14 Маусым, 2014

Алтын діңгек

435 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мерейли отбасыОтбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауы аяқталды. Бүгін біз оның жеңімпаздарын елге таныстыруды Ақмола облысынан бастап отырмыз.  Мукашев Ешмухан Мукашевич с дочерью Кайшан

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бірінші орнын  Мұқашевтер әулеті алды

Ұшқан ұя

Әңгімемізге арқау еткелі отыр­ған Мұқашевтер әулеті жөнін­дегі шағын шежірені, осы әулеттің ұс­таздық бастауында тұрған Ешмұхан Мұқашевтен таратуды жөн көр­дік. Ешмұхан Мұқашев Ақкөл ауда­нын­дағы Өрнек ауылының тумасы, қа­зақ тілі мен әдебиетінен дәріс бер­­ген. Белгілі жазушы Жайық Бек­тұров Ешмұхан Мұқашұлының білім бұ­ла­ғынан бірге сусындаған, қалам қай­раткерінің ізбасары, шәкірті болған. Отбасындағы 8 баланың бесеуі әке жолын қуып, мұғалімдік мамандығын таңдапты. Ұстаз отбасында дүниеге келіп, тәлім-тәрбие алғандар бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде білім, ғылым саласында еңбек етіп жүр. Әрине, балапан өскенде қыран болуы үшін, оны ұшуға үйретуші мұзбалақ болуы шарт. Сол балапандарды ұясынан ұшырып, бойына білім-өнеге Һәм тәрбиені дарыта білген Ешмұхан Мұқашев тек бір отбасының ұрпағына ғана емес, аудан, облыс, Республика көлеміндегі педагог, тәрбиешілер қауымына үлгі. Әңгіме кейіпкері Ешмұхан Мұ­қашев бірге туған бауырлары да Ақ­мола облысының мектептерінде ең­бек етіп, талай педагогикалық ұжым­дарды басқарған. Мәселен, туған інісі Кенжебек Мұқашев те 44 жыл ұстаздық еткен. Оның Ғалия есімді қызы Астана қаласындағы Ме­дициналық универ­ситетте мұ­ғалім, ал Әлия атты қызы елорда­дағы Ауыл шаруашылығы уни­вер­ситетінде оқытушы. Ешмұхан атаның тұңғышы Фаина Мұқашева – облысымызға, Республика көлемінде кеңінен белгілі. Ол талай жылдар бойы Ақмола облыстық білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры болды. «Қазақ КСР ағарту озаты», Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері белгісімен, «Еңбек ардагері», Ы.Алтынсарин ме­дальдарын, Президент Н.Ә.На­зар­баевтың Алғыс хатымен марапатталған. Оның кіндігінен тараған ұл-қызы да ұстаздар қатарында. Қайшан Ешмұханқызы зейнет жасына келгенше Ақкөл ауданы, Өрнек орта мектебінде директор болып, осы мектепті ғана емес, осы ауылдың көркеюіне мол еңбегін сіңірді. Тағы бір қызы Зейін Аюпова-Мұқашева аяулы анасы мен ардақты әкесінің бастаған жолын жалғап, жолдасы Талғатбек Аюповпен бірге Өрнек орта мектебінде мұғалімдік жұмысын атқарып, осы мектептің ұжымын басқарды. 2009 жылы Өрнек орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Еңбек өтілі – 37 жыл. Ұлы Мұқашев Дәулетхан орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педаго­гикалық институтын бітірді, орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді, еңбек өтілі – 30 жыл. Тәрбие мен білім беруші, ұстаз Ешмұхан Мұқашевтің екінші ұрпағын да әңгімеден тыс қалдыру мүмкін емес. Оның өмірлік жолы әкеден балаға, баладан немереге мұра болды. Қызы Фаина Ешмұханқызынан 1971 жылы дүниеге келген жиені Сатыбалдина Дина Жағыпарқызы – Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеттің оқытушысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, доцент. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген даналар сөзі Мұқашевтер сынды атадан-балаға жалғасқан, тамырын тереңнен алған өнегелі әулетке арналса керек. Мәдина ҚАСЕНОВА. дин Батырхановых

Батырхановтар әулеті – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының екінші орын жеңімпазы

Мәуелі бәйтеректің бұтақтары

Көкшетауда ылғи басшы қызметтерде, әлдебір абыр-сабыр ұйымдастыру шара­лары­ның басы-қасында жалындап жүретін Батырханов деген азамат жігіттер бар. Олар – өткен жылдары Көкшетау қаласының әкі­мі болған, қаланың құрметті азаматы, рес­публиканың құрметті құрылысшысы, бү­гінгі таңда облыстық еңбек инспекциясы бас­қар­масының басшысы Мұнарбек Бүркіт­байұлы Батырханов, республиканың құрметті туризм қызметкері, профессор, бүгінгі таңда облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Бүркітбайұлы Батырханов, қаржы полициясының отставкадағы полковнигі Темірбек Бүркітбайұлы Батырхановтар. Қары­ндастары Гауһар Бүркітбайқызы Батыр­ханова болса республиканың денсаулық сақтау саласының үздігі. Бір-біріне түрлері ұқсас ағайындылардың алғырлықтарына риза кейіппен қарап, осы ұл-қыздың бір шаңырақтан өрбігеніне көңілің тола отырып, шыққан ортасы кім екен дерің анық. Сол мезет өңірі орден-медальдарға толы, тоқсанды толық өңгерсе де, еңсесін тік ұстап, кәрі емендей қасқайып келе жатқан олардың әкелерін көресің. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, дербес зейнеткер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» Бүркітбай Батырханов ақсақал. Абзал аналары Күлнарай Тәкенқызы. Бүгінгі қазақ қоғамында «шал көп те ақсақал жоқ, дуалы ауыз қария жоқ» деп күңіренгендерді құлақ шалып жүр. Ондай дерттің бары рас. Жасы жеткенмен кемеліне жетпей, кері кеткен заманның ықпалынан шыға алмай жүрген бірен-саран үлкендер бар да шығар. Бірақ, Құдайға шүкір ұлтымыздың инабаты мен ибасын, қадірі мен қасиетін бойына сіңіріп қалған бәйтеректей асыл аталарымыз жетіп артылады. Соның бірі, міне, сали­қ­алы да сабырлы, үрім-бұтағын жайқалтып өсірген, ұлты мен жұртына еңбек еткен, он немересі мен жиырма шөбересін иіскеп отырған Бүркітбай Батырханов ақсақал. Одан әрі үңілсеңіз өмірдің талай қиынды­ғынан мұқалмай, талай сынағынан сүрінбей өткен Бүркітбай атайдың ата-тегіне көз жүгіртсеңіз оның да текті әулеттен қанат қағып шыққанын аңғарасыз. Әкесі Мәсіп Айыртау өңірінде құс салып, ит жүгірткен кәсіби аңшы, саятшы болыпты. Аталардан мирас болып қалған осы бір сахи өнерді мән беріп мәністеп, қызғыштай қорғапты. Тіпті, КСРО-ның саятшылар қоғамына мүшелікке тіркеліпті. Мәсіп аңшы аң қуалап, қызыққа құс салған емес, оны өнер деп, шын кәсіп деп қараған екен. Күші мен қайратына, өрелі өнеріне сенген ол ешқашан қара басының қамын күйттемеген, көпті ойлаған, жұртқа пана болған. Осындай отбасында өскен Бүркітбай атай да өмір сынақтарында бір сүрінген жоқ. Кешегі Ұлы Отан соғысында еліміздің арда азаматтарымен бірге от кешті, жауған оқтың астында жүрді. Елге абыроймен оралды. Соғыстан кейінгі қираған елді қалпына келтіру ісіне белсене аралас­ты. Адал жүрді, бел шешпей еңбек етті. Облыстық партия комитетіндегі жауапты қызметін де мүлтіксіз атқарды. Ой жүйесін іркіп, тоқтала кетсек, 1941 жы­лы Көкшетау педагогикалық училищесін, 1962 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді. Қызылту аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Көкшетау облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Бірінші дәрежелі Ұлы Отан со­ғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» орден­дерін, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Малая Сербия ВСХВ», тағы басқа медальдарды иеленді. Отанға осылай еңбек етіп, абыройлы ұл-қыз тәрбиелеген ардагер атамыз жақын­да облыстық «Мерейлі отбасы» бай­қауына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бүгінде қазыналы қарт атанған Бүркітбай ақсақалдың бұл тағы бір өнегесі еді. Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ. Көкшетау. фото Колесник с детьми внук правн

Колесниктер әулеті – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының үшінші орын иегері

Тыңның тұңғыш шаңырағы

Ең алғаш салынған үй, бірінші көше. Қазіргі Егіндікөл ауылындағы ықшамаудан1954 жылдардағы тұңғыш тың иге­ру­ші­лердің орналасқан жері болатын. Жалынды жастар үлкен талпыныс­пен бас­паналарын құра бастайды. Ал олардың арттарынан паромдармен Есіл өзені арқылы техника келіп жетеді. Бірнеше күннен кейін палаталы шағын қалашық ырғақта жұмыс істейді. Дүкендер ашылды. Бірақ онда сатушы болмапты. Түрлі азық-түлік бар палаткадағы дүкенде касса-жәшігі тұрыпты. Оған алғашқы тың игерушілер алған тауары үшін ақшасын салып отырды. Бір айдан кейін сатушы келеді. Тексеріс жасайды. Сонда касса жәшігінде ақ­шаның сомасы тауардан әлдеқайда көп екенін байқайды. Көктемге қарай құрылыс жұмысы да жанданып, алғашқы көшелер – Целинная және Белорусская деген атпен пайда болады. Құрылыс материалдары тасымалданып, үйлер салына бас­тайды. Әдетте, жолдастар жиналып, ай сайын кезекпен бір-біріне үй салатын. Палаталардың орнына әдемі ауылдар пайда болды. Тың игерушілердің алғашқы қатарында Харьковтен келген украин­дық жігіт Николай Колесник те бар еді. Сол күні ол өзінің Қазақ­станын­дағы, өзінің алпысыншы көк­темін қарсы алады. «Сол кезде алғашқы көктемді асыға күттік. Маңайдың бәрі жыртылмаған кең дала. Алғашқы бескорпустық соқаны да тіркедік. Көптен күткен алғашқы жер жыртылды. Оркестр ойнап, гүл сыйланбаса да әрқайсымыздың жанымызда салтанатты сезім тұрды», деп әңгімесін өрбітті Николай Дмитриевич. «Әлі есімде, ең алғашқы егіс­тік жер. Мен тың жерді игеруге слесарь болып келдім. Бірінші жылы механизатор тапшы болды. Сонымен, бүкіл тағдырым жермен тамырласты. Кейіннен машинаға отырдым», дейді ол. Бүкіл саналы ғұмырын осы Крас­нознаменский совхозының өр­кен­деуіне арнаған, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ор­дендерінің иегері Николай Дмитриевич Колесник нағыз – еңбек адамы.Осы жерде балалары да, немерелері де өсіп ержетті. Бақилық болған жолда­сы Олимпиада Сергеевна екеуі ши­рек ғасыр тату-тәтті өмір сүрді. Тың жердегі өткен ең алғашқы той да осы екеуінікі болатын. Тың игерудің бі­рінші жылының көктемінде, 31 ма­­мыр­да бас қосып, отау құрады. Ауы­­лымыздың көнекөз қариялары бұл отбасылық жұпты отбасылық ба­қыт пен сенімділіктің үлгісіндей көреді. Тың – оның жалын атқан жас­тығы, өмірінің еңбір керемет қы­зық­ты шағы болып қала бере­ді. Жыл са­йын көктем келгенде, Нико­лай Дми­триевич әрдайым өзінің қазақ же­ріндегі тұңғыш көктемін еске алады. Светлана Гурбанова.  Егіндікөл ауданы. P.S. Еліміз өңірлерінде ұйымдастырылып, өз мәресіне жеткен «Мерейлі отбасы» акциясының жеңімпаздары туралы материалдар сериясы газетіміздің алдағы нөмірлерінде өз жалғасын табатын болады.