Өнер • 22 Қаңтар, 2023

Сұлулық мерекесі

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Салтанат Сәдібекованың шығармаларына ширақтықпен қатар колориттің қанықтығы тән. Суретші табиғат сұлулығын жырлай отырып, табиғи ортадағы өмірді анық әрі нанымды бедерлеуге тырысады. Түсті, табиғаттың тылсым бояуларын талғампаздықпен сезінеді.

Сұлулық мерекесі

ыва

Суретші кейде табиғат пен адам арасындағы елші секілді. Жүрек лүпілі қылқаламның әрбір сүйкелісінен көрініп тұр­са ғана суретшінің өмірі мен шығармашылығының біртұтас әлемге айналғаны. Сұлулықты осылай ғана түсінуге болады. Жанымен жазатын шебер таңсық жемістер, әдемі гүл шоқтары, гүл тізбектері, күлтеленген маталар, формасы әшекейлі себеттер, тауыс қауырсындары мен әсем ыдыстарды бейнелегенде жансыз затқа жан бітіргендей әсерге қалдырады. Кенептегі омбы қарға шомылған биік қара­ғайлар, кішкентай терезелері жар­қыраған аласа үйлер, күн ша­пағына бөленген ауыл кеші, Іле Алатауы жоталарының маңғаз көрінісі жүрекке жылы тиеді. Оның қолтаңбасына тән басты ерекшелік – жарқын да қанық палитра, өмірге құштарлық һәм позитив. Ми кемірген мыңсан сауал­дың жауабын ағаштардан, гүлдерден, жемістерден, аспандағы бұлттардың ғажап құбылысынан іздейтін суретші мұңның өзін сұлулық арқылы береді.

вапв

Кейіпкеріміз өнерге алғаш қадам басқанда импрессионист суретшілерге айрықша қызы­ғушылық танытқан. Өзінің сү­йікті суретшілері сияқты, ол да үне­мі эксперимент жасайды, біре­се таза бояуларды түтіктен тіке­лей кенепке сығып, бояп, туын­дысын импрессионистерше ұсақ бояулармен аяқтайды, кей­де, қарама-қарсы түрлі-түсті кө­леңкелер жасау үшін қара түсті немесе қою көк кобальтты пайдаланады. Туындыгер француз және орыс пост-импрессионист және авангард суретшілерінің полемикалық жұмыстарына да назар аударады. Оның туындысында өзіне тән қарама-қарсы түс­тер, жеңіл геометриялық пішіндер, объектілерге бірнеше көзқарас­тың үйлесімі көрінеді.

ьо

Өнертанушы Мария Копе­лио­вич, «Салтанат үшін жалпы­адамзаттық мәселелерге, мін­дет­терге және оларды шешу мүм­кіндіктеріне көңіл бөлу өзек­ті», дей келе Сәдібекованың қол­таңбасы хақында өз ойын ортаға салды.

– Бүгінгі таңда Сәдібекова біз­дің мәдени өмірімізге берік енген «сәндік кескіндеме» стилінде жұмыс істейді. Декоративтілік көр­кем шығарманың көркемдік дизайнын толықтыра отырып, талғампаздығымен, сәндік формасымен, бөлшектерді мұқият өңдеуімен ерекшеленеді. Су­ретші түсті туындының өзін-өзі бас­қаратын объектісі ретінде тү­сіндіреді. Сонымен қатар ол түс пен сызық, пәндік пішін және үш өлшемді кеңістік арасындағы көрнекі диалогке де қызығушы­лық танытады. Мысалы, күздің су­реттерін салу үшін Салтанат күзгі ашық табиғи түстерді пайдаланады, бірақ екінші және үшінші жоспардағы үнсіз тон­дардың, ақ дақтардың қарама-қай­шылықтарының және бірін­ші жоспардағы қараңғы сызық­тық үлгісінің арқасында оларды күй­діріп, жарқыратады. Қазіргі заманғы өнерде форма мен стиль шексіз түрде еркін қолданылады. Бұл фактіні бастапқы нүкте ретінде қабылдай отырып, Салтанат өзінің шынайы үні мен әлемге деген көзқарасын көрсетуге тырысады. Оның пікірінше, шығармашы­лық ізденіс, өзін-өзі көрсетуге деген ұмтылыс суретшіден өте адал болуды, етене жақын, терең тәжірибенің басын ашуды талап етеді, сондықтан ол әрқашан өз картиналары үшін жаңа бағыттар мен бейнелерді іздейді, – дейді Мария Копелиович.

Жуырда суретшінің Ә. Қастеев музейінде сән түзеген «Бояулар мерекесі» атты көрмесіне бару­дың сәті түсті. Оның «Шарын шат­қалы» туындысы еріксіз назар аудартады. Басты нысан­нан бөлек кенептегі жаздың аптап ыстығы, аспанның қанық көк түсі шөлейттер аңғарының сұлулығын арайландыра түскендей. Биіктігі 300 метр және 12 миллион жыл болған шөгінді жыныстардан тұ­ратын көлемді монументалды табиғи ескерткіштер бірінен соң бірі бейнеленген шығарманың өзегіне үңілген көрерменге Ша­рынмен байланысты кез келген гипербола, метафора, эпитеттің сыры ашылады. Сәдібекова кенептерге алдын ала эскиздер жасамайтынын, бірақ бос кенепке «көлеңкесіз сызықтармен» сурет салатынын, содан кейін жұмыс «жоғарыдан аян түрінде келетін колористикалық шешіммен» аяқ­талатынын айтады.

Кейде суретші әлем халықта­ры ертегілерінің сюжеттеріне назар аудару арқылы, ежелгі әлемнің мәдениетіне көңіл бөледі. Бұл оған кітаптарға емес, интерьерді безендіруге арналған «миниатюралар» жасауда бұрынғы ше­бер­лердің тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ