Сайлау • 22 Қаңтар, 2023

Сайлаудың талаптары қандай?

1071 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау барысы талқыланды. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров Президент жарлықтары, 2022 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында белгілеген сайлау науқандарының кестесіне сәйкес Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталғанын хабарлады.

Сайлаудың талаптары қандай?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Н.Әбдіровтің айтуынша, 2022 жылғы қарашада Президент сайлауы­н дәйекті өткізу, барлық деңгейдегі өкілді органдарға депутаттарды сайлау – Конституцияны жаңарту жөнін­дегі республикалық референдум қоры­тындыларын іс жүзінде жүзеге асыру­дың жалғасы. «Бүкіл сайлауды өткізу саяси жүйемізді түбегейлі қайта жаң­ғырту қажеттігіне байланысты және кон­ституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді», дейді ол.

Қазірдің өзінде осы түзетулердің көп­шілігі іске аса бастады. Мәселен, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшу жөніндегі нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа ен­гізілді. Аралас сайлау жүйесі аясында барлық деңгейдегі өкілді органдарға бірмандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына және жергілікті жерлерде азаматтардың мүдделерін тікелей білдірудің пәрменді құралына айналады.

пва

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафинаның айтуынша, «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Президенттің 2023 жылғы 19 қаңтардағы №105 Жарлығына сәйкес Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдау тапсырылды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 101-бабының 3-тармағына сәйкес өкi­леттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзi­мiнен бұрын тоқтату туралы Прези­дент Жарлығының негiзiнде тағайын­дайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.

Осыған орай мәслихат депутаттары­ның кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындау ұсынылды. Нәтижесінде Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауды өткізудің дәл осындай мерзімдерін орнату арқылы кандидаттарды ұсыну, тіркеу, үгіт-насихат секілді сайлау науқанын өткізудің кей­бір кезеңдерін бірдейлендіруге және бюджет шығындарын айтарлықтай үнем­деуге мүмкіндік берді. Осы мәселе бо­йынша ОСК тиісті қаулы қабылдады.

Орталық сайлау комиссиясы төр­аға­сының орынбасары Константин Петров қолданыстағы заңнаманың нормалары негізінде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жос­парлары әзірленгенін хабарлады.

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аума­ғында пропорционалды өкілдік ету жүйесі, 29 депутат – бірмандаттық аумақ­т­ық сайлау округтері бойынша.

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана мәслихат­та­рына барлық депутаттың 50%-ы мажо­ри­тар­лық жүйе бойынша, 50%-ы пар­тиялық тізімдер бойынша сайланады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттары толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланбақ. Жалпы, алдағы сайлауда 223 мәслихаттың 3145 депутаты сайлануға тиіс.

Константин Петров сайлаудың ең басты талаптарына және сайлау да­йын­дығы мен өткізу кезеңдеріне де тоқ­­талып өтті. Мәселен, Парламент Мә­жілісінің депутаттығына кандидат болып Қазақстанның 25 жасқа тол­ған және кейінгі он жыл бойы оның аумағында тұратын азамат, ал Мәслихат депу­тат­тығына 20 жасқа толған Қазақстан азаматы кандидат бола алады.

Ал Парламент, мәслихат де­пу­тат­тығына кандидат ретінде мынадай санат­тағы азаматтар бола алмайды: соттал­ғандығы белгіленген тәртіппен өтел­меген немесе алып тасталмаған адам; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сы­байлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам.

Парламент Мәжілісінің депутат­тығына партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі. Бір­мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес канди­даттарды ұсыну кезеңі сайлауды та­ғайындау туралы Жарлық жария­ланған күні басталып, сайлауға отыз күн қал­ғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады (20 қаңтардан 8 ақпанға дейін 20 күн). Тіркеуді өткізу мерзімі 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзім аяқ­талған кезден бас­талып, сайлау болатын күннен бір күн бұрын, яғни 18 ақпан сағат 18.00-ден 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін). Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi. Егер дауыс беруді аяқтаудың басқа мерзімі белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақытпен сағат 20.00-де дауыстарды санай бас­тайды және сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы толтырады. Осылайша, сайлау тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының жалпы ұзақтығы 59 күнді құрайды.

Орталық сайлау комиссия­сы ап­пара­тының сайлау үдерісін ұйым­дас­тыру бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қозы­бае­ва­ның айтуынша, екі сайлау науқаны бойынша 53 сайлау құжатының нысаны әзірленген. Саяси партиялар бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сай­лауға тікелей 12 нысан, бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша – 11 нысан. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөнінде – сайлау құжаттарының 21 нысаны. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, бірқатар нысан алғашқы рет бекітілмек. Бұл – саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдар мен өкілдіктердің) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды, сондай-ақ азаматтардың өзін-өзі ұсынуымен байланысты. Сон­дай-ақ конституциялық заңдағы пар­тиялық тізімде әйелдер, жастар, мү­гедектігі бар адамдар секілді үш санат­тың міндетті болуы жаңа нормамен бай­ланысты, ол тізімге енгізілген барлық адамның жалпы санынан кемінде отыз пайыз құрауға тиіс.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, еліміздегі шет мемлекеттер мен ха­лық­­аралық ұйымдардың байқау­шы­лары Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша сайлауды байқауға қатыса алады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Мәжіліс пен мәслихат депутаттары­ның ке­зектен тыс сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң­­ға енгізілген түзетулерге сәйкес жаңа фор­матта өтетінін хабарлады. Кон­сти­туциялық заңның 9-бабының 2, 3, 4-тармақтарында көзделген жаңа қағидалар бойынша: Мәжіліс депутаттары ағымдағы жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады; облыстардың, республикалық ма­ңызы бар қалалардың және астананың депутаттарының жартысы бірыңғай аумақтық сайлау округінің аумағы бо­йын­ша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы, екінші жартысы аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады; аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

Егер бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша округтердің шекаралары әкімшілік аумақтық бірліктердің шекараларымен тұспа-тұс келсе, округтік сайлау комиссиялары құрылмайды, олардың өкілеттіктерін аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов «Саяси партияларды партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы» баяндама жасады. Ол елімізде тіркелген саяси партиялардың барлығының филиал­дары бүкіл аудандар мен қала­ларда құ­рылмағандықтан, барлық дең­гей­дегі мәслихат депутаттығына кан­ди­даттардың партиялық тізімдерін ұсыну облыстық филиалдардың конференция­ларында жүзеге асырылатынын атап өтті. «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясының филиалдары Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыс­тарында болғандықтан, бұл партия тек аталған облыстардың мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілмек. «Respublica» партиясының облыстарда филиалдары жоқ. «Respublica» партиясын қоспағанда, 6 саяси партия­ны партиялық тізімдер бойынша сай­ланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сай­лауға, оның ішінде «Байтақ» қазақ­стандық жасылдар партиясын тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстары мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылданды.

Орталық сайлау комиссиясы пар­тия­лық тізімге енгізілген немесе бір­мандаттық округтер бойынша сайланатын кандидаттардың Конституцияда және конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзе­ге асырады. ОСК көрсетілген құжат­тар келіп түскеннен кейін дереу уәкілетті ведомстволарға – Ішкі істер минис­тр­лігіне, Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу комитетіне, Әділет және Қаржы министрліктеріне сұрау салулар жібереді. Тіркеуге саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың бел­гіленген санынан аспайтын, оған енгізілген адамдар саны 30%-ға бір сая­си партиядан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың бір ғана тізімі жіберіледі. Партиялық тізімдер бо­йын­ша сайланатын депутаттар саны  69. Демек тіркеу үшін ұсынылған партиялық тізімге 90-нан артық кандидат кіре алмайды.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін партиялық тізімге енгізілген адамға бір­мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылуға заңмен ты­йым салынған. Бірмандаттық округ бо­йынша Конституция мен сайлау туралы заңның талаптарына сәйкес келетін кандидат тіркеуге жіберіледі. Жоғарыда айтылғандай, партиялық тізімдер бойынша облыстық мәслихат депутаттарының жартысы ғана сайланады. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті мәслихат депутаты етіп сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.

Сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеудің кейбір мә­се­лелері туралы Орталық сайлау ко­миссиясының мүшесі Анастасия Ще­гор­цова баяндады. Ол аккредиттеу тәр­тібі комиссия (Әділетминінде 27 желтоқ­санд­а № 31294 болып тіркелген) қаулысымен бекітілгенін хабарлады. 21 қаңтардағы жағдай бойынша сайлау комиссияларына аккредиттеуге 2 өтініш келіп түскен.