Темірлан Екібастұзға қарасты Қоянды ауылының орта мектебін биыл бітіреді. Болашақта IT саласының маманы болуды мақсат биігінде ұстаған өрелі бозбаланың бірі. Жуықта ол виртуалды ойындарды құрастыру конкурсына қатысып, Roblox онлайн-бағдарламасы негізінде Екібастұздағы көмір кеніштері жайлы авторлық ойынын ұсынды. Roblox, бұл – қолданушыларға өз ойынын құрастырып, ойындар ойнауға, жүйеде отыратын өзге адамдармен сөйлесуге мүмкіндік беретін виртуалды платформа. Ойынға күніне 800 мың ойыншы кіреді екен. Ал Roblox-тың әлем бойынша 16 млн қолданушысы бар. Виртуалды ойынқұмарлар үшін бұл жер айрықша әлем, қаншама адам бос уақытын онлайн кеңістікте белгілі бір кейіпкер ретінде өткізеді. Мысал үшін танымал Adopt Me ойындар плейсінде қолданушы белгілі бір жануарды өз күтіміне алып, оны бағып-қағады. Ал Tower of Hell ойыны кедергілерден тұратын ойындарды ұнататындар үшін нағыз ғажайып ортаның өзі.
Қысқасы гейм-девелоперлер (ойын құрастырушылары) үшін Roblox өте тартымды платформа, бұл жерде жақсы табыс табуға да болады. Мұндағы виртуалды жүйе үшін әлем бойынша 2 млн-нан астам құрастырушы ойындар құрастырады.
Темірлан Мұстафин кішкене кезінен компьютерге жақын болып өсіпті. Өзінің алғашқы ойынын небәрі 2-сыныпта оқып жүргенде құрған екен.
– Ол өте қарапайым ойын еді. Десе де, ол менің виртуалды ойындар индустриясына жасаған алғашқы қадамым. Уақыт өте келе бұл салаға деген қызығушылығым арта түсті. Болашақта осы бағытта дамып, білім алсам деген жоспарларым бар, – дейді жас талант.
Қарапайым ғана ауыл баласына жуықта АҚШ-тан өңірімізге арнайы келген кәсіпкер Максим Михеенкомен кездесу үлкен әсер еткен. Максим кәсіпкер ғана емес, 2D, 3D аутсорсингімен танымал әрі ірі жобаларға анимациялар мен бағдарламалар құрастыратын «1518 Studios» студиясының негізін қалаушы. Былтыр күзде IT маман Екібастұзда жастар үшін шеберлік сағатын өткізгенде сабағына қатысып, пайдалы дүниелерді үйренгенін айтады. «Михеенкомен кездесу мені шабыттандырды. Шара соңынан танымал маманға жақындап, өзімді мазалап жүрген идеялар жөнінде ой бөлістім. Айтқандарым оны қызықтырып, ойын құру бойынша тестілеуден өтуді ұсынды. Жасаған бағдарламам өзім үшін әлі пісіп-жетілмеген, ресурстары жеткіліксіз болып көрінгенімен, конкурста бағалаушылардың жоғары бағасын алып, жеңіп кетті», деп бөлісті әсерімен Темірлан.
М.Михеенко 16 жасар оқушының бұл салаға икемі зор екенін айтады. IT саласының толыққанды маманы болуға деген ұмтылысын қолдап, Roblox және Sandbox платформалары үшін жасаған бағдарламаларының нәтижелі шыққанына қуанышты екенін жеткізді.
Жуықта конкурс ұйымдастырушылары Темірланды Астана қаласына арнайы шақыртып, «1518 Studios» студиясының атқарушы директоры Максим Михеенко жеңісімен құттықтады. Жас өренге макбук сыйға тартып, анасына баласына сенім артып, қолдағаны үшін алғыстарын айтты. Ал Темірлан үшін бәрінен маңыздысы, аталған компаниядан онлайн режімде сынақ мерзімінен өтуге шақырту түсті. Бұл мүмкіндікті дарынды бозбала мүлт жібермеймін деп отыр. Алдағы уақытта ол оқуын жалғастырып, қашықтан жұмыс істеп табыс табуды мақсат етіп жүр. Бұған қоса өзі үшін аяқталмай қалған жоба – Екібастұздағы көмір кеніштері жайлы виртуалды ойынын жетілдіру қажет деп санайды. Темірланның ойыны арқылы әлемнің ойыншылары жергілікті алып кеніштер, ондағы күндіз-түні бір тыным таппайтын экскваторлар, алып машиналар мен көмір өндіретін өзге де технологиялар жөнінде кеңінен танысып, білмек.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы,
Қоянды ауылы