Аймақтар • 25 Қаңтар, 2023

Павлодарлық тұрғын автокөлігін 10 жылдан кейін заңдастырды

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысының тұрғыны Виктория Черкашина АҚШ-тан сатып алған көлігін 10 жылдан кейін заңдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодарлық тұрғын автокөлігін 10 жылдан кейін заңдастырды

37 жастағы әйел MINI Cooper көлігін АҚШ-тан сатып алған.

«Мен автокөлікті заңдастыру қызметін алғашқылардың бірі болып пайдаландым. Менің көлігім АҚШ-тан, Қазақстанға сонау 2012 жылы әкелінген. Сол кезде қолданыста болған 30% кедендік баж салығы толығымен төленді. Мен көлікті бірден тіркемедім, өйткені шетелге шығуды жоспарладым. Бірнеше жыл бойы елде болмадым. Сол аралықта қайта өңдеу ақысы мен бастапқы тіркеу үшін жаңа төлемдер енгізілген. Көлік қайта өңдеу төлемі енгізілгенге дейін әкелінгендіктен оны төлеудің қажеті болмады, бірақ бастапқы тіркеу үшін 500 АЕК көлемінде алым төлеу қажет болды. Сома аз емес. Сондықтан менің көлігім гаражда тұра берді», деді ол.

Павлодарлық тұрғын Президент автокөліктерді заңдастыру және оны өткізу шарттары туралы жариялаған кезде қуанғанын жасырмады. Ол 23 қаңтарда электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтінім берген. Жауап 3-4 минут ішінде келіпті.

«Криминалистер корпустың және басқа агрегаттардың нөмірлерін, сондай-ақ барлық құжаттарды салыстырып тексерді. Өтінім мақұлданды. Кейінірек құжаттарды тапсырдым. 10 минуттан кейін құжаттардың дайындығы туралы хабарлама алдым. 10 жылдан кейін мен өз көлігімді есепке алып, әрі отбасы бюджетін үнемдей алдым», деді Виктория Черкашина.

Осы ретте полицейлер Қазақстан азаматтары әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын және орта автобустар, шағын жүк көліктері, басқару органдары оң жақта орналасқан көлік құралдары заңдастыруға жататынын еске салды. Бұл процесс 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.