– Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтеді. Қазіргі кезде еліміздің ең маңызды салалары денсаулық сақтау, энергетика, білім беру бағытында жұмыс істейтін резервшілердің саны өте аз. Бұл ретте, резервшілердің салалық топтарын қайта қарастырамыз. Үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органның қатысуымен өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – деді агенттік төрағасы.
Ал осыған дейін резервке қабылданған, алайда өзге елдің азаматтығын алып Қазақстан азаматтығын жоғалтқан, сондай-ақ қызметтен түрлі себеппен кеткендер резервтен шығарылады. Сонымен қатар мемлекеттік грантпен білім алған жоғары оқу орындарының үздік түлектері аудандық және ауылдық деңгейлерде конкурссыз қызметке тағайындалады.
– Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық жерлерге оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Бұған қоса «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады. Сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жоғары үлгерімін көрсеткен түлектерді оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындауды қарастырып отырмыз, – деді Д.Жазықбаев.
Ал екі тоқсан бойы қабілеттіліктері тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, егер төменгі бос лауазым орны болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Агенттік басшысының айтуынша, бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.
Бұған қоса агенттік мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына жіберген. Заң жобасында Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мәселесі қарастырылған. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайды.
– Алдағы уақытта мемлекеттік органдардағы басқарушы және атқарушы лауазымдар саны реттеледі. Қазіргі кезде, кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бөлімшелер бар. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымын қалыптастыру. Осының бірі ретінде «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленді, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Ендігі кезектегі біздің жоспарымыз жаңа іріктеу жүйесін сынақтан өткізу, – деді агенттік төрағасы.
Аталған қанатқақты жоба 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда (Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері) сынақтан өткізіледі.
Бүгінде кейбір қызмет көрсету салалары бюрократиядан арыла қоймағаны белгілі. Осы бағытта агенттік денсаулық сақтау, білім беру, еңбек, әлеуметтік қорғау салаларына талдау жүргізіп, мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше тұрғындарға бағдарланған сервисті қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған 183 ұсыныс әзірлеген.
– Бұған қоса, жалпы мемлекеттік органдардың жұмысында көп кездесетін ішкі әкімшілік рәсімдеріне кешенді мониторинг жүргізілді. Бұл жұмысқа әртүрлі сала мамандарынан, азаматтық қоғам өкілдерінен және сарапшылардан құралған жалпы саны екі мыңға жуық адам қатысты. 2023 жылы қаржы-экономикалық саласына талдау жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді Д.Жазықбаев.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысына Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, орталық мемлекеттік органдар өкілдері, аумақтық департаменттердің басшылары, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері қатысты.