Оқиға • 24 Қаңтар, 2023

Ақмола тұрғынынан ақша бопсалағандар ұсталды

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласының 22 жастағы тұрғыны полицияға бопсалау фактісі туралы хабарлап, арыз жазған, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола тұрғынынан ақша бопсалағандар ұсталды

Жас жігіттің айтуы бойынша, белгісіз үш жігіт оны пәтерге күшпен кіргізіп, денесін жарақаттап, кейін пышақпен қорқыттқан. Ондағы мақсаттары - үлкен мөлшерде қаражат талап ету. Жағдайды егжей-тегжейлі анықтаған жедел уәкілдер жәбірленушінің бұған дейін ВКонтакте әлеуметтік желісінде қызбен танысқанын анықтады. Ал алғашқы кездесуден кейін оны бопсалаушылар «ұстап алған». Жәбірленушіде талап етілген сома болмағандықтан, қаскөйлер оның телефонындағы банктердің қолданыстағы қосымшалары арқылы екі онлайн-несие рәсімдеп, жәбірленушіні үнемі өздерінің бақылауында ұстап, жақын маңдағы банкоматтардан ақшаны шешіп алған. Қолма-қол ақша берген жас жігіт бірден полицияға жүгінген.

«Аталған дерек ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Көкшетауда арнайы операция нәтижесінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілерді ұстады. Облыс орталығының 25 жастағы тұрғыны, топ жетекшісіне қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тағы екі қатысушыға қатысты шара қабылданып, қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр», деп жазылған хабарламада.