Қазақстан • 23 Қаңтар, 2023

Ұлттық ұлан өткен жылды қорытындылады

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланының елордалық бригадасында құқықтық тәртіп әскерлерінің басшылық құрамының үш күндік оқу-әдістемелік жиыны аяқталды. Іс-шара аясында ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Әскери кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық ұлан өткен жылды қорытындылады

Кеңейтілген құрамда өткен отырысқа Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов, сондай-ақ Бас қолбасшылықтың генералдары мен офицерлері, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары мен Академия бастығы, әскери бөлімдердің командирлері және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, Әскери полиция бастықтары және өзара қарым-қатынас органдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында әскери қызметтің өткен жылғы қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ ҚР Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының жаңа талаптары аясында Ұлттық ұлан әскерін одан әрі жетілдіру және дамыту мәселелері қаралды.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген құқық қорғау ведомствосының басшысы Марат Ахметжанов бөлімдер мен бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік қызметін ұйымдастыруды одан әрі жетілдіру, кадрларды нығайту, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша бірқатар міндет жүктеді.

«Жедел жағдай шиеленіскен кезде полиция департаменттерінің басқа құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын үйлестіруді, тұрақты жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету қажет. Жеке құрамды жедел даярлауды жетілдіру және әскерлерді оқытудың тиімді нысандары мен әдістерін тәжірибеге енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Дағдарыс жағдайлары туындаған кезде күштер мен құралдардың жедел қолдануға дайындығын қамтамасыз етуді қолға алуды ұсынамын», деп атап өтті полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар министр жоғары жауынгерлік дайындықты қамтамасыз етуге, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне, жеке құрамның ұйымдастырылуы мен әскери тәртібіне ерекше назар аударды.

Отырыс барысында өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің лауазымды бірқатар адамы тыңдалды, олардың бөлімшелеріне сеніп тапсырылған елеулі кемшіліктер анықталды.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов 2021 жылмен салыстырғанда Ұлттық ұланның қызметі айтарлықтай өскенін атап өтті.  Жалпы, Ұлттық ұланға заңмен жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер толық көлемде орындалғанын атап өтті.

Әскери кеңес жұмысының соңында 2022 жылғы «Жауынгерлік сайыс» жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сайыстың нәтижелері бойынша әскерлерде 21 үздік рота мен 113 үздік взвод анықталды. Сонымен қатар 4,5 мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік даярлықтың үздіктері атанды. Жауынгерлік жарыста ең жоғары нәтижелерді 5518, 5514, 6698, 6679, 5547, 6655, 3502, Ұлттық ұлан Академиясы және әскери бөлімдердің арнайы мақсаттағы 5518, 6637 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері көрсетті.