Әдебиет • 23 Қаңтар, 2023

«Жанбота мазамды алды ала жаздай...»

341 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Аспан болған соң, ашығы жақсы», депті ғой Оралхан Бөкей. Біз шамамыз жеткенше туынды туралы айтамыз. Оның шырқау биігі мен тереңіне жету-жетпеу – басқа әңгіме. Кейбір ұлы туындылар хақында автордың өзі терең бойлап жеткізе алмауы мүмкін, кейде. Енді, әрине, сөз шығарма жайында болған соң, оның иесі хақында да тоқтала кетуге тура келеді.

«Жанбота мазамды алды ала жаздай...»

Туынды, өнер атаулының өзі түр-түрге бөлінбей ме? Оқуға, тыңдауға, тамашалауға арналған. Осылардың арасынан шығарманы автордың өзінен тыңдағанға не жетсін? Егер бір әйгілі шығарма тудырған өнер иесін көре қалсақ, кемі суретке түсіп қалуға тырысамыз. Немесе онымен аз-кем сұхбаттас болуға, реті келсе, дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып қалуға ұмтылуымыз мүмкін. Көңілі ояу, сана-сезімі сергектер сөйтеді, әрине. Басқаларында шаруамыз шамалы.

Әңгіме сол өнер иелерімен отырыстан туа­ды. Өткенде бір ақын жігіт тап-тамаша мәжі­лісте қанша қолқаласа да өлең оқымай қойды. «Зауқым соқпай отыр», деді. Үкілі домбыраны серік еткен небір әншінің кей отырыста әу демей кеткеніне немесе бір ән ғана орындап, әрі қарай үнсіз қалғанына талай куә болған шығарсыз? (Бұл жерде біз эстраданы жамылған фанерщиктер туралы айтып отырмағанымыз белгілі. Олар онсыз да тірі дауыста ән сала алмайды!) Күйі соқпай отыруы кәдік қой. Таң-тамаша етер дүние тудырған олардың да аспаны бар. Аспанын бұлт басып, көңілін кір шалып жүруі мүмкін. Жаным қамықты екен деп, асыл өнерді торықтырмайын дегені де.

«Біржан сал» фильмін тамашалаған болса­ңыз, Жанбота болыстың салға қолқа салатын жері бар ғой. Біржан бір әнінде «Бас қосқан мәжі­лісіміз болады деп, Жанбота мазамды алды ала жаздай» демей ме? Демек оқиға өмірден алын­ған. Сонда сал «осы сапарға мені әурелеме, дидәку салатындай күйім тасып тұрған жоқ», деп болыстың бетін қайтарса да, Жанбота қой­май, ақыры көндіреді. Ал шындығында өнерге зорлық жүрмейді ғой. Оның үстіне дер кезінде адамның жағдайы, көңіл ауаны соқпай тұрса, оны тәкаппарлыққа балауға бола ма?

Бұған әртүрлі мысал айтып, біреуіне тоқта­луға тура келеді. Кезінде күйші, өнертанушы Қайрат Айтбайдың бір мақаласынан дәл осын­дай болмаса да, бұл ойымызды аша түсе­тіндей мынадай әңгіме кездестіргенмін: «Ақкөл-Жайылма жеріне барып көзкөрген, ескі­құлақтардан әнші, композитор Естай жайында едәуір мәлімет жинап қайтқаным бар. Сол сапарда аса құнды деректерді берген Қасымұлы Кәкен қария әншінің мінезіне байланысты ренжіңкіреп отырып: «Естай бізді менсінбе­ді, оған ән салғызу қиын еді ғой», деп қалды. Әңгімесінің түбіне жеткім келіп, оның үстіне әнші мінезіне қанық болайын деген оймен қарияны ширатып, сөйлетіп алдым. Қарияның айтуынша былай: «1944-1945 жылдар шамасында бір ауылдас ағайынымыз соғыстан оралды. Он екі мүшесі сау келмесе де, тірі келгеніне шүкір деп ағайын-туыс қосылып кішігірім той жасады. Елден жырақ жүріп, сауықшыл ауыл­дың әнін көксеген соғыс ардагері: «Әнші ағам қайда, дауысын аңсадым, әнін сағындым!» деді. Дастарқанда отырған үлкендер Естайға адам салды. Әнші жауап қайтармапты. Сәлден соң тағы кісі жіберіп шақыртты. Естай тағы да үнсіз қалыпты. Үшінші рет «Қой, өзім барып шақырайын», деп соғыс ардагері қолына балдағын алып ыңғайлана бергенде Естай сәлем беріп шаңыраққа кірді. Дастарқан басында ел қанша жалынса да, бір әннің бір шумағы мен қайырмасын қайырып үйіне кетіп қалды», дейді қария.

Бір қарасаңыз, алыс сапардан, қиян-кескі соғыстан оралып отырған адамның көңілін аулап бірнеше ән салып берсе несі кетеді деген де ой келеді. Бірақ Естайды білетін жан әнші халін түсінер еді. Турасын айтқанда, ақтап алады. Естайдың артынан ерген екі ұл болған. Бірі аштық жылдарында өлім құшса, тұла бойы тұңғышы Жәнәбіл соғыста қаза тапқан болатын. Бұл – бір. Екіншіден, Естайдай аса дарынды әнші, ақын, композиторға «ән сал» деген жердің бәрінде сарнап отыра беру тән емес. Заманында Біржан сал, Ақан серінің соңына еріп, ел құрметіне бөленген өнерпазға лайық ақсүйектік мінездің нышанын байқаймыз», дейді Қ.Айтбаев.

«Он екі мүшесі сау келмесе де, тірі келгеніне шүкір деп ағайын-туыс қосылып кішігірім той жасады» дегенінен-ақ белгілі жағдай. Баласы соғыстан қайтпаған атақты әнші, композитор Естайдың бұл отырысқа келген соң көңілі босары айтпаса да түсінікті деп ойлаймыз. Басқа да дүниелер қабаттасуы да мүмкін. Өнер иесін былай қойғанда, сезімтал жүрек иесінің көңіл күйі мен зауқы адам түсініп болмайтын күрделі нәрсе емес пе? Тыңдарманның қақысы әрқашан орынды көрінгенімен, туындыгердің жай-күйі одан анағұрлым нәзік, қым-қуыт дер едік.