Ертеде ата-бабамыз қандыағаш таласа өскен тау баурайларында бұлақ барын білген. Негізі Қазақстанда қандыағаш Баянауыл мен Қарқаралының таулы-орманды алқаптарында, Ерейментау тауларында, Елек өзені жағалауында, сондай-ақ Қостанай облысындағы Құсмұрын маңында кездеседі, дейді жер жағдайын жақсы білетіндер. Баянауыл тауларындағы бұл ағаштың түрі қанды қандыағаш типіне жатады екен.
Торайғырдағы қандыағаш тоғайы – өте көрікті мекен. Дәл жанынан мөлдіреп Әулиебұлақтың суы ағып жатыр. Бұл жерде жазда ат шалдырып, тынығатындар, тоғай ішінде күрке тігіп, серуен құратындар көп. Тоғай ішіндегі жасыл алаңқайларға топ-тобымен туристер ағылып, ыстықта сая табады.
Баянауыл ұлттық табиғи паркінің инспекторы, белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов қандыағаш топырақ минералы мол, суы тұщы жерлерді таңдайтынын айтады. Өсімдіктің бір ерекшелігі, күздігүні жапырағы мүлде сарғаймайды екен. Қарашаның қара суығында жапырағы жасыл күйінде үзіліп, жалаңаштанады.
– Қандыағашты парк қызметкерлері ғылыми индикатор ретінде пайдаланамыз. Жазғытұрым төменнен жоғары қарай гүлдесе, жаздың сулы, жаңбырлы болатынын білдіреді. Ал керісінше, жоғарыдан төмен қарай көктесе, алдағы жазда қуаңшылық күтіп тұрғанын болжай беруге болады. Тағы бір кереметі, қанды қандыағаштың жапырағына құрт түссе, айналасындағы өсімдіктерге де құрт түскенін білеміз. Ол құрамында химиялық зат бар қоспалармен емделмейді, тек биологиялық тұрғыдан сауықтыру шаралары жүргізіледі. Ол үшін құмырсқаның илеуін күрекпен төрт бөліп, бір бөлігін қандыағаштың түбіне апарып тастаймыз. Құмырсқалар ағашқа өрмелейді де, өсімдіктің бойындағы барлық жыбырлаған құрттарды жеп қояды, – дейді өлкетанушы.
Қанды қандыағаштар кемі 150 жыл тіршілік етеді екен. Баянауыл тауларының көбіне теріскей жағына біткен өсімдік тоғайларына қарап, бұл аумақтарда бұлақтардың мол қоры бар екенін болжауға болатындай. Ағашқа қатысты биологтердің толыққанды зерттеуі де жоқ. Жергілікті өлкетанушылар мұқият зерделеуге лайықты ботаникалық-географиялық құбылыс деп атап отыр.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы