Бизнес • 19 Қаңтар, 2023

Бизнесті қорғау маңызды

232 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сый­лық­тарының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында: «Бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері іс жүзінде 2024 жылдан бастап жұмыс істей бастауға тиіс. Бизнесті тексеру және қылмыстық қудалауға келер болсақ, осыған дейін де бизнесті негізсіз бақылауға, қылмыстық қудалауға жол жоқ екенін айтқан болатынмын. Бұл – менің нық ұстанымым» деген еді. Ал Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, былтыр бизнесті негізсіз қудалаудан қорғау аясында 6 мың кәсіпкер 700 млн теңге мөлшеріндегі заңсыз айыппұлдан босатылған.

Бизнесті қорғау маңызды

Бұл бағытта құзырлы органдар жүйелі жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, заңға бағынатын бизнесті негізсіз тексерулер мен қудалаулардан қорғау – прокуратура органдарының қадағалау қыз­ме­тіндегі маңызды басымдықтардың бірі. Жұмыстың негізгі мақсаты – қылмыстық үдеріске бизнесті заңсыз тартуды болдырмау.

Өткен жылдың мамыр айынан бастап прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты басталған сотқа дейінгі барлық тергеп-тексерулерге тексеріс жүргізді. Осы кезеңде экономика саласында 360-тан астам қылмыстық іс тоқтатылған. 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Бас прокурор қылмыстық қудалау органдарына бизнес субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін жан-жақты регламенттейтін арнайы нұсқау жіберді.

Сондай-ақ жаңа «Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» қабылданып, құжатқа сәйкес прокурорлар бизнес субъектілеріне қатысты әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын бір тәулік мерзімде тексеруге және бұзу­шылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтатуға міндетті. Іс заңды түрде қозғалған деп танылған жағдайларда прокурор кейін әрбір 15 күн сайын тергеу жүргізудің заңдылығы мен сипатын оның толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ете отырып тексереді. Жаңа талаптар ай­тарлықтай оң нәтиже бергені қуантады. Егер бұрын еліміз бойынша кәсіпкерлерге қатысты ай сайын 150-ге жуық іс қозғалса, қазір олардың саны 2,5 есеге азайды.

Прокуратураның қадағалау жұмысының тағы бір бағыты – бизнес проблемаларын тиімді шешу. Мәселен, 2022 жылы прокурорлардың көмегімен бизнес субъек­тілері үшін 55 күрделі мәселе шешілген. Олар­дың ішінде шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету, берешек пен субсидиялар төлеу, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қарыз алуға шектеулерді жою, тексерушілердің коммерциялық объектілерге бару практикасының жолын кесу сияқты факторлар бар.

Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде прокуратура органдарының бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтары «24/7» жұмыс кестесі бойынша қызмет көрсетуге әзір. Өткен жылы олар кәсіпкерлерден түскен 3 мыңнан астам өтінішті саралап, әрбір 4-факті (759) өз растауын тапқанын атап өткен жөн. Мәселен, Алматы облысында арнайы «Бизнес құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топтың боты» енгізілді. Бұл тек бір QR коды арқылы прокуратураға сигнал жіберуге мүмкіндік береді.

IT ресурстарды тиімді пайдаланудың және қадағалау актілерін енгізудің нәтижесінде 7,1 мыңнан астам кәсіпкер 1,3 млрд теңге сомаға заңсыз айыппұлдардан босатылып, 9 мыңнан астам заңсыз тексерістер мен бақылаудың өзге де нысандарының жолы кесілген.

Жалпы, 2022 жылы кәсіпкерлік сала­сындағы бұзушылықтар бойынша 1 330 қадағалау актісі енгізілген. Уәкілетті орган­дардың 1230 заңсыз тыйым салу және шектеу шарасы жойылып, 1 240 адам жауапқа тартылған.

Бақылаушы және жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлердің қызметіне араласуын ретке келтіру үшін 2023 жылға арналған бизнесті қорғау жөніндегі бір­лес­кен іс-қимылдардың кешенді жоспары бекітілді. Бұл – прокуратура органдарының «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимылдарының нақты «жол картасы». Жоспар кәсіпкерлерді қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік бе­реді және бизнес-ахуалды жақсартуға ықпал етпек.

Естеріңізге сала кетейік, кез келген кә­сіп­керлер құқықтары бұзылған жағдайда дереу 115 Call-орталыққа немесе аумақтық прокуратура органдарының сайттарында көрсетілген нөмірлер бойынша тікелей хабарласа алады.