Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

Креативті буын: олар кімдер?

383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада «Creative табыс тарихы» жобасы аясында шығармашыл жас­тармен кездесу өтті. Игі бас­таманы «Kazakh Tourism» компаниясы ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – қазақстандықтарды жергілікті дарын иелерімен таныс­тыру.

Креативті буын: олар кімдер?

«Creative табыс тарихы» жобасы – еліміздегі креативті индустрия концепциясын дамытудың жаңа форматы. Өйткені ұйымдастырушылар осылайша жастарды шабыттандырып, олардың тың жобаларын нарыққа енгізуді көздеп отыр.

Алғашқы кездесуге жиналған көпші­лік халықаралық «Red Bull BC One World» 2019 жарысының финалисі, ТМД және шетелдегі көптеген жарыстың жеңім­пазы Николай Черниковпен әңгі­мелесті. Сұхбаттан бөлек, жобаға жинал­ғандар брейк-данс шеберінің 20 жылдық шығармашылық жолы баяндалған «The documentary of Killa Kolya» деректі фильмін тамашалады.

– Маған негізі сөзден гөрі, кез келген дүниені іс жүзінде дәлелдеу оңай. Осыдан төрт жыл бұрын Үндістанда өткен халықаралық «Red Bull BC One World» байқауында финалда нидерландық брейк-данс шеберіне есемді жіберіп алдым. Әлеуметтік желідегі көрермендерім бұған өз пікірлерін айтып, ойын білдірді. Ақпараттық порталдар да жарыса жазды. Телеарналар да бірнеше рет сұхбатқа шақырды. Байқаудан келген соң дос­тарыммен кездесіп, ақылдастық. Бұл жағдайда үнсіз қалуға болмайтынын түсіндім. Жолдастарымның бірі конкурс туралы, шығармашылығым жөнінде шағын бейнематериал түсіруді ұсынды. Келістім. Бұрыннан бірге жұмыс істейтін қарағандылық жерлестерімнен көмек сұрадым. Іске бірден кірісіп кеттік. Барлығын өз қаражатымызға жасадық, себебі ешкімнен қаржылай қолдау болмады. Осы тұсы қиынға түсті. Артынша елдегі карантин салдарынан қолымыз тағы жіпсіз байланды. Үйден шыға алмай қалдық. Алайда уақытымызды бос өткізбей, видеоны одан әрі сапалы етіп түсіруге ниеттендік. Осылайша жаңадан сценарий жазылып, көпшілікке ұсындық, – деді Н.Черников.

Картина режиссері Арсений мен Андрей Тарковский атындағы сый­лықтың иегері, бишінің досы – Дәулет Тоқаев. Ол осы уақытқа дейін танымал рэп-орындаушы Скриптонит, Гуф пен хип-хоп үздігі Хаски және композитор Макс Корж сынды ресейлік әртістермен жұмыс істеген. Ал кинотуындының монтажын Әділхан Дүйсембаев жасапты.

Әділхан Дүйсембаев – 10 жылдан астам бейнетүсірілім, фотосурет және монтаж жұмыстарымен айналысады. Ол өзінің таланты мен еңбекқорлығының арқасында әлемге әйгілі әнші Rihanna және Levi’s, Snipes, Schoolboy Q брендінің бейнекадрларын монтаждаған.

– Деректі фильмнің негізгі мақсаты – Қазақстандағы хип-хоп мәдениетін насихаттау әрі жастарды өнерге баулып, жігерлендіру. Байқағанымдай, өз ойыңды, ұсыныстарың мен дарыныңды көрсетуге барлық мүмкіндік жасалған. Еш шектеу жоқ. Жастар үнемі маған хабараласып, кеңес сұрап, ұсыныстарын білдіріп жатады. Мен оларға әрдайым Қазақстанмен шектеліп қалмай, қазіргі ақпараттық қоғам ұсынып отырған мүмкіндіктерді қалт жібермей, әлемдік әртістерге, режиссерлерге креативті ойларын ұсына беруге жол сілтеймін. Осыдан екі-үш жыл бұрын мен осылай істедім. Әрине, олар маған жауап қатпады. Бірақ Рианамен болған шудан кейін 3 жыл өткен соң, сол продюсерлер, режисерлер хабарласты. Қазір олар менің парақшама жазылып, бірлескен жоба жасауды ұсынуда, – деді Ә.Дүйсембаев.

Айта кетейік, жоба аясында мұндай басқосулар енді айына бір рет тұрақты өткізілмекші. Шығармашылық туризм басқармасының басшысы Ирина Харитонованың пайымдауынша, кез келген саланың жарқын әрі белсенді өкілдері жастарға үлгі болуы керек. Сондықтан кездесуде талантты жігіттерге ресми түрде креативті индустрия амбассадорлары атағы берілді.

– Негізі Қазақстанда өнерлі жас­тар баршылық. Көп жағдайда оларды шетелдіктер мойындаған соң ғана біліп жатамыз. Біз осы нәрсені өзгерту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Шығармашыл тұлғаларды өзіміздің ортамызда айтып, халық арасында насихаттап, өзгелерді шабыттандырғымыз келеді. Алдағы уақытта жігіттерді қолдап, ішкі және халықаралық нарықта ілгерілету үшін бар күшімізді саламыз. Олар өз өнері арқылы Қазақстанның креативті кеңістігінің бірегей, шексіз екенін халықаралық аренада таныстырады. Осылайша, креативті индустрия арқылы ұлттық кодымыз, ұлттық бірегейлігімізді көрсетеміз, – деді И.Харитонова.

Қазір дүние жүзі бойынша мәдени, шығармашылық «өндірістен» түсетін табыс жылына 2,3 трлн долларды құрайды. ЮНЕСКО болжамы бойынша креативті индустрия секторы орта мерзімді перспективада әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін өсуі мүмкін. Яғни жаһанның алдыңғы қатарлы елдері шығармашылық пен тың идеяны табыс көзіне айналдыруға шындап кіріскен.  Кейбірінің озық тәжірибесі бізге үлгі.

Мәселен Оңтүстік Кореядағы креативті индустрияның дамуы таңдай қақтырады. Мұнда осыдан 14 жыл бұрын арнайы креативті контент агенттігі құрылыпты. Тек 2012-2016 жылдар аралығында корей мәдениетінің экспорты 4,6 миллиард доллардан 6,3 миллиард долларға дейін өскен. Сандардың бұлай шарықтауына әлемді тамсандыратын корей телехикая­лары сеп. Бұған танымал әншілері де өз үлесін қосқан.

Алысты сараптамай-ақ, кинодан әжептәуір табыс тауып отырған түрік ағайындарды да мысалға келтірсек болады. Түркияның мәдениет министрлігі таңды-таңға ұрып, жал­ғаса беретін сериалдардан ел бюд­жетіне жыл са­йын 350 миллион доллар көлемінде табыс түсетінін мә­лім­деген еді. Бүгінде танымал кино­туын­дының түсірілген жерін көру­ге құш­тар жан көп. Мұндай тәжі­рибе әлем елдеріне таңсық емес. Әйгілі «Сақи­налар әміршісі» «Влас­телин Колец» фильмі түсірілген соң Жаңа Зелан­дияға қарай ағылған турис­тер саны 40 пайызға артқан-ды.

Басқаны былай қойғанда, Прези­дент пәрменімен елімізде индустрия­ның дәл осы түрінің мүмкіндігін молынан пайдалануға баса назар аударылды. Жобаны ұйымдастырушылар­­дың креативті кеңістікті дамытуды қол­ға алудағы түпкі мақсаты да шығар­машылық пен тың идеяны табыс көзіне айналдыру.