жайылым іздесе, бірде ел тілегін арқалап, жаяу-жалпылап жүріп, жетімдер мен жесірлердің көңілін аулаған, еңбек майданына жеге білген ағаның қайсар жүзі көз алдыма елестейді.
Қазтай аға, Қазтай аға сынды шағын ауылдардың қысқа қолын ұзартып, аузын аққа іліктірген қоғамшыл, көпшіл, табанды басшы болған ағалар елестейді...
«Сол қолды соғысқа беріп едім, Отан үшін қан төгіп едім», деген кіріптар сөздердің бірде-бірін аузына алмай, «етігімен су кеше жүріп» ел басқарған ағаның аты соғыстан кейінгі жылдарда есін енді-енді жинай бастаған Кеген, Нарынқол, Шонжы секілді іргелес ауыл-аймақтарға тез тарайды... Біреуі – ерте, біреуі соғыс майданынан кеш оралған ер-азаматтардың үстерінен сары гимнастеркасын тастап үлгермей, ел ісіне қызу араласып кеткен жылдар ел-елде, жер-жерде әр аймақтың өз басшыларын, тұлғалы азаматтарын сомдады.
Нұрмамбетұлы Қазтай дейтін алғыр ойлы жас жігіт сол тұста алдан көрінген, ақылы мен ісі көптің көңілінен шыққандардың бірі болды. Елі-жұртына аға бола білген жас басшы ауылда, ауданда әртүрлі басшылық қызметтер атқарды... Алматы секілді астаналық облыстың әлденеше ауданын басқарған, облыста Асанбай Асқаров секілді білікті басшы, беделді мемлекет және қоғам қайраткерімен қатар жүріп, қызмет еткен жылдар Қазтай Ұлтарақовты үлкен ұйымдастырушы, өз ісінің шебері, халыққа жақын басшы ретінде танытты. Алтай мен Атырау арасынан келіп, астаналық облыстың өзгеріс, жаңалықтарымен танысып, тәжірибе алмасу ісі де жан-жақты жүрді. Тың және тыңайған жерлерді игеру дейтін үлкен науқанмен тұспа-тұс келген бұл жылдар Алматы облысының да қолтық жайып, көсілуіне мол мүмкіндік берді.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», дейтін ұлы қағидаға сөзі мен ісін байлап өскен Қазтай ағаның қайда жүрсе де, қандай қызмет істесе де ойын тура айтар мінезі мен табандылығы, ауыл шаруашылығының жай-жапсарын мықты білетін кәсібилік қабілет-қарымының кеңдігі мен тереңдігі сол тұста облыс, республика деңгейінде аса жоғары бағаланып, орден, медальдармен марапатталғаны елге белгілі.
Қазтай Ұлтарақов – сол уақыт таңдауы мен табиғи сұрыптаудан жаңылмай өткен, еліне алғаусыз, адал қызмет еткен, кесек мінезді, кең бітімді жандардың бірі еді.
Бұлай деуімнің сыры бар, жөні де бар.
Халық жады – қатал сыншы.
Осыдан біраз жыл бұрын марқұм ағамыз Балғабек Қыдырбекұлы дейтін қабырғалы қаламгер, үлкен журналист, ойын тура айтатын Алаш жұртының алғыр ойлы перзентінің мына бір сөзі есіме түсіп отыр.
– Нұрлан, сенің Қазтай ағаңның жалғыз қолмен аңды қалай ататынын көрдің бе? – деді төтеден сұрақ қойып.
– Естуім бар...
– Көруің керек еді... Қазақ «құралайды көзге атқан» дегенді осы Қазтай ағаларың секілділерді көргенде айтқан болуы тиіс... Жә... Айтайын дегенім Қазтай екеуміз сендердің Тәңіртауларыңды аралап қайттық. Армансыз... «Өрге салса, төске озар» нағыздың өзі! Жүйрік. Тау-тасты аралағанда жеткізбейді. Әңгімешіл. Мен білмейтін көп әңгіме естідім. Көлсайға барып, бабам Қарасайдың ізі жатқан жерді иіскеп қайттым... Сенің ауылың Шалкөде мен Айғайтасқа жете алмадық...
– Келесі жаз Қазтай аға екеуіңізді алып, бірге барып қайтайық, – дедім.
– Бұйырса!
Өкінішке қарай, сол әңгімеден соң бір жетідей өтер-өтпес уақыт ішінде, ойда-жоқта Балғабек ағадан көз жазып қалдық. Ағамен бірге Шалкөдеге бару бұйырмады.
Мұны айтып отырғаным Қазтай аға өзі туған өлке туралы ел аузында сақталған әңгімелерді көп білетін. Аспантаулардың әр тасына, әр жыра- сайына дейін білетін. Ол ел мен елді жалғаған, уақыт пен уақытты сабақтастырған тарихи оқиғаларды әңгімелегенде қанаттанып кетуші еді.
Сол әңгімелерінің негізін құрап, кейін кітап та шығарды. Ол кітаптарға енген танымдық сипаттағы этнографиялық хикаялар мен эсселерді бей-жай оқу мүмкін емес. Өйткені, ол жазбаларда заманын терең талдап түсінуге ұмтылған үлкен жүректі ел азаматының жүрек соғысы, ой парасаты бар. Жазбаларды оқып отырып, елді, жерді тануға себі тиер, уақыт қиындығы мен мінезін талдауға көмек қолын берер шындықтармен, ақиқаттармен тілдескендей, жүздескендей боласың.
Мысалы, мен «Қилы заман» романының қалай жазылғаны жайлы ел аузындағы әңгіменің желісін бұлжытпай өрген бір шындықты осы Қазтай Ұлтарақов жазбаларынан оқыдым. Оқып отырып, шаруашылықта жүрген адамның әдеби сауаттылығына, баяндау үлгісінің жетістігіне сүйсінгенімді жасырмаймын.
– Сенің пьесаң маған ұнады. Көрдім... Көзіме жас алып отырып, спектакльден кеудем қарс айырылып шықтым. Әуезов шығармасынан өткір, ұтқыр диалогтар жасай білгеніңе қуандым... Мұхаң ұлы жазушы ғой. Осы дүниені жазуға отырғанда отыз-ақ жаста екен... Менің кітабымды оқысаң, суреткердің сонда «Қилы заманға» қалай барғаны, кімдердің көмектескені жайлы шамам жеткенше жаздым. Сен оны жазушының жазғаны емес, ел мен жерді тануға күш салған қарапайым қазақтың жазбасы, деп қара, – деп еді аға сол жолы.
Тағы бір әңгімесіндегі Қаныш Сәтбаевпен болған кездесуін оқып отырып, риза болғаным есімде. «Әңгімеңіз маған ұнады», дегенімде, ол кісі сөзіме түзету жасап: «Жазбаңыз» деп айт», деп ақсия күлген болатын.
Шынында да ұлы ғалымның Кеген ауданына барған елуінші жылдардағы сол сапарында айтылған мына бір екі жағдай берісі Жетісу, әрісі Қазақ елінің тарихына, ғылыми өміріне, экономикалық қуатына қатысты құнды дерек екені шүбәсіз еді.
Әңгіме жадымда қайыра жаңғырып отыр.
«...Облыстан тапсырма алынды. Қаныш ағаны күтіп алып, елмен таныстыру, аралату міндетін аудан маған тапсырды. Кере қарыс маңдайлы, кең иықты әдемі кісі екен. Көп біледі. Айта да біледі. Тыңдай да біледі. Мұхтар Әуезовтің ізімен жүрдік. Кегеннің оңтүстік шығысында жатқан Маруся тауын бетке алдық. Шөладырдың етегінде жатқан Құмтекейге бұрылдық. Қанекең:
– Жарықтық неткен әсем жер! Ілияс пен Мұхтардың қаламын қозғайтындай-ақ сұлулық қой! – деді. Деді де маған бұрылып:
– Мына Құмтекейдің астында Қазақ мемлекетінің негізін қалауға үлесін қосқан Үйсін ұлысының тарихы бар. Қытай жазбаларында сақталған Шығу дейтін астана жатыр, – деді – Біздің дәуірімізден бұрын өмір сүрген бабаларымыздың аруағы риза болсынды сөзбен емес, іспен, ғылыми негізде айтар кезең келеді әлі... – деді. Ғалымның айтқанына таңырқап, үнсіз тұрмын. Ол кісі:
– Бұйырса, алдағы жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін топ жібереміз, – деді.
Маған Қаныш аға айтқан әңгіме қиял-ғажайып ертегі секілді көрінді.
Сонан соң Шөладырды бөктерлеп, Ереуілтөбені бетке алдық. Мыңжылқыға жетіп, аруақтарға тәу еттік. Қарқараның басындағы қаз-қатар тізіле жайғасқан обаларға қарап тұрып: «Үйсін патшаларының сүйегі жатқан ұлы зираттар» деді. Су жағасынан ұзаңқырап барып, саздауыт жерге тоқтадық. Қанекең аттан түсіп, сазды қолымен шұқып-шұқып, бір уыс балшық алды да иіскеді. Қайыра иіскеді.
– Мұнай! Мына арада мұнай бар... – деді.
Келесі жылы Қаныш Сәтбаевтың тапсыруымен екі ғылыми топ келді. Бірі Құмтекейде қазба жұмыстарын бастады. Екіншісі – Иірсуға барар жолдағы сазға бұрғы салған геологиялық барлау тобы. Археологтар жаз бойы жұмыс жасады. Суық күзде қайтты. Геологиялық барлау тобының жұмысы көп ұзамай нәтижесін берді. Шынында да, Тәңіртаудың қақ төріндегі көз сұғын алар сұлу өңірден атқақтап мұнай шықты. Үкімет шешімімен мұнай көзі бітеліп, жабылды. Шамасы Іле аймағындағы аса бай мұнай қорының көзі болып, тіркелді...» дейтін аға әңгімесі менің көкірегімде күні кешегідей сайрап тұр.
Иә. Мұның бәрі кейінгі жылдардың, еліне аға болған ардақты жанның жасы сексенге тақағандағы өмірі мен зейнеткерлік ғұмырының үзіктері. Мұндай өрісі кең, өркенді оқиғалардың ішінде жүріп, қайғысы мен қуанышы, қасыреті мен шаттығы қатар өрілген жиырмасыншы ғасырдың тау бітімді тұлғалары жайлы көп айтуға болады. Қазтай ағаны айтқанда менің есіме Аспантаулардың асыл перзенттері болған ардақты ағалар: жиырмасыншы ғасырдың ұлы оқиғаларының куәсі болған көрнекті мемлекет қайраткерлері – Нұрбапа Өмірзақов, Ыдырыс Көшкінов, Ораз Жандосовпен Қарқара, Кеген, Қырғызсай, Нарынқол өңірлерінде қызметтес болған Әубәкір Жүнісов, Айтжан Түркебаев, Мырқасым Серікбаев, Рақымжан Қилыбаев, Инаш Шорманов, Нұрахмет Малыбаев, Сүлеймен Аралбаев секілді ел ағалары; сондай-ақ, қиын кездерде жұртқа ақылшы болған Еркебұлан Нысанбаев, Сәрсенбай Байғұлов, Күрішбек Көжекбаев, Сейдін Сатаев, Кәрібай Мерекеев есімдері тіл ұшына оралады. Аспантаулар өңірінен Алматыға алғаш ат ізін салған үлкен ғалым, белгілі ел ағасы – Дәулетияр Әлімжанов, екі ай бойы Шалкөденің төріне Шошқалының аузына екі үйін жарыстыра тігіп, бие байлап, қымызын сапырып отыратын Еңбек Ері Әшімбаев Нүсекең, Мұқағали мен Еркінді, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқаев, Айтақын Әбдіқаловты баулыған Әлнұр Мейірбеков, үстіміздегі жылы исі қазақ 90 жылдығын атағалы отырған қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев, қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев, еліне еңбектері өтіп, жұртына ақылшы болған Құсайын Бижанов, Сейдәлім Тәнекеев, Заманбек Батталханов, Әріпбай Алыбаев, Молдан Әлдербаев, Сәдуақас Серкебаев, Айтақын Алпысбаев, Құрман Қожахметов, Үмбетжан Нұрғазиев, Әзтай Ерсалиев, Ұзақ Таубалдин, Сағыныш Есбергенов секілді ел ағалары; сондай-ақ, көрнекті журналист Ұзақ Бағаев, Тельман Жанұзақов, Ұлттық ғылым академиясының академиктері – Ақай Нүсіпбеков, Кеңес Нұрпейісов, Едіге Түркебаев, Телғожа Жанұзақов пен Мәкен Молдабаев, ғалым Тәліп Мұсақұлов, Байзақ Қожабеков, белгілі ақын Нүсіпбек Исахметов, археолог-тарихшылар Сәйден Жолдасбаев, Кеңес Қожахметов, Карл Байпақов еріксіз еске түседі... О дүниелік болғандарына үнсіз зиярат жасап, дүние қызығын бөлісіп, қатарымызда жүргендеріне Алла өмір берсін айтасың іштей. Өйткені, бұл кісілер – бірі әке, бірі аға бола жүріп, біздің қалыптасуымызға ықпал еткен, тәрбие берген толқынның өкілдері.
Әкем Мырқасым соғысқа қатысып, Сталинград түбіндегі шайқасты көрген, Орел – Курск иінінде ауыр жарақат алып, елге оралып, ұстаз болып қызмет етіп, өмірден ерте озған осы буынның өкілі болғандықтан ба, өз басым осы бір ақ жағаларына кір қондырмай, барын халыққа арнауға ұмтылған мемлекетшіл, қоғамшыл буынға – ардақты ел ағаларына үлкен құрметпен қараймын.
Жас кезде, бойымызды өлең-жырдың оты өлшеусіз билеп, әлемнің тізгіні тек әдебиеттің қолында дейтін максимализмнің құрсауында жүргенде аға буынмен араласуға мүмкіндік болмады. Араласа қоюға жағдайдың болмағаны да рас... Біз – көппіз, олар – аз. Бірен-саранымызды партия, совет қызметіне тартқанымен, көбімізге сақтана қарағаны, бойымыздағы «алпыс ақын, сексен бақсыдан» қалған дүмпуден өздерін алысырақ ұстағандары да шын. Партиялық тәртіптің қатал дәуірі. Ол үшін ешкімді айыптауға болмайды... Қатал, қатыгез дәуірдің әлгіндей аяусыз сүзгісінен өткен заманның басшыларына құрметпен қараудың еш әбестігі жоқ. Оларды әділдік пен адалдықты, еңбекқорлық пен табандылықты, қоғамшылдық пен мемлекетшілдікті ту етіп ұстағандары үшін-ақ сыйлауға тиіспіз.
Мен кезінде, қазақы ұғыммен айтқанда, ана қоғамның «ауыздарымен құс тістеген» біраз басшыларымен ол кісілер зейнетке шығып, қоғам ауысып, заман астын-үстін болып жатқан сексенінші жылдардың екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдардың басында танысып, көбімен қойын-қолтық араластым. Реті солай болды...
Қазтай ағамен танысуым да сол кез. Ол өмірде қызық адам еді. Бір көрген жанға өңі суық, қаталдау болып тұратын. Онысын көп жылдық басшылық қызметтегі қалыптасқан мінезі деп те, туабітті жаратылысы деп те жоруға болады. Шамасы екеуі де болуы тиіс... Біреуге ренжісе, бетің бар, жүзің бар демей, таусыла ренжитін. Ойын тура айтатын. Риза болса, таусыла күлетін. Ондайда әлгі жүзіндегі қаталдық ізі атымен жойылып, ақсия күлетін...
Мен көрген Қазтай аға шаруашылықтың ғана адамы емес, үлкен парасаттың да иесі болатын. Көп оқитын. Оқығаны туралы аса ұстамды сөйлей отырып, талдағанды, саралағанды ұнататын. Жалпы, осы ағалар буынының бір артықшылығы шеттерінен білімдар, шеттерінен шешен еді... «Ескінің соңы, жаңаның басы» еді ғой, шіркіндер?!
Қазтай аға – өз буынының, өз қатарының ішіндегі өз жолын, өз жөнін білетін сирек жан болатын. Ол – қазақ дейтін халықтың тұтастығы туралы сөзі аузынан еш түспейтін, туған елімен, тұғырлы жұртымен байланысын әлсіретпей өмір сүрген тамырын тереңнен тартқан тұлға еді...
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.