Мазмұнды іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, композитор Серікжан Әбдінұров, техника ғылымдарының кандидаты Серік Садықов, қоғам қайраткері Марат Мұстафин, жазушы Камал Әлпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Анар Мұздаханова және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Брендбук авторы – суретші, иллюстратор, дизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабай. Батырдың 150 жылдық мерейтойына арналған логотип арнайы құрылған комиссияның талқылауынан өткен. Ол екі түрлі нұсқада дайындалды. Біріншісінде – Қазақстанның халық суретші Әбілхан Қастеевтің даңқты ердің шынайы бейнесін көз алдымызға әкелген портреті негізге алынса, екіншісі – Алматыдағы Амангелді Имановтың ат үстіндегі ескерткішінің (мүсінші – Х.Б.Асқар-Сарыджа, сәулетші – Т.Бәсенов, 1947) нұсқасында жасалды.
Таныстырылымда Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров өзі басқарып отырған одақ аясында тұғырлы тұлғаның 150 жылдығына байланысты бірқатар іс-шара жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Кәсіби музыкант ретінде батырдың мерейтойынан шет қалмау үшін, ерлік пен өрлікті дәріптейтін бір шығарманы аяқтадым. Соны Амангелді атамызға арнаймын. Одан кейін алдағы сәуір айында Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлеттік академиялық филармониясымен бірлесіп, «Батырдың биік тұлғасы» атты сазды кеш өткіземіз. Осы тұста айта кетер бір жайт бар: кезінде Амангелді Иманов туралы көптеген музыкалық шығарма жазылды. Соның ішінде көрнекті композиторлар М.Төлебаев пен Е.Брусиловскийдің «Амангелді» операсы мен қытай композиторы Си Синхайдың «Амангелді» симфониясын ерекше айтуға болады. Сонымен бірге Әбілахат Еспаев, Латиф Хамиди, Дмитрий Мацуцин және атақты күйші Сүгірдің батырға арнаған туындылары Қазақ радиосының «алтын қорында» сақталған. Осы шығармалардың дені аталған кеште жаңа дыбыста әрленіп, көрерменге ұсынылады», деді ол.
Сондай-ақ «Амангелді Иман» қоғамдық қорының жетекшісі Толқын Сұлтан текті әулеттің ерлік жолдарына тоқталды. «Академик Қаныш Сәтбаев бір мақаласында халық батырының ерлігіне тоқталып, оның атасы Иманның Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болғанын айтады. Жалпы, Иман батыр бауырларымен, балаларымен хан Кене бастаған азаттық жолындағы ұлы күрестің жалынды жауынгерлері болды. Қазақ журналистикасының дамуына үлесін қосқан Амангелдінің бел баласы Рамазан да өз еркімен майданға аттанып, сонда көз жұмды. Осыдан-ақ бұл әулеттің негізінде тектілік, батырлық жатқанын білесіз. Амангелді Иманов – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт азаттық көтерілісінің бас сардары ғана емес, ол халқының қамқоршысы, арқасүйері болды», деді батыр ұрпағы.
Сонымен қатар іс-шара барысында күйші Анар Мұздаханова әкесі Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» атты туындысын жиналғандарға тарту етті.