Аймақтар • 20 Қаңтар, 2023

Даниал Ахметов Риддер тұрғындарынан кешірім сұрады

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ЖЭО-дағы ақаулар мен апат салдарынан үйлерінде тонып отырған Риддер тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Даниал Ахметов Риддер тұрғындарынан кешірім сұрады

ШҚО әкімдігінің ақпараты бойынша, өңір басшысы Даниал Ахметов Риддер қаласына барып, ЖЭО-дағы жағдаймен танысты.

«ЖЭО басшылығының жауапсыздығына байланысты мұндай оқыс оқиға орын алды. Төрт жыл бойы олар ештеңе істемеді. Мемлекеттік органдарға бұрыс ақпарат берілді. Қараша айында апат болған кезде қалпына келтіру жұмыстары үшін басқа кәсіпорындар мен ЖЭО-дан 160 маман тартылды. Қысқа мерзім ішінде екі қазандықты жөндедік», деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, ЖЭО басшылығы бұл қазандықтарды жөндеу туралы ойлаған да жоқ. Белгілі болғандай, олар көмірдің ақысын төлеуден бас тартты. Алайда Қаражыра кен орны әкімдіктің кепілдігімен көмір жеткізуді тоқтатқан жоқ. Қазіргі уақытта ЖЭО-ның көмір үшін қарызы 1 млрд 350 млн теңгені құрайды.

«Мен бұл оқиға салдарынан үйлерінде тонып отырған Риддер тұрғындарынан кешірім сұрағым келеді. Біз ЖЭО жұмысын барлық талаптарға сәйкес бақылауға мүмкіндік алатынымызға сенімдімін», деді Даниал Ахметов.