Спорт • 22 Қаңтар, 2023

Жастарымыз жарап тұр

221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қала­сында өтіп жатқан ХХХ қысқы Дүние­жүзілік универсиадада Қазақ­­стан құрамасының қоржы­нына түскен медальдар саны се­гізге жетті.

Жастарымыз жарап тұр

Сенбі күні шаңғымен тұғырдан секірушілердің командалық сайысында жерлестеріміз күміс медаль иеленді. Қазақстан құрамасының сапында Данил Васильев пен Сергей Ткаченко өнер көрсетті. Олар 470,3 ұпай жинады. Бұл тартыста бас жүлдені Аустрия жеңіп алса, қола медаль Жапонияға бұйырды. Дәл сол бәсекеде Святослав Назаренко мен Никита Девяткин жұбы жетінші орынға табан тіреді.

Шорт-тректен өткен жарыста тағы жүл­де алуымызға тамаша мүмкіндік болды. Әйелдердің 500 метрлік сайысында Яна Хан жеңіс тұғырына бір қадам жетпей қа­лып, төртінші орынды қанағат тұтты. Бұл тартыс Оңтүстік Кореяның өкілі Чхве Мин Джонның айқын жеңісімен аяқталды. Оның отандасы Пак Джи Юн қолаға қол созса, қытайлық Ичао Ван күміспен күптелді.

Көп кешікпей мұхиттың арғы жа­ғалауынан тағы бір қуанышты хабар жетті. Құрамында Яна Хан, Мәлік Ермек, Алина Әжғалиева, Әлішер Абул­қатымов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Ша­мұханов сынды шорт-трекшілері бар Қазақстан командасы аралас эстафетаның жұбаныш финалында бірінші орынды иеленді. Олардың көрсеткіші – 2:47.757. Бірақ басты финалда өнер көр­сеткен Оңтүстік Корея, АҚШ және Қытай спортшыларының барлығы да ережені өрескел бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді. Нәтижесінде, бас жүлдені Франция құрамасы олжаласа, отандастарымыз күміс медаль еншіледі. Ал қола жүлде жапондарға бұйырды.

Жексенбіде биатлоншылардың 15 шақырымдық масс-стартында Александр Мухин күміс медаль иеленді. Ол фран­­циялық Аксель Гарньеден ғана қалып қойды. Қола медальді норвегиялық Эрьян Мосенг еншіледі. Дәл осы бәсекеде Қазақ­­станның өзге спортшылары мындай сатыларға жай­ғасты: Кирилл Бауэр – 4, Вадим Куралес – 7 және Бекентай Тұрлыбеков – 19.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін биатлоншы Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков және шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев алдарына жан салмай, алтын тұғырға көтерілген еді. Биатлонды серік еткен еліміздің тағы бір дарынды спортшысы Александр Мухин мен құрамында Айша Рақышева, Надежда Степашкина және Ксения Шалыгина сынды шаңғышылары бар еліміздің әйелдер құрамасы эстафетада қола медальді мо­йын­дарында жарқыратты.

Қазақстанның шайбалы хоккейшілері Оңтүстік Корея (5:1), Мажарстан (9:1), Ұлыбритания (15:1) және Словакияның (4:1) тас-талқанын шығарғанын біз бұған дейін де хабарлағанбыз. Топтық тур­нирдің соңғы ойынында АҚШ-қа (1:4) есе жібердік. Соған қарамастан жер­лес­­­теріміз плей-оффқа шықты. Жар­ты­лай финалда Канадамен күш сынасты. Бұл бәсекеде Үйеңкі жапырақтар елі өкіл­дерінің мысы басым болды. Олар біздің қақпамызды төрт мәрте дәл көздеді. Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері бір ғана голмен жауап берді. Есеп – 1:4. Енді отандас­тарымыз Жапониямен қола медаль үшін таласады. Ал бас жүлде үшін тартыс АҚШ пен Канада құрмалары арасында өтеді.