Аймақтар • 20 Қаңтар, 2023

Көкше көлдерінің келешегі бар ма?

355 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сексен көлді омырауына сексен алқа етіп таққан көрікті Көкше өңірінде әкімшілік-аумақтық өзгеріске ұшырамай тұрған кездің өзінде 1 520-ға жуық көл болған екен. Қазір сол айдын шалқарлардың 400-ге жуығы ғана сақталып қалған. Қалғаны, оның ішінде дені дала көлдері құрғап кетіпті.

Көкше көлдерінің келешегі бар ма?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мамандардың пайымдауына қара­ғанда, үзіліп түскен моншақтай күміс көл­дердің тартылуының немесе құрғауының бір себебі, тың және тыңайған жерлерді жөн-жосықсыз игеруден басталады. Егістік танаптары дала көлдерінің жағасына дейін тақап жыртылып, көлді қоректендіретін бұлақ көздері бітеліп, табиғи су жолдары біржола жабылған. Егістікке себілетін сан алуан химиялық тыңайтқыштар желмен ұшып, тұнық, тұйық көлдерді ластаған. Ағын су қосылмайтын немесе өзінен су ағып шықпайтын томаға тұйық көлдерді экологтердің тілінде «кәрі көлдер» деп атайды. Тың игеру жылдарынан бастап «кәрі көлдердің» адам жанын жүдететін, табиғаттың ту-талақайын шығарған қасі­реті басталады.

Бүгінде «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің аумағында Зеренді, Имантау, Шалқар тәрізді су айдындары бар. Бұл көл­дер далалық көлдермен салыстырғанда, әлдеқайда үлкен, айдыны кең болып есеп­теледі. Бірақ соңғы жылдардағы нақты ғылыми зерттеулерге назар аударып, сараптамаларды салғастыра зерттесеңіз, осы бір мақтаулы көлдердің өздері ақбас толқындарын аспанға атып, араша сұрап жатқандай.

Алдымен зергер зерлегендей көр­кем табиғаттың қойнауында күміс тол­қын­дары тынымсыз күмпілдеп жататын өзгеше өңді, айрықша салтанатты Зеренді көлі туралы сөз сабақталық. 1956 жылғы есептеу бойынша Зеренді айдынының жалпы аумағы 10,7 шаршы шақырым екен. Жылдар өте келе ақ айдын тартылып, жағалаудан қашып, алыстап барады. Алыстаған сайын күтпесе құрдымға кететін келешегіндегі қатерді сыбдырлай сыр қылып шертіп жатқандай. Бірақ көл қасіретін, оның тағдырын ойлау қаперімізге кіріп жатыр ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ұлттық парктің экологі, экология магистрі Ерлан Жұмайұлының айтуына қарағанда, негізгі себеп Зеренді көлінен ат шаптырым жердегі Бәйтерек су қоймасынан келетін су жолының бі­телуі. Егер осы бір мәселе шешілсе, Зе­рен­ді көлінің айы оңынан туып, айды­ны толықпақ. Ақыл таразысына сал­саңыз, қиын да шаруа емес. Су қоймасынан тар­тылған құбырлар 1990 жылдары тоналған. Қазір өзі түгіл ізін де таба алмайсыз. Ша­масы әлдебір пысықтар қытай асырып жіберсе керек. Көлді сақтап қалу үшін әуел баста құбыр төселген жылғаларды жаңғыртып, қайта тартса жетіп жатыр. Әрине, көп-көрім қаражат керек болар, бірақ ботаның көзіндей мөлдіреп жатқан, балығы тайдай тулаған көлден қымбат емес қой. Зерлі Зерендінің, жалғыз Зерендінің ғана емес, киелі Көкшенің мақтанышына айналған табиғат сыйын сақтап қалудың ендігі бір жолы – тау бет­кейіндегі табиғи су жолдарын аршу. Көл мен су қоймасының арасынан асфальт жол өтеді. Көктемгі қар суын бөгейтін де осы жол. Қолға алса, түк қиындығы жоқ. Әрине, таспадай тартылған жолды тал­­қандап бұзудың түк те қажеті жоқ. Тек жол табанына сонау тау басынан лық­сып ағып келетін қызыл су еркін өтіп, көлге құйылатын жылғаны аршу үшін тас жолдың бойына бірнеше жерден кең­деу құбыр орнатса жеткілікті. Ендігі бір мәселе – көл табанын лайдан тазалап, бұлақ көздерін аршу. Қаншама жылдан бері жиектегі қамыс құрақ қаулап өсіп, есепсіз көбейіп кетті. Өсімдіктердің шірін­­дісі көл түбіне шөгіп, қорысқа айна­лып жатыр. Табиғаттың өз залалы аздай адам қолымен жасалатын қиянат та жыл өткен сайын үстемеленіп, көбейе түсуде. Айталық, Зеренді ауылының қазақ мектеп-интернаты орналасқан аумақтағы табиғи су жолдарының бо­йында сүзгі жоқ. Сүзгі болмағаннан кейін тұрмыстық қал­дық көктемгі қызыл сумен Зеренді көліне құйылып жатыр.

Зеренді ауылының көл жақ беттегі жекеменшік үйлері де жарқабаққа тым таяу. Оны айтасыз, кешегі кеңес зама­нында бірнеше демалыс орындары да бел­гіленген талаптың тас-тал­қа­нын шыға­рып, жағалауға жақын салын­ған. Атап айт­қанда, бұрынғы Павлик Морозов атын­дағы пионер лаге­рінің ғима­раттары көл жиегінде қал­қайып әлі тұр. Тәуелсіздік жыл­дары бой көтер­ген «Зерен» демалыс аймағы ерек­­ше қорғалатын аумаққа салын­ған. Мұн­дай мысалдарды көптеп келтіру­ге болады. Табиғатқа жаны ашымайтын безбүй­ректер қолынан келсе көлдің үстіне де үй салып алудан тайынатын түрі жоқ. Айналып келгенде осының бәрі аумағы шағын көлді қорысқа айналдыруда.

Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, Зеренді тауының етегінде ертеректе сансыз бұлақ болған екен. Бұл­қынып аққан бұлақ суы тау етегі­нен құлдилап ағып, Зеренді көліне құйы­латын болған. Қазір көлге жетпей, текке ысырап болып жатыр.

Бұл мәселе жалғыз бұл өңірде ғана емес, жалпыға ортақ жайт. Айталық, әрі­дегі Атбасар алабын көктей өтетін Жабай өзені көктем сайын тасиды. Лық­сып кел­ген мол су құмды, тастақ жер­лердегі жыра, еңіс­ке жетіп жығылып, сіңіп кетеді. Ерлан Жұмайұлының айтуына қарағанда, Көкше баурайындағы жуас өзендердің өзі көктемгі қызыл су жүрген кездің өзінде мінез көрсе­туі егістік алқаптарда сүдігер жыртыл­майтындықтан.

– Ертеректе боз дала топырағы ты­ғыз­далмаған күйі бусанып жатты емес пе? – дейді ғалым, – қар суы еркін сіңіп кететін. Есесіне өзен аңғарлары күн сәл жы­лынысымен көгеріп шыға келетін. Қар суы­нан нәр алған жағалаудағы жа­зық жер­лерге мың сан шөп өсетін. Қазір қап­таған техниканың табанында жатқан соң топырақ әбден тығыздалып, су өтпейтін болып қалды. Көктемгі су тасқынының бір себебі осы. Екінші жағынан алып қара­ғанда, бар әлем зәру болып отырған ылғал далаға кетіп жатыр. Егер табиғи жолдарында тоспа істесек, көктемгі қызыл суды бір жерге жинауға болар еді. Бақша егуге де, мал суаруға да септігі әбден тиеді ғой.

Айтса айтқандай, әнебір жылдары қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта ауыл­дағы малсақ қауым мал суаратын су көзін таппай қиналған. Мал шаруа­шылығының адымын алға бастырмай отырған да осы мәселе.

Зеренді көлімен бірге табиғаты та­лай­ға таңдай қақтыратын Имантау, Шал­қар курортты аймағында да осындай келеңсіз көрініс қалыптасқан. Қос көл де жылдан-жылға тартылып барады. Эколог Ерлан Жұмайұлының зерт­теулеріне қарағанда, Имантау көлінің су айдыны 1956 жылы 335 текше шақырым болса, 2021 жылы 311 текше шақырым болған. Яғни кенересі кеміп келеді. Шал­қар көлінің су аумағы 1956 жылы 33,4 шаршы шақырым болса, 2021 жылы 29,1 шаршы шақырымға кемі­ген. Көл терең­дігі 1956 жылы 8 метрдің деңгейінде болса, 2021 жылы тайызданып, 6 метр­ге ғана жеткен. Судың көлемі де кіші­рейген. Тағы да 1956 жылғы есеп бойын­ша 267 текше шақырымды құраса, 2021 жылы 174 текше шақырымға тең бол­ған. Міне, осы зерттеулерден екі көл­­дің ернеуі жылдан-жылға шегініп бара жатқанын анық байқауға болады. Көлдердің қораштану, тайыздану себебі де Зеренді көлінің тағдырына тым ұқсас. Сондықтан, бұл арада қайталауды қажет деп таппадық.

Өткен жылы Имантау, Шалқар курортты аймағында 45 мыңға жуық турист тынықты деген мәлімет бар. Жаңа бағдарлама қабылданып, туризмді дамы­туға белсене кірісу межеленген. Арнайы түзілген бағдарламада әр жыл сайын бүгінгі көлем он есеге өсіріліп, кемінде 400 мың туристі құшақ жая қарсы аламыз деп отыр. Егер табиғаттың келімді-кетімді адам аяғынан да тозатынын ескерсек, Бурабайдай емес, тынығушылар сәл аздау баратын бұл өңір де аз ғана уақыттың ішінде ту-талақайы шығуы мүмкін. Неге десеңіз, 400 мың туристі қарсы алатын әлеует әзірге жоқ. Инфрақұрылымы же­тім­сіз. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, қара­құрым халық, анығырақ айтқанда, туристер қаптап келді екен деңіз. Суағарлар жоқ, жағажай бәзбаяғы тұмса күйінде, тұрмыстық қалдықтарды жинастыратын арнайы орындар жасақталмаған. Сон­да не болады? Бүгінге жылап көрі­се­тін шығармыз. Әрине, туризм табыс көзі екендігі белгілі. Бірақ табысқа қы­зық­қанымызбен табиғат залал шекпеуі керек қой. Өткен жылы демалған 45 мың туристің әрбір тоғызыншысы ірге­дегі Ресей елінен келіпті. Оларға арнайы демалыс орындарының түкке де қажеті жоқ. Баяғы Столыпин реформасынан кейін шабатасын сүйретіп келген мұ­жық­тар тәрізді шатырларын құрып, қос­тарын тігіп, жаз бойы демалып жата береді. Ұлттық парк аумағына кіргені үшін төлейтін қаржы 400 теңге төңірегінде. Айлап жатқан әлгі жұрт саңырауқұлағын, жеміс-жидегін теріп, балығын аулап, тосабын қайнатып, ырғалып-жырғалып қайтады. Сондағы төлегені жаңағы 400 теңге. Ал табиғатқа келген залал ше? Дәл осындай турист бізге қажет пе? Әрине, туризмді дамыт­қан дұрыс. Ол үшін белгіленген тәртіпке орай заманауи демалыс орындары салынып, толымды ақысы да алынуы керек қой. Сонда ғана қайтарымы болатын шығар.

Қазір үш шалқар шағым айтып, естір құлақ іздеуде. Көл мұңына көңіл аударатын қайсың барсың?!

 

Ақмола облысы