Әдебиет • 24 Қаңтар, 2023

Есік қағу ертегісі

315 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егер оқырманын сүйіндіріп немесе күйіндіріп қоймаса, кезі келгенде, тіпті жирендіріп, ондайдан бойды аулақ саларға ойландырмаса әдебиет әдебиет, өлең өлең емес шығар. Жалпы, өнер атаулының бір міндеті адам жанын тәрбиелеу, рухын шынықтыруға бағышталатыны белгілі.

Есік қағу ертегісі

Кезінде бір спектакльден жиреніп шық­­қаным есімде. Тура сол сияқты, оқы­­ға­ныңда ойландырып қана қоймай, жи­рен­діріп, ызаландырып, өшіктіріп қоятын шығармалар барын сіз де білетін боларсыз. Көркем шығарманың кереметі де сонда шығар мүмкін. Нақты бір уақытты, жеке оқиғаны жазғанымен, оның мысалы келесі бір дүниелерге үлгі етуге келе береді. Студенттік шақта оқып, жоғарыдағыдай сезімдерге шалдықтырған бір туынды Серік Ақсұңқарұлының «Қағайық есікті» өлеңі еді. Көлемі ұзағырақ, балладаға келіңкірейтін шығарманың орындалуы оқшау, шумақтары да шетін көрінген. Сонысына сай оқиғасы да өзегіңді қарып түсіреді. Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыс деген сөзді түсін, түсінбе, талай бомбы жатты істеген ісінде...» дейтіні бар ғой. Осы жерде соғыс деген сөздің орнына өмір деп қойып жіберсе де, мән-мағына онан әрмен тереңдемесе, кемшін соқпайды. Біз сөз еткелі отырған С.Ақсұңқарұлының «Қа­ғайық есікті» шығармасы да «соғыс келіп тоз-тозға айналдырған» шағын ауылдағы оқиғаны суреттесе де, өмірден алынған. Тіпті бір жағынан қазіргі немқұрайдылықты да көрсетіп, жазалағанға ұқсайды. Бірақ ондағы жұрт немқұрайды деп айта алмаймыз. Жұрт дегеніміздің өзі ер-азаматы соғысқа кетіп, ауылда қалған бала-шаға, жетім-жесір емес пе? Егер олар немқұрайды болса, егер оларда аяушылық сезімі болмаса, басқарма кеңсесінің алдына бармас еді. Жанына батпаса, көңілдеріне қаяу түсірмесе, халық текке жиналмайды. Әлі де солай. Жиналған жұрт соқыр-мылқау емес, басқарма кеңсесінің есігін іштен іліп алып, білгенін істеп жатқанын жақсы біледі. Басқарма неге шімірікпейді, басқарма неге тартынбайды елден? Сыртта біреу бар деп ойламай ма? Ойлайды, ол да біледі. Бұл жерде алақандай ауылды ғана айтып тұр ма ақын? Мәселе, мүмкін басқармада да, оның кеңсесін сыпырушы қызда да емес. Сыртта – боран, іште – ұрыс-керіс дегендей, сыртта – соғыс, елде – зорлық-зомбылық. Халық шарасыз. Халық деген кім? Халық – күйеуі соғыста өлген жесір, әкесі соғыста өлген жетім, шал-кемпір, бір сөзбен айтқанда қауқарсыз, қорғансыз ел. Сол елдің көрген қиянаты мен кешкен мехнаты тарих қойнауына түскенімен, шындық біржола құрып кетпегенін көркем туындылар айтады.

Сіз өлең мазмұнын біз таныстырып жатпай-ақ пайымдап отырған шығарсыз. Шығарма басталған бойда ойландырып қояды. «К-700» балонының шаңынан, Өгіз­дердің ізін тауып алайық» дегенде бірден ойға кетесіз. Алып трактор кел­генімен, жол даңғылға айналғанымен, тоң­мойын өгіздердің қиянаты қоса өшіп кетпейді. «Соғыс келіп айналдырған тоз-тозға, Қызыларай дейтін сол бір колхозда» Фатима атты сұлу қыз 1943 жылы бас­қар­маның канторын сыпырып жүреді. Күндердің күнінде:

«Басқарманың кеңсесінен тал түсте,

Естіледі шырылдаған бір дауыс.

Есік – жабық. Құпияны жыр қылған...

Бала-шаға – соғыс іштен тындырған,

Қаумаласып: «Бұл не айқай?» десті кеп

Кеңседегі құлын дауыс шыңғырған

Жүректерін пышақ құсап кескілеп».

Ол кезде басқарманың кеңсесіне именбей кіріп бару деген жоқ. Шамасы дию ғана сескенбей кіре алса керек дейді автор. Ғажабы сол, басынан әлгіндей оқиға өткен шарасыз халықтың ішінде ақынның ағасы Самат та тұрады. Халықты осылай да үрей мен қорқынышта ұстаған замана. Бір кезде кеңседен сұрланып басқарма шығып, жайын­а кете барса, сәлден соң көрінген Фатима халыққа қарап өксіп-өксіп жібергенін оқығанда, сіз де қоса өксисіз.

«Енді қайттім? Қалсақ-тағы кешігіп,

Кел қағайық дүрсілдетіп екеуміз

Басқарманың кеңсесінің есігін!»

дейді ақын.

Образды тұрғыдан алғанда, сол кеңсе, сол есік, сол қиянат ешқайда көшіп кеткен жоқ. Заттар жаңарып, зорайып, ел басынан кешірген сезімдер көзге көрінбей, жылыс­тап осы заманға көшті. Біз есікті қаға алып жүрміз бе, мәселе соған келіп тіреледі. Ол заманның адамы аштық пен репрессиядан зәресі зәр түбіне жетіп, үрей билеген бодан ұрпақ. Басқа тұрмақ, басқарманың есігін қағуға дәрменсіз. Сондықтан санасы тәуелсіз ұрпақ есік қағатын жағдайға жетпес үшін осындай шығармаларды оқып өсуі керек шығар.