Экономика • 18 Қаңтар, 2023

Осы жылы қаперде ұстайтын тәуекелдер

183 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Негізінен импорттаушы ел екенімізді ескерсек, бізге азық-түлік пен тұтыну өнімдерінің жаңа көзін табу тиімді болмақ. Егер өндірісті өзімізде өрістете алсақ, тіпті жақсы. Сонымен қатар шикізатымызды тасымалдайтын жаңа бағыттардың керек екенін 2022 жыл жақсылап түсіндіріп бергендей. Осы орайда 2022 жылдың 5 негізгі экономикалық оқиғасын айқындап, биылғы тәуекелдерді тізбелеген «Jusan Analytics» сарапшыларының шолуын ұсынамыз.

Осы жылы қаперде ұстайтын тәуекелдер

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Инфляция

2022 жылы инфляция 40 жыл­дық үзілістен кейін ғалам­дық экономикалық өрлеудің бас­ты жауына айналды. АҚШ-та, еуроаймақта және Ұлы­бри­танияда бағалардың өсімі 10 пайызға жетті. Дамыған ел­дердің бүкіл бір буыны өздерінің еңбек жолында тұңғыш рет өмір сүрудің мұншалықты қым­бат­тап кетуіне алаңдай бас­та­ды. Үкіметтер әдеттен тыс төтен­ше шаралар қабылдауға мәж­бүр болды. АҚШ-та бағаны түсіру мақсатында мұнайдың стратегиялық қорының бір бөлігі нарыққа шығарылды. Еуропада электр қуатының қымбаттауы­на байланысты тұрғындарға көмек­қаржы беріле бастады. Мақсат – шығындары көбейіп жатқан тұрғындарға көмек көрсету. Орталық банктер де инфляциямен күресуге атсалысуда: олар соңғы жиырма жылда пайыздық мөлшерлемелерді бүкіл әлем болып бір мезгілде өсірді.

Қазақстанда жоғары инфляция және жергілікті жерлер­де бағалардың күрт өсуі қалып­ты ахуал екені белгілі. Бірақ со­ның өзінде еліміз ерекше жағ­дайға тап болды. Ішкі құры­лым­дық мәселелерге енді ға­лам­дық инфляциялық үрдіс келіп қосылды. Соның салдары­нан бағалар соңғы 22 жыл ішін­де шарықтау шегіне жетіп, жыл қорытындысы бойынша 20 па­йыздық межеден асып кетті. 2022 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі экономиканың көмескі өсімі­нің қысымына төтеп беріп, сая­сатта инф­ляцияға қарсы ұста­ны­мын сақ­тап қалды. Алайда фис­калды бағ­дар­ламалар көптеп қа­был­данып, несиелер бойынша па­йыздық мөлшерлемелер қара­жат­тандырылып жатса да, жалпы инфляциялық ахуал сақталуда.

Жағымсыз жаңалық: Инф­ля­­ция­ның жалпы деңгейі тө­мен­дей бастаса да, 2022 жылғы жоғары бағалар әлем­нің көп­теген елі үшін 2023 жылы реце­с­сия­ның басталуына түрткі болуы ықти­мал. Инфляцияға қарсы үйлестіріл­ген ғаламдық саясаттың жағымсыз әсері болмай қоймайды: инвестиция жылыстап, дамушы елдердің валюталарына қысым күшейеді, сондай-ақ мемлекеттік қарыздың өңірлік дағдарысының күшею қаупі едәуір артады.

Жағымды жаңалық: Эконо­мистер инфляциядан қауіптену және оның алдын алу бойынша тиісті сабақ алды.

2023 жылы нені қаперде ұстау керек? Қазақстанда «Экономикалық өсім маңызды ма, әлде инфляцияны бақылауда ұстау маңызды ма?» деген тақырыпта тағы да пікірталас күшеюі мүмкін. Егер біріншісі жеңсе, түркиялық сценарийге алғашқы қадам жасалады деген сөз. Яғни инфляция өршіп, жаппай құнсыздану етек алады және орта мерзімді келешекте ауқымды рецессия орын алады.

 

Логистикалық үзілістер

Былтыр еліміздің геогра­фиялық орналасуының басты әлсіздіктері білініп қалды. Қазақ­стан теңізге шығар жолы жоқ әлемдегі ең үлкен экономика – Еуразия құрлығының ортасында оқшауланып қалу қаупіне тап болды. Батыстағы инфрақұрылымдық дәліздерде іркілістер пайда бола бастады. Олардың басым бөлігі кеңес заманында салынған болатын және Ресей аумағы арқылы өтеді. Логистикалық мәселелер сыртқы сауда айналымының шамамен 70 пайызға жуығын шарпы­ды. КҚК құбыр желісінің өткізу мүмкіндігі үш рет шектелді. Соның салдарынан қазақстандық мұнайдың 80 пайызын экспортқа шығару мәселесі туындады. Аралық және дайын  өнімдерді импорттау мерзімі бірнеше есеге өсті. Бұл ішкі бағаларға әсер етіп, өндірушілердің жұмысын қиындатып жіберді. Айталық, Макдональдс өзінің қызметін уақытша тоқтатты. Өйткені өзінің желілерін жартылай фабрикаттармен жеткілікті қамтамасыз етудің тиімді логистикалық жолдарын таппады.

Жағымсыз жаңалық: Жуық арада логистикалық жағдайды түбегейлі жақсартып, сыртқы көлік дәліздерін әртараптандыру мүмкін болмауы ықтимал.

Жағымды жаңалық: Им­порт­­тық тауарлардың қым­бат­тауы және оларды жеткізу мер­зімінің ұзартылуы ішкі өн­діру­шілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.

2023 жылы нені басты назарда ұстау керек? Сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыру стратегиясының қалай жасала­тындығы тәуекелдерді төмендете ала ма? Қазақстанның BRI (Belt and Road Initiative) жобасына қосылу барысында Қытайға мүл­дем тәуелді болып қалу-қалмауы.

 

Экономиканың дамымай қалуы

2022 жылы отандық экономика алда үлкен өзгерістер болатындығы туралы белгі берген секілді. Жыл басындағы белсенді, сергек басталым, мұнай-газ саласында мәселелер туындаған сайын көмескілене бастады. ІЖӨ-нің тоқсандық өсу қарқыны 2022 жылдың I тоқсанында 4,6 пайыздан, II тоқсанда 2,4 пайызға және III тоқсанда 1,9 пайызға дейін біртіндеп төмендеді. Біздің бағалауымызша, соңғы жылдары отандық экономика өсімінің негізгі көздерінің бірі – тұтынушылық несие беру сарқыла бастады. 2022 жыл­дың алғашқы жартыжылдығында жеке тұлғаларға несие беру нақ­ты 30 пайыз­ға өсті. Бірақ соған қара­мастан үй ша­руа­шы­лық­та­рының тұтынуы керісін­ше төмен­деді. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіштер бір-біріне ты­ғыз бай­ла­нысты болды. Өмір сүру баға­сының артуы әсіресе, негіз­гі азық-түлік тауарларының қым­бат­­тауы борышты өтеуге қыз­мет көр­­сету мүмкіндігін төмен­­детті. Жаңа несиелердің басым бөлігі ес­кі несиелерді өтеу­ге жұм­салып жа­туы әбден мүм­кін. Өйт­кені олар­­дың жалпы экономи­калық белсен­ділікке әсері болмай жатыр.

Жағымсыз жаңалық: Соңғы 5 жылда үй шаруашылықтарының жиынтық шығындары табыстарды басып озуда. Бір жыл ішіндегі алшақтық 2 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейін барады. «Қатты қону» жағдайында несие беруді тоқтату және делеверидж ішкі сұранысты 4-6 трлн теңгеге азайтады. Бұл ІЖӨ-нің 5-7 пайызын құрайды.

Жағымды жаңалық: Қызуы артқан тұтынушылық нарық суына бастайды. Бұл инфляция­лық қысымның төмен­дегенін, импорттың өсімінің бәсең­дегенін және девальвациялық үрдістен кете бастағандықты білдіреді.

2023 жылы нені қаперде ұстау керек? Ел экономикасында сапалы құ­рылымдық өзгеріс орын алып, ол тұты­нудан ақша жинауға және инвестицияға ойыса ма? Мұның басты индикаторы – жеке және заңды тұлғалардың кредиттік портфельдерінің өзара арақатынасы.

 

Көші-қон дүрбелеңі

2022 жылдың қыркүйегінде бұ­қаралық ақпарат құралдарында ресей­ліктердің жаппай Қазақ­стан­ға келе бастағаны туралы ақпа­раттар қаптап кетті. Әлеу­мет­тік желілерде шекара­лық өткізу бекеттерінде және халық­­қа қызмет көрсету орталық­тарында ұзын-сонар кезектерге қатысты фото және бейне көріністер шығып жатты. Мұның барлығы халықтардың «Ұлы қоныс аударуын» елестеткендей болды. Осы кезеңде осындай үдерістерді бастан кешкен Армения мен Грузияда айтар­лықтай экономикалық серпіліс орын алды. Бұл елдерде ІЖӨ сәй­кесінше 10 пайыз және 12 па­йызға дейін өсті. Алайда екінші жағы­нан мұның әсіресе, жылжымай­тын мүлік нарығында  жағым­сыз әсері болды. Қазақ­станда ақпараттық шуды есептемегенде, экономикалық белсенділікте анау айтқандай өзгеріс бола қойған жоқ.

Жағымсыз жаңалық: Оң экономи­калық өзгеріс байқал­мады, есесіне жағымсыз жайт айқын көрініс берді: жергілікті нарық – тұтыну мен жылжымайтын мүлік нарығы қыза бастады: бағалар күрт өсіп кетті.

Жағымды жаңалық: Жоғары білікті мигранттардың келуі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.

2023 жылы нені басты назарда ұстау керек? Жағымсыз әсерлер оң экономи­калық серпіліске айналады ма?

 

Ipo-ны қайта жандандыру

2022 жылы мемлекеттік компа­ния­лардың IPO-ға шығуы қайта жандана бастады. Бұл жолы мемлекеттің ең ірі және анағұрлым табысты активі «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары ұсынылды. Бұл IPO адамдардың отан­дық баға­лы қағаздар нарығына тартылуын арттыра түсті. Айталық, қосалқы шоттардың саны 2,4 есе өсті. Қазіргі уақытта ҚМГ ак­цияларының өтімділігі басқа ак­цияларға қарағанда жүздеген есе жоғары. Саудалардың орташа күндік көлемі – шама­мен 2 млрд теңге. Ұлттық ком­паниялардың акцияларын орналас­тыру мұнайдан түсетін табыстарды халыққа үлестіруге мүмкіндік береді. Басқаша айт­қанда, қазақстандықтар өз елінің қазба байлықтарын сатудан түсетін табыстарға ортақ бола алады деген сөз. Мұнайдың бір баррелінің бағасы 70 доллардан асқан жағдайда компания 200 млрд-тан 250 млрд теңгеге дейін дивиденд төлеуге міндеттенеді. Оның үстіне «ҚазМұнайГаз» IPO-сының жетістігі басқа да ұлттық компаниялардың IPO-сын жылы қабылдауға негіз бола алады. Бұл бағалы қағаздар нарығының дамуына септігін тигізеді.

Жағымсыз жаңалық: IPO өткізу тәжірибесі мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтады деген қауіп бар.

Жағымды жаңалық: IPO қор нарығын дамытудан басқа, ең ірі қазақ­стандық компания қызметінің ашықтығы мен шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттырады.

2023 жылы нені қаперде ұстау қажет? «Самұрық-Энерго» мен «Air Astana» акцияларын бастапқы орналас­тыру бойынша уәде орындала ма?