Медицина • 22 Қаңтар, 2023

Трансплантацияда донор тапшы

621 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ғылым, медицина өркен жайған заманда операцияның небір түрі жасалып, ертеңінен күдер үзіп, ауыр халде жатқан науқастар аяққа тұрған жағдайлар жиі кездеседі. Мұның дәлелі ретінде айтар болсақ, 2021 жылы дүние жүзінде 92 мыңға жуық бүйрек трансплантациясы жасалған. Ал былтыр елде 300-ден аса науқас тек бүйрек трансплантациясына жете алмай, көз жұмған. Өкініштісі, жылдан-жылға трансплантацияға мұқтаж адамдардың саны көбейіп, күту парағындағы тізім құбылып тұр.

Трансплантацияда донор тапшы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мәйіттік донор сатылмайды

Еуропа елдерінде транс­план­тацияның шамамен 90%-ы мәйіт­тік донордан алынады. Ал елі­мізде бұл статистика кері кетіп тұр. Елде донордың 95%-ы нау­қастың туыстары болса, 5%-ы ғана – мәйіттік донор. Донор тап­шылығын, мәйіттік транс­плантацияның аздығын осы па­йыз­дық көрсеткішке қарап бажайлай берсек болады. Мұның себебі белгілі, бас миының біржола семуі (мидың өлуі) тіркелген азаматтың туыстары көбіне-көп жақынының органдарын алуға рұқсат бермей жатады. Мұндайда дәрігерлер сөзге келмей, санау­лы сағаты қалған азаматтың туыс­тары айтқан ұйғарымға кө­не­ді. Қазірде 3 600-ге жуық нау­қас орган ауыстыруға мұқтаж. Яғни олар күту парағында өзінің ағзасына сай келетін донор табылғанша күтеді. Тізімдегі 3 200 науқас бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Оның ішінде 60-қа жуығы 18 жасқа толмаған балалар болса, басқасы – ересектер. Жалпы тізімдегі 200-ден аса науқас бауырға мұқтаж, 100-ге жуығы жүрек ауыстыратын күнді күтсе, қалған 5,6 пайызы өкпе трансплантациясын қажет етеді. Десек те биыл елде 200-ден аса бүйрек трансплантация­сы жасалып, 193-і туыстық донор­дан, 7 трансплантация мәйіт­тік донордан алынған. Ел меди­ци­на­сының әлеуеті бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі трансплантациясын жасауға қау­қар­лы. Операцияға дейінгі және кейінгі жәрдемнің барлығы тегін көр­сетіледі. Осы тұста шетел аза­­маттарына трансплантация жа­сал­майтынын айта кеткен жөн. Жасалған күннің өзінде мәйіттік трансплантация шетел аза­маттарына салынбайды. Бұл заң шеңберінде белгіленген. Мәйіт­тік донор Ыстанбұл дек­ларациясына сәйкес, әлемде де сатылмайды. Дүние жүзі трансплан­тологтері сол Ыстанбұл дек­ларациясын ұстана отырып, өз елінде трансплантологияны дамытуға үлес қосып жатыр. Мы­салы, қазір елімізде ересектерге бүйрек трансплантациясын жасайтын 4 орталық бар. Бұл – Астана қаласындағы Ұлттық онкология орталығы, Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Ақтөбедегі облыстық аурухана және Шымкенттегі №1 аурухана. Сонымен қатар Астанадағы Ана мен бала орталығында кәмелеттік жасқа толмаған балаларға бүйрек трансплантациясы жасалады. Ұлт­тық ғылыми онкология орта­лы­ғының ағза трансплантациясы секторының аға ординаторы Мэлс Асықбаевтың айтуынша, операция қиындығына қарай трансплантация хирургиялық жағынан, иммунология жағынан деп екіге бөлінеді екен.

– Негізі хирургиялық жағы­нан бүйрек ауыстыру трансплан­тологияда аса күрделі опе­ра­циялардың қатарында емес. Хирургиялық жағынан ең күр­­делі операциялардың бірі – бауыр ауыстыру. Бірақ им­мунологиялық жағынан ағза­ның бүйректі қабылдауы күр­делірек. Сондықтан операцияға кіріспес бұрын иммундық жүйені толық, жіті зерттейміз. Ал бауыр иммунология жағынан ағзаға тез бейімделеді. Алайда хирургиялық жағынан бауыр трансплантация­сы – күрделі операциялардың бірі. Операция ел азаматтарына тегін жасалады. Органын ауыстырған пациенттер кейін бүйрекке әсер етпейтін иммуносупрессивті дәрі-дәрмектер ішіп, күтінеді. Ол дәрілерді мемлекет тегін береді. Науқас үнемі трансплантолог дәрігердің бақылауында болады. Трансплантация операцияларын біз жетік меңгеріп алдық. Шетелде оқыдық. АҚШ, Испания, Оңтүстік Корея, Түр­кияға барып тәжірибе жиған дәрігерлер көп. Өйткені қазір АҚШ пен Испания – трансплантация бойын­ша, соның ішінде мәйіттік донорлардың көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Ал туыстық донордың көмегімен операция жасауда, яғни бауыр, бүйрек ауыстыруда Оңтүстік Корея мен Түркия медицинасы алда. Біздің дәрігерлер аталған елдерге барып, тәжірибесін арттырып жүрген соң қазір бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі трансплантациясын толық иге­ріп алды. Трансплантолог дә­­рі­герлер әр опе­рацияға топ болып жұ­мы­лып кіріседі. Донорды тексеру, науқасты операцияға дайындау, операция, операциядан кейін­гі зерттеулердің барлығын қадаға­лайтын дәрі­герлер бар. Әрқайсысы өзінің жұ­мысын жетік біледі. Бір операцияның өзіне кем дегенде 50 адам қаты­са­ды. Жас мамандарды да өзіміз қолдан келгенше даярлап жатырмыз. Трансплантолог мамандардың тапшылығы жоқ. Жас шәкірттері­мізді өзіміз тәрбиелеп оқытқаннан бөлек, олар да шетелге барып білімін жетілдіреді, – дейді білікті дәрігер.

 

Бүйрек – ағзадағы аса маңызды орган

Бауыр иммунокомпетентті орган болған соң, өздігінен өседі. Ал адам ағзасында екі бүйрек барын ескерсек, бірін туысына беруге болады. Мұнда ескеретін қатаң қағида трансплантология кезінде ең бірінші донорға зиян келмеуі керек. Егер зерттеу барысында донор болуға ниетті туы­сынан теріс көрсеткіштер бай­қал­са, онда ол азаматты донор ретінде қарастырмайды. Донор толыққанды медициналық тексеруден өтеді. Соның нәтижесінде туысының донор болатыны не болмайтыны мультитәртіптік топ­тың шешімінен кейін белгілі болады. Бүйрек 24 сағатта адам ағзасындағы 180 литр қанды сүзіп, 1 минутта 80 мен 120 мл қанды сүзгіден өткізеді. Осылай ағзаны тазалап, қан қысымын реттейді. Бүйрек қызметі бұзылса, басқа ағзалардың жұмысын баяулатады. Тағы бір дерекке сүйен­­сек, ең алғаш рет елде бүй­рек трансплантациясы 1979 жылы қазіргі А.Н.Сызғанов атындағы Ұлт­тық ғылыми хирургия орта­лы­ғында жасалыпты. Одан кейін трансплантация түбегейлі тоқтаған-ды. Енді мұндай күрделі операциялар 2012 жылдан бастап қай­та қолға алына бастаған. Сол жылы трансплантация үйлестіру орталығы құрылды. Алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды. Міне, содан бері елде ағзасын ауыстырып, өмірін жаңа жолдан бастаған азаматтардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Мысалы, 18 жасында бүйрек ауруы асқынған Сәуле Еркембай қазір бұрынғыша сән салонында шаштараз болып еңбек етіп жүр.

– 2013 жылы Қызылорда қала­сында диагноз қойылып, қан аз­дығына байланысты бір ай ауру­ханада болдым. Сол тұста дәрі­герлер маған диализ қабыл­дай­сың дегенде, мен бас тартып, ауруханадан шыққанмын. Яғни сол арқылы қанды аптасына 3 мәрте сұйылтып құю керек болды. Рас, ол кез бойымды қорқыныш биледі. Өзім емделіп, оңалып кетемін деген сенім күштірек еді. Араға жыл салып жағдайым күрт нашарлап, ауруханаға қайта жаттым. 2014 жылы 6 тамыздан диализ ала бастадым. Кейін қан тамырдағы артерия мен венаны біріне-бірін жалғау арқылы жасалатын фистула деп аталатын шағын операция Қызылордада, Алматыда сәтсіз болды. Содан 2014 жылы желтоқсанда Астанаға №1 ауруханаға бардым. Тиісті ем-дом алып жүрдім. 2015 жылы фистула қойылып, жарты сағатта жасалған операция сәтті шықты. Одан әрі Астанадан диализ орталығын таңдап, соған барып жүрдім. Кейін күту парағына тұру керек деген хабарды естіп, сол тізімге мен де ендім. 2016 жылы наурыздың 25-іне қараған күні емханадан қоңырау түсті. Сол күні Астанаға жеттім. Бір­не­ше анализ тапсырдық. Дәрі­герлер бүйрек сәйкес келген соң, психологиялық жағынан демеу көрсетті. Ол кезде бас транс­плантолог Ғани Мұратұлы және Мелс Нұрсейітұлы бастаған дәрігерлер операция жасады. Содан бері, міне, 7 жылға жуық уақыт өте шықты. Үш ай сайын дәрігерлер жіті тексеріп тұрады. Шаштараз мамандығын оқып, игердім. Қазір сән салонында жұмыс істеймін. Анам қан қысымына байланысты, ал ағам қан тобы сай келмей донор бола алмады. Донордың кім екенін айту медициналық құпия болып саналады екен. Егер ол кісінің ата-анасы, туған-туысы болса, алғыс айтамын, – дейді Сәуле.

Күту парағында тұрып, мәйіт­тік донордың көмегімен қайта аяққа тұрған Сәуле әр адам ден­сау­лығындағы жеңіл сырқатқа жүр­дім-бардым қарамай уақтылы тексеруден өтіп, алдын алудың маңызы жоғары екенін айтады. «Мен ауырдым деп омалып отыра беруге болмайды. Бірден дәрі­гер­ге қаралу керек. Кез келген ауру сол елемегеннен асқынады», дейді ол.

 

Мәселе діни көзқараста емес, қате түсінікте

Тағы бір дерекке жүгінсек, ұйқы безін ауыстыру операциясы дүние жүзінде күрделі әрі ең сирек жасалатын операциялардың бірі екен. Қазір елде осындай екі операция жасалған. Бірі туыстық донордан алынса (Алматыда жасалған), екіншісі Ұлттық ғылыми онкология орталығында мәйіттік донордан алынған. Дүние жүзінде жы­лына шамамен осындай 200-ге жуық операция жасалады. Ащы ішек те солай, сирек ауыстырылады. Трансплантацияда осы екі операция им­мунологиялық жағынан, яки хирургиялық жағынан да өте күрделі екен. Сайып келгенде, мәйіттік донордың аздығынан елде мұндай операциялар өте аз жасалып жатыр. Оның ішінде жүрек трансплантациясын күтіп отыр­ғандар қаншама?! Бұған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да үкімін көрсетіп отыр. Яғни дінде трансплантация дұрыс жағынан көрсетілсе де, діннен хабары жоқ адамдар, өкінішке қарай, дінді жамылып, мәйіттік трансплантацияға қарсы болып жатады. Мысалы, Иран – мұсылман елдері ішінде мәйіттік трансплантация ең көп жасалатын мемлекеттің қатарында. Ел үрке қарайтын тағы бір мәселені осы тұста айта кеткеніміз ләзім. Мәйіттік донор тек адамның жүрегі соғып тұрғанда ғана жарамды болады. Ажал айтып келмейді. Бірақ өмірден өткен, жүрегі тоқтаған туысының ағзасын алады деп бой бермейтіндер де кездеседі қазір. Жоғарыда айт­қан­дай, бас миының біржола семуі тіркелген адамдардың туыстарынан мәйіттік донорға келісім беретіні не қарсылығы туралы сұралады. Себебі бас миы тоқ­та­ған (биологиялық өлім саналады) адамның жүрегі аппараттың көмегімен уақытша соғып тұрады. Осылайша, бір мәйіттік донордың 5, тіпті 7 адамның өмірін аман алып қалуға мүмкіндігі болады. Мәйіттік донордан алынған органдар аппараттың көмегімен жұмыс істеп тұруы шарт. Аппарат тоқтаса, жүрек те тоқтайды. Жүрек алынған соң оның өмірі небәрі 4 сағат болады. Сол қысқа уақытта жүректі екінші адамға салып үлгеру керек. Ал бауырдың өмір сүру ұзақтығы – 10 сағат. Бүйректікі – 24 сағат. Жоғарыда мұқтаж пациенттер күту парағында тұратынын айттық. Онда науқастың барлық сараптамасы көрсетіледі. Содан күту парағында мәйіттік донор­дың көрсеткіштері, тіндік сәй­кес­тігі таңдалады. Яғни бағ­дар­лама мұқтаж пациентті автоматты жүйеде таңдайды. Осы тұста медициналық авиация да жәрдемдеседі. Қысқасы, мәйіт­тік донорды дәрігерлер мұқ­таж адамдарға жеткізіп салуды жетік біледі, жылдам әрекет етеді. Осылайша, ақ желеңділер ертеңіне күмәнмен, күдікпен қарап отырған мұқтаж жандардың туын жықпай жігерлендіріп келеді. Ал шын мәнісінде бұл жайға дәрігерден бөлек, қоғам да жауапты.