Футбол • 22 Қаңтар, 2023

«Қайрат» пен «Пахтакор» кездесуі

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Алматының «Қайраты» мен Ташкенттің «Пахтакоры» жолдастық кездесулер сериясын өткізуді жоспарлап отыр. Егер қос команданың баспасөз қызметтері таратқан мәліметтерге сүйенсек, алғашқы ойын 25 ақпанда Ташкентте өтеді. Одан кейін аталған команданың футболшылары жазда Алматыдағы Орталық стадионда ұйымдастырылатын қарымта матчта қайта жолығады.

«Қайрат» пен «Пахтакор» кездесуі

«Қайрат» пен «Пахтакор» арасын­дағы бәсекелер әркез өте шиеленісті әрі қызықты өтетін. Стадиондарда ине шаншар орын болмайтын. Тіптен бұл дербиге саяси мән берілетін. Өйткені қазақтар кімге есе жіберсе де, өзбектерден ұтылуды құп көр­мей­тін. Өздеріне намыс санайтын. Көр­шілеріміздің де ұстанған қағи­даттары дәл сондай еді. Сол себепті де бұл матч­тарды тамашалау үшін атал­ған республикалардың бірінші басшы­ларынан бастап, басқа да жоғары ла­уазы­м иелері барлық шаруасын ысырып қойып, стадионға арнайы ат басын бұратын. Өз жерлестері жеңіске жеткен жағдайда команда мүшелері әдеттегіден әлдеқайда мол сыйақы алып, көпшіліктің зор қошеметіне бөленетін. Жеңіліс тапса, сан мың жанкүйер футболшыларды жерден алып, жерге салатын. Ал басшылар оларға қырын қарай бастайтын.

Википедия интернет-энциклопедиясы таратқан мәліметтерге зер салсақ, Қазақстан мен Өзбекстанның бас командалары КСРО чемпионаты мен КСРО кубогі жолындағы жарыс­тарда өзара 50 мәрте күш сынасқан екен. 21 рет «Қайрат» жеңіске жетсе, 18 рет «Пахтакордың» асығы алшысынан түсті. 11 бәсекеде тең есеп тіркелді. Жерлестеріміз 66 гол соқса, қар­сыластар 61 рет нысананы дәл көздеді. 1956 жылдың 13 қыркүйегінде алматылықтар ташкенттіктердің қақ­пасына жауапсыз төрт гол соқса, 1984 жылдың 29 қыркүйегінде 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Өзбектер де қарап қалған жоқ. 1957, 1973 және1974 жылдары жылы олар бізден 4:1 есебімен басым түсті. Бұлар – осы клубтардың арасында өткен бәсекелерде тіркелген ең ірі есептер. Байыптап қарасаңыздар, ба­сымдық – сәл болса да «Қайрат» жа­ғында.

1962 және 1982 жылдары КСРО чемпионатында «Пахтакор» алтыншы орынды иеленді. Бұл – өзбекстандық команданың аталған жарыстағы ең үздік нәтижесі. 1968 жылы олар КСРО кубогінің финалында ойнады. Шешуші тұста ташкенттік ұжым Мәскеудің «Торпедосынан» 0:1 есебімен ұтылды.

«Қайрат» одақ чемпионатындағы ең үздік көрсеткішіне 1986 жылы қол жеткізді. Сол маусымды олар же­тінші орынмен қорытындылады. 1963 жылы КСРО кубогінің жартылай финалында өнер көрсетті. Бұл жағынан «Пахтакордың» көші ілгері. Десек те 1971 жылы алматылықтар Халықаралық теміржолшылар одағы мен 1988 жылы КСРО футбол федерациясы кубогі жолындағы жарыстарда бас жүлдені олжалағанын естен шығармағанымыз абзал. Ал «Пах­такор» болса, ондай табысымен мақтана алмайды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басында тәуелсіздік алғаннан кейін аталған командалардың жолдары екіге айырылды. Бұл күндері әркім өздерінің ішкі жарыстарында өнер көрсетуде. 1992-2022 жылдар ара­лығында «Пахтакордың» Өзбекстан чемпио­натында қол жеткізген көрсет­кіші мынадай: 15 алтын, 6 күміс және 2 қола. Ел кубогін олар 13 рет ұтты. «Қай­раттың» Қазақстан чемпио­на­тындағы нәтижесі: 3 алтын, 5 күміс және 6 қола. Кубоктық сайыста ал­ма­­тылықтар 10 мәрте бас жүлдені олжалады.