Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

Көкірегі қазынаға толы еді...

442 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Есілдің сол жағалауындағы «Нұрсая-1» тұрғын үй кешенінің жанынан өткен сайын ойыма белгілі қаламгер Табыл Құлияс ақсақал түседі. Жарықтық жылы күндері есік алдына шығып, темекесін бұрқыратып, шуақтап отырушы еді. Ара-тұра маған: «Азаматжан, газетіңде не жаңалық, әкеп берші», деп қоңырау шалатын. Онда мен «Астана ақшамында» істеймін. Жұмыс орным тиіп тұр. Жүгіріп барамын. Кейде әңгімеге тартады. Сөйлеуші – өзі, тыңдаушы – мен. Өткен-кеткен оқиғаларға ой жүгіртеді. Біресе Ақтөбенің, біресе Торғайдың сар даласын сапарласақ, енді бірде Ақмолаға алғаш келгендегі кезінен сыр тарқатады. Қысқасы, жақсылар мен жайсаңдардың ортасында жүріп, көпті көрген қарияның көкірегі қазынаға толы еді.

Көкірегі қазынаға толы еді...

Табыл аға өмірінің соңғы екі-үш жылында ғана көзінің нашарлап қалғанына байланысты үйден алысқа ұзап шықпады. Әйтпесе, оған дейін құр аттай шауып жүрді. Жолыға қалғанда: «Кеше Омбыдан келдім», «Өткенде Орынборға бардым», «Қазанда қаншама дүние жатыр» деп жат жердегі шаң басқан архивтерден тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне қатысты бір тың дерек табыла қалса, соны елге жеткізгенше асығатын. Қаламгермен мені қоян-қолтық жақындастырған тағы бір дүние бар: ол – туған жерім Торғай. Ағамыздың кіндік қаны Ақтөбенің Ойы­лында тамғанымен, өмірінің базар­лы шағы Торғайда өтті. Дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың 70-ші жылдары республикалық телерадионың Торғай облысындағы меншікті тілшісі болды. Бұл жылдар жаңа облыс ашылып, шалғай жатқан елдің еңсесі көтеріліп, бейнелеп айтқанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» берекелі шақ еді. Дәл осы кезеңде бұл өңірде халқымыздың ардақты азаматы Өзбекәлі Жәнібеков қызмет істеді. Сол кезде тарихтың түрлі тауқыметін көрген өлкенің тынысы ашылып, руханияты мен мәдениеті көктемдегі қызғалдақтай дүрк қаулады. Арқалық шаһарында сәулеті келіскен өнер ордалары мен мұражай бой көтерді. «Шертер» атты фольклорлық-этнографиялық ансамбль құрылды. Соның басы-қасында Өзағаңның өзі жүрді. Осы жаңашыл өзгерістерді көзімен көрген қаламгер оны аузының суы құрып айтқанда, тамсанатынбыз.

«Өзбекәлінің тапсырмасымен ауыл­дарды аралап, елдің мерейін өсірген еңбеккерлер туралы отыз телеочерк ұйымдастырдым. Атақты ұста Сәдуақас Көбентайұлымен кездесіп, әңгімелестім. Көкірегі кеніш қария екен, ондай адамдар қазір жоқ. Бір ғана Арқалықтың іргесіне қонған ғарышкерлер жайында жиырмаға жуық телеочерк жазып, жарыққа шығардым. Бұдан бөлек, соларды күтіп алуға еліміздің атынан халықаралық журналистер экипажы құрамында болдым», деп өткен күндерден сыр саулайтын.

Көркем сөз сыншылары әдебиеттің ауыр артиллериясы сатира деп айтады. Бұл жанрға кез келген қалам ұста­ған­ның дәті бара бермейді. Ол үшін қаламгердің жүрегінің түгі мен тілінің безі, қаламының қанжардай қиып түсер өткірлігі керек. Құлиястың алғашқы кітабы 1977 жылы «Кесілген бұрым» деген атпен жарық көріп, осы жинақпен әде­биет табалдырығын аттады. Одан кейін жыл аралатып бірнеше кітабы шықты. Сатира сардарына айналды.

«Табыл сатиралық эпопея жазбады демесең, одан басқасының бәрі – әңгіме, хикаят, повесть, тіпті сатиралық роман да жазды. Оның шығармашылығы туралы мақалаларда алдымен ауызға алынатыны «Жыланның тілі» романы сатиралық туындылардың озық үлгілері қатарынан орын алады. Бұл орайда «Кесілген бұрым», «Жалмауыз», «Сауда сақал сипасқанша», «Қоңыраулы күлкіграмма», «Ши оқ», «Қара терең», «Ақ мылтық», «Жегі», «Миға қойылған бомба» жинақтары – сатира жанрының сәнін келтірген нәрлі жинақтар», деп жазыпты бір мақаласында жазушы Әнес Сарай.

Автордың Алаш арысы Жиенғали Тілепбергенов туралы «Аңыз ізімен» атты романының мазмұны да, мәні де бөлек. «Елім деп өткен ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» деп Ығылман ақын айтқандай, қаламгерліктен қоғам қайраткерлігіне дейінгі жолдан өткен асыл азаматтың бейнесін қарасөзбен сомдап, жұртымен қайта қауыштырды. Мұны аруақ алдында болсын, ел алдында болсын жазушының азаматтығы деп білеміз. Осы кітапқа алғы сөз жазған академик Дихан Қамзабекұлы: «Жазушы тек қана Жиенғали өмір сүрген кесапаты мол ортаны бейнелеуді мақсат тұтпаған. Жиенғали шығармашылығы – қандауырдың қылпып тұрған жүзі. Сол арқылы ұтымды әдіс (шендестіру тәсілі) таңдай білген жазушы бүгінгі қоғамның, ұлт тағдырына қатысы бар өткен заманның іріңдеп, жарылайын деп тұрған мерездерін аяусыз тіледі», деп бағасын беріпті. Ал қаламгердің «Қанжоса ғасыр» жинағы туралы заңғар суреткер Әбіш Кекілбайұлы: «Бұл шығарма әдеби тәсілдің жаңа қырымен көркем жазылып, бұрын-соңды оқушыларға белгісіз болған деректерді мәлім етуімен құнды. «Бәрінен де не қымбат, күндегі ішкен ас қымбат, алтын, күміс тас екен, арпа бидай ас екен» деп тау-тас, өзен-көлдер, сыңсыған табиғат тіл қатып, қырылған адамдардың үнін ғасырдан-ғасырларға жеткізгендей сезіндіреді», деп тереңнен толғапты.

Табыл Құлиястың журналистика саласында да өзіндік қолтаңбасы қалды. Қазақ телевизиясында қызмет істеген жылдары «Жебе» атты сатиралық тележурнал ашып, қоғамдағы келеңсіз көріністерді ащы әзілімен түйреді. Оны Ақмола облыстық телевизиясында да жалғастырып, «Бұғалық» атты сатиралық тележурналды жүргізді. Қазір сіз газет-журнал бетінен фельетонды мүлде оқымайсыз. Кезінде бұл баспасөздің жауынгер жанры болды. Құлиясовтың фельетоншылдығымен де аты шықты. Кеңес дәуірінде фельетоншының нысанасына ілінгендер жазадан құтылмаған. Тіпті оны жоғары биліктің өзі қадағалаған. Саналы ғұмырын сатира жанрын зерттеу­ге арнаған ғалым Темірбек Қожекеев зерттеу еңбектерінде оның 19 фельетонына талдау жасап, студенттердің оқу құралына енгізген.

Жазушы сексенге келгенде де «қар­тайдым» деп қарап отырмады. Әйгілі жырау, би, батыр Жиембет Бортоғышұлының өмірінен «Жиембет батыр» атты құнды дерекке толы роман-эссе жазды.

Табыл ағамен соңғы бір кездескенде: «Осы Ақмола топырағынан біраз қаламгерлер шықты. Солар елеусіз, ескерусіз қалып барады», деп күрсінді. Айтыңыз, жазайық дедік. Кейін ол газетке «Ескерусіз қалған есімдер» деген атпен сұхбат болып жарық көрді. Сонда ол кісі қазір есімдері көп айтыла бермейтін Мәдіхат Төрежанов, Рысты Шотбаева, Мәди Хасенов, Әскен Нәбиев, Нөгербек Мағзұмов, Жомарт Әбдіхалық, сондай-ақ осында туып, Алматыда тұрған Қажымұрат Рахимов пен Ермек Өтетілеуов секілді ақмолалық ақын-жазушылардың өмірі мен шығармалары туралы тебіреніп сөз қозғап еді. «Бірде Уфа қаласында болдым. Олардың ақын-жазушыларға деген құрметі бөлек екен. Әрбір мектепте өмірден өткен қаламгерге шағын музей ашып, шығармаларын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі етеді. Бізде де осы үрдісті жандандырсақ артық емес. Олар тұрған үйлерге мемориалдық тақта орнатып, қиын болмаса, кітаптарын шығарайық. Қолжазбаларын жинап, мұрағатқа тапсырайық. Бүгінде елордада жүзден астам ақын-жазушы тұрады. Бірақ біз сөз еткен қаламгерлер сол кезде орыс­танып кеткен Ақмоладағы ұлттық рухты сақтап қалуға үлкен үлес қосты. Сол үшін оларды ұмытпауымыз керек», деп еді.

Енді сол топқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Табыл Құлиястың өзін де қосамыз. Ұлт­тың жоқшысы болған жазушының есімі ескеру­сіз қалмаса дейміз.