Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бір үйдің төрт қабырғасының ішінде болып жатқан оқиға ойдан шығарылған дүние емес, әр адамға таныс. Ата-анасын, бауыр-баласын, ағайын-туысын қадірлейтін қазақ үшін жанына тіпті жақын тақырып. Жаһандық ауқымды өзгерістің жерге түскен жарықшағы отбасында күн сайын болып жататын елеусіз оқиғалардан көрініс табатынын пьесадағы әке мен қызының күрделі қарым-қатынасы сипаттаған. Адамгершіліктен ажырап, екіжүзді, түйсіксіз тобырға айналып бара жатқан ұрпақтың құлақ-көзі маталған. Өмірдің мәні қызық кешіп, байлыққа кеңірдегінен батып, тек өзі үшін тіршілік кешу деп түсінетін жастарды толқын-толқынымен тудырып жатқан жаһандану өзгерісі ең алдымен, әр жекелеген адамның өз бойында, санасында өрнек салады. Пьесаның бас кейіпкері Ақсақалдың образына жинақталған осы идея желісі адамзаттың бір бөлшегі іспетті қазақ қоғамының да бірталай шындығын баяндауды мұрат тұтқан.
Ақсақал қартайған, жады тозған, ақыл-есінде ақау бар. Сырқатына қарай сөзі де, жүрісі де өзгерген. Ақсақалдың шын сөзі қайсы, өтірігі қайсы, болжап білу мүмкін емес. Сырқатқа ұшыраған санасымен үй ішінде өзіне қарсы жасалып жатқан әрекетті, өзгерісті өзінше пайымдайды. «Астанаға кетемін» деп қорқытатын қызын жақсы көреді, үйін жақсы көреді, өзі тұрған қаланы жақсы көреді, «Астана суық қой, барса, тоңып қалады ғой» деп қызының денсаулығына алаңдайды, бір сөзбен айтқанда, жүрегі жұмсақ, жаны ізгі қазақтың қариясы. Сана сәулесінің өшіп бара жатқанына қарамастан қарияның рухы мықты, өзін әлі де тың, мықтымын, керекпін деп ойлайтындықтан, жалдап берген күтушіні де қажетсінбей, жала жауып, үйінен қуып жібереді.
Алпыс жыл отасқан жарынан айырылып, өткеннің бәрін ұмытып, өзін жоғалтып жалғыздыққа бой алдырған Ақсақалдың бар сүйеніші үлкен қызы Айжан еді. Әкесінің ұмытшақтығынан мезі болып, жеке басының бақытын ойлаған Айжан ерінің қысымымен үйді сатып, әкесін Қарттар үйіне өткізіп, құтылғанша асық. Спектакльдің соңына дейін Айжанның аяушылық сезімі оянып, әкесін алып қалатын болар деген үміттің жетегінде отырасың. Осы тұста актерлердің аз ғана шоғырына құрылған спектакльде көп кейіпкердің болмағанына қуаныш білдіруге тура келеді. Әйтпесе мына «жындыхананың» ішінен көрермен де ақылынан адасып шығар еді. Бас-аяғы бес кейіпкер сахнаға кіріп-шыққан сайын көрермен бірте-бірте өз ақылының дұрыстығына күмән келтіре бастайды. Пьесаның діттеген мақсаты да сол болуы керек – өтірік пен шынның шекарасының қай жерден шайылып кеткенін көрермен біле алмай дал. Ақсақалдың қайта-қайта жоғалтып, тауып алып жүретін сағаты біреу ме өзі, екеу ме, қызы ажырасқан ба, әлде отбасылы ма, ол Астанаға кете ме, әлде қала ма, қарияның күйеубаласы бар ма, жоқ па? Көрермен мидай араласып сапырылысқан өтірік пен шынның ішінен ия Ақсақалдың, әлде өзінің шатасқанын біле алмай, тақтайдай тегіс жерде миына салмақ салатын сансыз сауалдың құрсауында қалады. Терең психологизмге құрылған драманың бас кейіпкері Ақсақал – Болат Әбділмановтың бір көңіл күй ахуалынан басқа күйге тез ауысатын шеберлігінен қарап отырған адам «жынды» болып, әупірімдеп оқиға ізінен адасып қалмауды ғана ойлайды.
Кез келген пьесаны сахнаға шығарар алдында бір ғана сұрақ маңызды болса керек-ті: «Бұл драма бүгінгі күн үшін өзекті ме?» Әрине, өзекті. Туыстар арасындағы бірлік, татулық, әке мен бала арасындағы түсіністік, отбасы бүтіндігі дәстүр мен салтынан айнымаған ұлтымыз үшін қай кезеңде де күйіп тұрған мәселе. Бірақ мәселенің туындауы аз, «Ол сахнада қалай көрініс тапты?» деген сұрақ одан да гөрі өткір қойылуы керек. «Әкем Альцгеймер ауруына ұшырап, ақылынан алжасса, менің әрекетім қандай болар еді? Шыдамдылық таныта алар ма едім, әлде Айжан сияқты бағусыз-қағусыз қалдырып, шімірікпей Қарттар үйіне апарып берер ме едім?» деген сұрақты көрермен өзіне қоя алды ма?
Рас, Ақсақалдың рөліндегі театрдың белді әртісі Болат Әбділмановтың иығына жүктің ауырлау жағы түскен. Ми жұмысы бәсеңдеген бас кейіпкер құрдымға өзін ғана емес, көрерменді де тартып алып бара жатыр. Қорқынышты. Өзінің кім екенін білмеген шала-жансар санасымен шындық іздейді. Жоқ. Күтуші Ибагүл – белгілі актриса Гүлшат Тұтова. Жасы жер ортасына келгенде науқас адамның «ұры» атандырып, намысына тиіп қорлағанынан қажыған. Ауруды баққанша, басы ауған жаққа, өзінің үйреншікті жатақханасына кеткені жақсы. Айжан қызды жас актриса Майра Әбсадықова ойнап жүр. Перзенті болған соң әкесін қимайды, бірақ бақытты болуына бөгет болып тұрған әкені пара беріп үйден аластап жіберді. Оның ері Қабыл – Бауыржан Манжігітов нағыз Абылдың өзі. Көкейін ақша мен дүние тескен мерез. Әлеуметтік қызметші Лола – Айша Ағымбай, иненің көзінен өтетін пысықай ақысын берсең, қай істің де парша-паршасын шығаруға әлекедей жаланып тұр. Рөлдегілердің бәрі де өзіне белгіленген мақсатты қарымына қарай орындап жүр. Бірақ...
Тап осы пьесаның өзге елдің театрларындағы нұсқасының қалай жүргені бізге белгісіз, бірақ нақ осы қазақ тіліндегі желінің драматургия жағынан да, режиссурасы жағынан да осал дайындалғаны соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Тар бөлмеде шарықтамай, қайырлап қалған өрісі шектеулі оқиға желісі қанша күтсек те, шымыр, селт еткізетін сергек сахналарға ауыспай қойды. Оқиғаның тамырына қан жүгіртіп, қозғау салатын жалғыз-ақ деталь – Айжанның көзінше сыпайылау түр танытып, әйелі есіктен шыға бере, «әй, шал» деп жуан жұдырығымен Ақсақалды төмпештеп алатын әпербақан күйеубаланың екіжүзді әрекеті. Әкесі мен қызының ұзын-сонар диалогінің арасында ақырып-бақырмай-ақ, суайттарға тән сыбыр дауысымен қарияны соққының астына алатын Бауыржан Манжігітовке рахмет. Бірақ жас жігіттің әкесіндей адамды сабап жатқаны «сұмдық» деп жаға ұстататындай емес. Себебі үй үшін болып жатқан оқиғада кісіні сендіретін терең мазмұн жоқ. Орынды-орынсыз қолданылатын әндердің көптігі, шетелдікке күйеуге шығатын қазақ қызының мәселесі мазмұн үстемелей алмайды, керісінше, мұның бәрі құр күңірену, құрғақ ақыл айту, арзан насихат болып шыққан. Пьесаның жалпы композициялық құрылымымен үйлесім таба алмай, айдалаға қарап, көркемөнерпаздардың ойынына ұқсаған қарабайырлыққа ұшыраған.
Пьесаны Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов аударған. Ал сахналық нұсқасын Болат Әбділманов дайындаған. Қоюшы-режиссер – Асыл Құдайбергенов. Бірақ француз драматургінің пьесасы шектен тыс қазақыланып кеткен. Тіпті «Жан әке» деген жап-жақсы атауды не себепті жалаң, жұпыны саналып, жанына жақша ашып «Қазағым, қайда барасың?» деп, жалғаспалы-жапсырма сөздің не мақсатты көздеп жазылғаны түсініксіз. Спектакль атауының бояуын қоюлатқаннан гөрі режиссерлік ізденісті ілгерілетіп, пьесаның түбін қаза түскенде пайдалы ой көмбесін алып шығар ма еді. Ал мұнда режиссерлік жұмыс мүлде көрінбейді.
Спектакль соңы «хэппи энд». Қарттар үйіндегі қарияның ажалын күтіп, ақыреттік сапарына аттандырып, спектакльді аяқтаймыз ба деп отырғанда, Ақсақал төсегінен атып тұрды. Аяқ астынан өзі қуып жіберген күтуші Ибагүл пайда бола қалып, «екі жарты, бір бүтін» жаңа өмір бастамақ ниетпен гүлденген ауылға аттанып барады. Француз драматургінің шығармасында «Жаңа Қазақстан» қайдан жүр?» деп ойлап үлгергенімізше, қол ұстасып ауылға барған қос мұңлық жерге жата қалып топырақ сүйіп, тал-терекке ақтық шүберек байлады. Режиссердің уайым-қайғысы көп күрделі өмірде көрерменге үміт сыйлап, қойылым соңын жақсылықпен түйіндеуді мұрат тұтқан шешімі, бәлкім, дұрыс та болар. Бірақ астың дәмін келтіретін тұз да, таңдайды тәтті ететін шәрбат та мөлшерінен артық болса, ағзаға зиянын тигізеді. Тап осы «Әке» сценарийімен кинода бағын сынап, «Оскарды» алты бірдей аталым бойынша жеңіп алған әйгілі Зеллер ғайыптан тайып театрымызға келіп, мына қазақы хикаяны көрсе, арқамыздан қағып алғыс айтар ма еді, әлде қандай ойдың билігінде тұрар еді? Бәрінен де сол қызық...
АЛМАТЫ