Қазір шаруаның ауласында, қой-ешкімен бірге жүрген жануар қолдан жемшөп жеп, су ішуге жатырқамаған. Адамнан үрікпейді. Соған қарағанда бұған дейін де арнайы қорықта, адамдардың бағуында болғандай көрінеді.
«Жабайы жануар ауылға келді» деген ақпаратты естіп, оқиға орнына «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты бақылау басқармасы басшысының орынбасары Бисебай Төлепов, Тереңкөл ауылдық округінің жетекші мал дәрігері Бекболат Аяпов арнайы барды. Мал дәрігері жануардың бұғы тұқымдас түз тағысы екенін, қызғылт-қоңыр терісінде теңбіл дақтары бар екенін, мүйізі қалыпты жетілгенін, шамамен бір жаста екенін, сыртқы келбетінде жарақат белгілері жоқтығын, ен-таңбасыз екенін анықтап, құжат толтырған.
– Біздің болжауымызша, бұл жануар Ресей аумағынан келген. Өйткені мұндай аң біздің өңірде кездеспейді. Біз шаруашылық иесімен шарт жасап, түз тағысын уақытша бағу туралы келісіп жатырмыз. Ол үшін қажетті жемшөбін жеткізіп береміз. Алдағы уақытта ғалымдар келіп, жануарды зерттеп, нақты қай түрге жататынын анықтайды. Оның болашақ тағдыры сол кезде шешіледі, – дейді Б.Төлепов.
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы