Суретті түсірген Айдана ХАМИДУЛЛИНА
«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы аясында №5 мектептің 24 оқу кабинеті толығымен жаңаша жабдықталыпты.
Ең басты мақсаты ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығын жою болған жаңа жобаны «Қазақстан халқына» қоры, Білім саласын тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев зияткерлік мектептері бірлесіп қолға алған екен. Сол бойынша таңдалып алынған тірек мектебінің оқу кабинеттері толығымен жаңаша жабдықталған. Айта кетерлігі, бұл жерде мектептер тек материалдық-техникалық жағынан ғана жаңармайды, мұндағы бүкіл оқу үдерісі де ең алдыңғы қатарлы тәсілге көшпек.
Осы жоба бойынша елімізде 17 ауыл мектебін жаңаша жабдықтау жоспарланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге – әр мектепке шамамен 250 млн теңге бөлінген. Қазірдің өзінде Ақмола облысында Қатаркөл ауылының Досов атындағы орта мектебі, Павлодар облысы Ертіс ауданындағы №1 Ертіс орта мектебі, Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Урицкий орта мектебі, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы К.Байсейітова атындағы орта мектебі, Абай облысы Аягөз қаласындағы қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы, Ұлытау облысы Ұлытау ауданындағы №1 Ұлытау жалпы білім беретін орта мектебі, Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы №1 орта мектебі, Жетісу облысы Жансүгіров ауылындағы Е.Сиқымов атындағы орта мектебі, Ақтөбе облысындағы Бестамақ орта мектебі секілді 10 ауылдық тірек мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен тағылымдама түрінде әдіснамалық қолдау көрсетілген.
Ақсайдағы №5 мектептің қайтадан ашылуы ерекше салтанатпен өтті. Жиынға «Назарбаев зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымының басқарушы директоры Айгүл Қазжанова, «Beeline Қазақстан» аймақтық дамыту директоры Рустам Баспанов, Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев, педагогикалық шеберлік орталығының директоры Лариса Обыденкина, НЗМ ұстаздары қатысты.
«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы аясында №5 мектептің 24 оқу кабинеті толығымен жаңаша жабдықталыпты. Бұған 249 825 000 теңге қаражат жұмсалған. Қорға қаражат бөлген «Beeline Қазақстан» компаниясы – жоба донорларының бірі. Мектеп 17 интерактивті тақтамен қамтылып, одан бөлек заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған стем-зертхана, арт-студия, интеллектум кабинеті, заманауи кітапхана, спортзал құралдары, көркем еңбек кабинеттері, тігін шеберханасы, психолог және логопед кабинеттері ашылған. Сонымен қатар мектеп ғимаратына үнемделген қаражат және жан басына қаржыландыру есебінен 25 млн теңгеге жөндеу жұмысы жүргізілген.
Бұған қоса бағдарлама аясында осы мектепке үздік педагогикалық тәжірибе мен әдістеме енгізілген. Мектеп кітапханасы мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар үшін қосымша білім беру ресурстық алаңына айналыпты.
Сонымен бірге осы жобаның серіктесі – Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын терең зерттеп, осы талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар тізбесін жасаған. Сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары анықталған.
Келешекте Ақсайдағы тірек мектебі жақын маңдағы ауылдық шағын жинақты мектептер үшін, ондағы мұғалімдер мен оқушылар үшін тәжірибемен және әдіс-дағдымен бөлісетін құзыретті орталыққа айналады.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы бойынша таңдалып алынған Ақсай тірек мектебінде 817 оқушы білім алады, 70 педагог жұмыс істейді. Мектепте 41 сынып оқушылары қазақ және орыс тілдерінде білім алады.
– Мектебіміз шын мәнінде «жайлы мектепке» айналды. Өйткені «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бізге сапалы білім алуға, оқушыларды тәрбиелеуге, педагогикалық ұжымның әлеуетін дамытуға, мектепте қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуге шынымен де ерекше мүмкіндік тудырып отыр. Біз осы жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, – дейді мектеп директоры Гүлмира Сембиева.
Ақсай мектебі пәндік оқу кабинеттерімен қатар қосымша білім беру кабинеттерімен де жабдықталған. Мысалы, STEM-зертханалары оқушыларды математика, инженерия, цифрлық технология және жаратылыстану ғылымдарына қызықтырып, білімін кеңейтеді. ART-студиясы мен роботтехника кабинеті болғанына да балалар өте риза. Мұнда шығармашылық тұрғыдан дамуға, эмоционалдық тұрғыдан күш алуға, өзіндік идеяларын жүзеге асыруға болады. Бұл оқу үдерісінің барлық қатысушысына оң серпіліс әкелді.
Қазір Ақсай мектебі өзінің телестудиясын ашып үлгерген. Бұл мұғалімдер ұжымына өздерінің және мектептің тәжірибесін батыс өңіріндегі басқа мектептерге таратуға, цифрлық технологиялар саласындағы біліктілікті шыңдауға мүмкіндік береді. Мобилограф, блогер болғысы келетін жас өрендер қазірдің өзінде осы жерде шеберлік сырын үйреніп жүр.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы осы жобаның бас серіктесі ретінде тірек мектептің білім мазмұнын көтеруге ден қойған. Жоғарыда айтқандай, мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасына талдау жүргізіп, қазіргі ахуалды анықтады. Сөйтіп, зияткерлік мектеп алаңында Ақсай мектебінің мұғалімдері барлық пән бойынша тәжірибеден өтті. №5 мектеп ұжымының тірек мектеп ретінде дамуы, білім сапасын арттыру, оқытудың заманауи технологияларын енгізу бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары жоспарланды.
– Бұл жобаның бес міндеті бар. Ол – ауыл мектептеріндегі оқыту технологиясын жетілдіру, тірек мектептерді материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау, тірек мектептердің тәжірибесін өңір мектептеріне, оның ішінде шағын жинақты мектептерге дәріптеп енгізу. Төртінші – мектепті ауылдың комьюнити-орталығы ретінде дамыту. Бесінші – қоғамда жаңа мінез-құлық үлгісін қалыптастыратын дұрыс құндылықтар жүйесі бар қамқоршы қазақтардың қауымдастығын қалыптастыру. Болашақта осындай тірек мектептерді әрбір аудан орталығында ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір нақты қай білім ордасы тірек мектепке айналатыны жөнінде облыстық білім басқармасымен ақылдасып жатырмыз, – дейді «Қазақстан халқына» қорының өкілі Ләззат Алтынбекқызы.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарушы директоры Айгүл Өмірқызы тірек мектеп мұғалімдерін ғылыми-әдістемелік және сараптамалық тұрғыда сүйемелдеуді жалғастыра беретінін айтады. Бұл бастан-аяқ тегін жүргізілетін қайырымдылық көмек. Мысалы, Ақсайдағы №5 мектепке Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұжымы ерекше көмектесіп, барынша қолдау көрсеткен. Бұл шын мәнінде өте маңызды мәселе, өйткені ғимараттың іші-сыртын сәндеп, жарқыратып қойғанмен, оның ішкі мазмұны, білім сапасы сәйкес болмаса, еңбектің еш кеткені емес пе?!
Батыс Қазақстан облысы