Соның алдында ғана жерлестеріміз Челябіде «Тракторды» овертаймда 3:2 есебімен ұтып, өз жанкүйерлерін бір қуантып тастаған еді. Осы жолы да «Барыстан» жеңіс күттік. Өйткені алда – Гагарин кубогі жолындағы жарыс. Ала-құла өнер көрсетіп жүрген елордалық клуб оған қатыса ма, әлде жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Сол себепті де қазіргі кезде әрбір ұпай біздер үшін өте құнды. Айтқандай-ақ, «Автомобилиспен» кездесуге де астаналықтар тас-түйін даярлықпен келген екен. Бұл бәсекеде «Барыстың» ойыншылары арасынан Антон Сагадеев дубль авторы атанса, Егор Петухов, Дмитрий Шевченко және Джереми Бракко бір-бір голдан соқты. Айдын иелері үш голмен ғана жауап берді. Нәтижесінде елордалық клуб 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Қазіргі кезде 55 кездесуден кейін 52 ұпай жиған «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 16-орынды иеленуде. Енді олар келесі кездесуін бүгін Магнитогорскінің «Металлургімен» өткізеді.