Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков Бразилияда сапармен болды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
2014 жылғы 11 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) конгресінің 64-ші отырысына қатысуға байланысты Бразилияға жұмыс сапары шеңберінде, оның «Еңбекшілер партиясының» лидері, Латын Америкасының ең беделді және тәжірибелі саясаткері, Бразилия Федеративтік Республикасының экс-президенті Лула да Силвамен кездесуі өтті.
Жылы және достық жағдайда өткен кездесуде Ә.Жақсыбеков Лула да Силваға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан оған мықты денсаулық пен қажымас қайрат, ағымдағы жылдың қазан айында өтуі жоспарланып отырған президенттік және парламенттік сайлауда биліктегі «Еңбекшілер партиясына» табыстар тіледі, сондай-ақ алдағы футболдан Әлем біріншілігінде Бразилияның ұлттық командасының чемпиондық атаққа ие болуына өз тілектестігін білдірді.
Л.Силва, өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты өзінің жақсы досы, Орталық Азия аймағында ғана емес, сондай-ақ, жалпы Еуразия құрлығындағы мемлекеттер ішіндегі беделді мемлекет басшысы ретінде аса құрметтейтінін білдірді. Сонымен қатар, әлемнің көптеген мемлекеттері, оның ішінде Бразилия басшыларының қолдауына ие болған Елбасымыздың маңызды халықаралық бастамалары туралы айтып өтті. Сондай-ақ, ол соңғы жылдары экономикасы қарқынды даму үстіндегі Қазақстанға сапармен баруға дайын екенін мәлімдеп, Елбасына ең ыстық тілегін, ал Қазақстан халқына гүлдену мен өркендеу тілейтінін жеткізуді сұрады.