Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

Қайраткерді ұлықтады

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Орталық мемлекеттік архив және «Ғылым ордасы» мамандарының ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ыдырыс Көшкіновтің туғанына 125 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сондай-ақ «Ыдырыс Көшкінов: құжаттары мен материалдар жинағы» таныстырылды. «Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелері және Ыдырыс Көшкінұлы» атты алқалы жиын барысында Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Қайраткерді ұлықтады

«Ыдырыс Көшкінов еліміздің бірнеше облысын басқарып, ел мүддесі үшін күрескен айтулы тұлғалардың бірі. Осындай кезеңде ел үшін еңбек еткен арыстардың есімін есте қалдыру, елге еткен қызметін жан-жақты дәріптеу жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін қажет. Ы.Көшкінов және тұлғатанудың өзекті мәселелеріне арналған жиынның мән-маңызы зор. Күрделі кезеңде ұлт мүддесіне қызмет етіп, басын бәйгеге тігіп, жанкештілікпен еңбек еткен тұлғаларды ұлықтау біздің парызымыз», делінген құттықтау хатта.

Жиын модераторы, Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай атап өткендей, ХХ ғасырдың 20-30-жылдары әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерде болып, қазақ халқы үшін ерен еңбек сіңірген Ыдырыс Көшкіновтің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі бүгінде терең зерттеуді қажет етеді. Осы кезеңде Ы.Көшкінов секілді еңбек еткен қайраткерлердің, тарихи тұлғалардың көпшілігі бүгінде өз дәрежесінде зерттелмей келеді. Өкінішке қарай, олардың ұлт мүддесі жолындағы қызметі зерттеушілердің назарынан тыс қалды. Осы орайда «Ыдырыс Көшкінов: Құжаттары мен материалдар жинағының» жарыққа шығуы ыдырыстануға қосылған сүбелі үлестің бірі саналады. Ы.Көшкінов туралы алғашқы ғылыми еңбектерді жазған Ақай Нүсіпбеков пен Кеңес Нұрпейісовтің мақалаларында қайраткердің тарихи келбетіне қатысты алғашқы штрихтар жасалды. Өз замандастарының, сондай-ақ белгілі тұлғалардың еңбектерінде біршама деректер берілгенімен, Ы.Көшкіновтің қызметі толық қамтылмады.

Іс-шараға Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, «Ғылым ордасы» директо­рының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Нұрлан Сейдін және басқалар тұлға есімін дәріптеуге байланысты қолға алынған әрі атқарылған істерге байланысты пікірлерін ортаға салды.

Ы.Көшкіновтің өмірі мен қызметі туралы баяндама жасаған жинақты құрастырушылардың бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Рашид Оразов қайраткердің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі мен еңбектеріне кеңінен тоқталып өтті. «1916 жылғы Жетісу өңірінде болған саяси оқиғалар жас Ыдырыстың азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Ол Қарақара ұлт-азаттық көтерілісінің куәсі болды. 1918 жылы Қазақстанның барлық аймағында кеңес билігі орнады. Алғашқыда еліміздің солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс аймақтарына жеткен кеңес билігі Жетісу жерін де қамтып, Ыдырыс кеңестік органдар жұмысына белсене атсалыса бас­тайды. Ыдырыс Көшкінов қандай қызметте болсын ұлттық мүддені жоғары қоя білді, жер бөлу мәселесінде кедейлерге қолайлы, тың жерлерді беруге тырысты. Осы орайда Жаркентте құрылған «Қосшы қорының» бастамашысы болып, осы уездегі кедейлер мен батрақтарды ұйымдастырумен айналысты. Ыдырыс Көшкіновтің Қазақ ұлттық автономиясын құру идеясы, Жетісудағы жер-су реформалары, Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеу және қазақ жерлерінің бір республика құрамына бірігуі жолындағы еңбегі қай кезде де әділдікке шақырып, өз халқының бірлігі жолында аянбай еңбек етуге ықпал етті», деді Р.Оразов.

Қайраткердің қызы Рая Ыдырысқызы осы жинақты шығаруға атсалысқан ғалымдарға ризашылығын білдіріп, «Әкем жайында айтылған, жазылған еңбектерді оқи отырып, жүрек түпкіріне ұялаған  сағынышымды басамын», деді. Ол бір ғана отбасының ғана емес, ел басына туған сол бір қиын жылдарға қатысты естелігімен көпшіліктің назарын аударды.

Жиын барысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ш.Тілеубаев, тарих ғылымдарының докторы С.Смағұлова және басқа да ғалымдар Ы.Көшкіновтің қудалауға ұшыраған кезі, шығармашылығы және сол кезеңдегі саяси жағдайларға қа­тыс­ты баяндама жасады. Сонымен бірге журналист Салтанат Бакеева­ның «Ұлт үшін туған Ыдырыс» деректі фильмі көрсетілді.

 

АЛМАТЫ