Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

Жарық берушілер жабырқап жүр

249 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Керекудегі электр тарату компаниясының мыңнан аса қызметкері еңбекақыларын екі есеге көтеруді талап етіп отыр. Қазіргі күні ел өңірлерінде өміршең етілуі жоспарланған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасында саладағы еңбекақыны өсіру көзделгені мәлім. Алайда бұл бағдарламаның біздің әлеуметтік жағдайымызға онша-мұнша әсері болмайды деп санайды энергетика саласының өкілдері.

Жарық берушілер жабырқап жүр

Жуықта «Орталық-Азия Электро­энергетикалық Корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Бағдат Оралдың атына «Павлодар Электржелілік Тара­ту Компаниясы» (ПЭТК) АҚ-ның қыз­меткерлері ұжымдық хат жолдады. Хатта компания мамандары 2021 жылғы ұжымдық хатта келтірілген талаптардың ішінара орындалғанына, мәселен, еңбеккерлердің еңбекақысы 25 пайызға дейін өскеніне ризашылығын білдірген. Алайда былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кейбір салалардағы қызметкерлердің жалақылары 30 пайызға ұлғайтылған­да «ПЭТК» кәсіпорны елеусіз қалып қойыпты.

«2022 жылы Қазақстан Респуб­лика­сындағы ресми инфляция деңгейі 18,8%-ды, ал азық-түлік тауарлары ба­ға­сының қымбатшылығы 23,1%-ды құра­ды. Осы факторларды есепке ала оты­рып, «ПЭТК» АҚ қызметкерлерінің еңбекақысы Павлодар облысындағы өзге өнеркәсіптік кәсіпорындардағыдан айтарлықтай төмен екенін айтқымыз келеді», делінген ұжымдық хатта.

Жалақының аздығынан компанияның өндірістік бөлімшелерінде кадрлар жетіспеушілігі тұрақты тенденцияға ай­налып, білікті мамандар жалақысы жоғары өзге кәсіпорындарға ауысып кеткен.

«Біздің көптеген әріптесіміз еңбек­ақы­сы неғұрлым жоғары жұмыс орындарын белсенді түрде іздеп жатыр. Білікті кадрлардың жетіспеушілігі, әсіресе Павлодар мен Ақсу қалаларындағы электр желілеріне қызмет көрсететін бө­лім­шелерде, инженерлік-техникалық қызметкерлер арасында байқалады. Бұл кәсіпорындар облыстағы мемлекеттік мекемелерді, өндірістік кәсіпорындарды, тұрғын үйлер мен қалалардың инфра­құрылымын электр қуатымен қам­тып отырғанын айтуымыз керек. Жұмыс­тан өз еркімен кетіп жатқан әріп­тес­те­ріміздің міндетін жанталасып өзге қыз­меткерлерге жүктейді. Оның салдарынан мамандардың жүктемесі күрт көбейген. Ал қосымша міндетті атқарып жүргені үшін төлемақы небәрі 10 па­йызды құрайды әрі ол 3 айға дейін ғана тө­ленеді. Осының барлығы компания қызметкерлері арасында әлеуметтік алаң­даушылықты тудырып отыр», дейді қыз­мет­керлер.

Жағдайдың одан әрі күрделенбеуі үшін ұжым қызметкерлері еңбекақыны 100 па­йыз көлемінде өсіруді сұрап отыр. Бұл хатқа компаниядан 1 123 адам қол қойған.

Атап өту керек, «ПЭТК» «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпо­ра­ция­сы» АҚ-ға бағынышты. Компанияның негізгі қызметі – Павлодар облысының 11 аймағында, Павлодар және Ақсу қалаларында электр қуатын беру және бөлу. Электр желілері «KEGOC» АҚ арқылы Қазақстанның бірыңғай энер­ге­тикалық жүйесіне және Ресейдің же­лі­леріне қосылған. Бұл компанияға Павлодардағы №1, 2 және №3 жылу-энерго орталықтары электр қуатын жеткізеді. ПЭТК-тен тарайтын электр жарығына 5 мыңнан аса кәсіпорын тәуелді. Кәсіпорын балансында 15 мың шақырымға жуық әуе арқылы тартылған желілер және 811 шақырым кабельдік желілер бар.

2020 жылғы дерек бойынша мұнда 1 878 адам жұмыс істеген. Қазіргі күні қызметкерлер саны шамамен 1 500-ге жуық делінеді. Алайда бос тұрған жұмыс орындарының саны тым көп. Компания бойынша еңбекақының орташа мөлшері – 130 мың теңге.

– Менің жолдасым «Павлодарэнерго» АҚ-да, өзім «ПЭТК» компаниясында істеймін. Еңбекақым өте аз, барлық алым-салықты алып қалғанда қолыма 110 мың теңгедей тиеді. Жолдасымның алатын еңбекақысы да менікімен деңгейлес. Банк алдында несиелеріміз, ипотекамыз бар. Бұл компанияларда он жылдан аса уақыт қызмет етіп келеміз. Өңірдің энергетика жүйесіне жауапты мекемелерде жалақы аз десек, адамдар бізге сенбейді. Қыстың суығы, жаздың ыстығы демейміз, тұрғындарға электр қуаты тұрақты түрде қолжетімді болуы үшін үзіліссіз жұмыс істейміз. Кейінгі уақытта мұндағы еңбек жағдайы адам төзгісіз болып барады. Мамандар жетіспейді, әріптестеріміздің көбі жалақысы жоғары кәсіпорындарға кетіп қалған. Соның салдарын біз тартып, азғана ақшаға өз жұмысымызбен қатар қосымша міндеттерді атқарамыз. Қазіргі қымбатшылық кезеңде біздің еңбекақымыз кемінде 300 мың теңге болуға тиіс деп ойлаймын. Лайықты еңбекке лайықты еңбекақы болуы керек, – дейді Наталья есімді қызметкер.

Жалпы, еңбекақының аздығы – тек «ПЭТК» АҚ-ға ғана емес, өңірдегі энергия тарату компанияларына ортақ мәселе. Жылу-энерго орталықтары мен «Павлодарэнерго» компаниясының аймақ­тардағы бағынышты кәсіпорын­да­рында қазір өте күрделі ахуал қа­лыптасып отыр. Мәселен, Екібас­тұз­дағы «Горэлектросеть» ЖШС-да тарифке салынатын инвестиция­да қызмет­кер­лердің еңбекақысы небәрі 82 мың теңге деп көрсетілген. Бұған дейін Екі­бастұздағы жылу-энерго орталығында да қызметкерлердің әлеуметтік жағ­дайы нашар екенін жазған едік. Өн­діріс зияндылығы үшін берілетін кә­дімгі сүттің өзін кейінгі уақытта кәсіп­орындар тыйып тастаған. Құбыр қап­таушы Райгүл Умиева еңбек етуге жағдай жасалмағанына, еңбекақының төмендігіне шағынған. Тағы бір жұ­мыс­кер жұмыс орнының ластығын, шаң-тозаң жұтып әзер тыныстайтындарын айтты. Жеке қорғаныш құралдарын көруден қалған. Амалдың жоқтығынан пайдаланылған құралдарды жуып, қайта киеді екен. Ендеше, бұл тығырықтан қалай шығуға болады?

Табиғи монополияларды реттеу коми­­­тетінің Павлодар облысы бойынша де­пар­­таментінің басшысы Ибрагим Тангиев бұл мәселені Мемлекет басшы­сы­­ның Жолдауында айтылған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатын енгізу арқылы реттеуге болатынын айтады. Әу баста 2023-2026 жылдары монополистердің инвестициялық бағдарламаларына 39 млрд теңге құйы­лады деп жоспарланған болса, енді бұл соманы 68 миллиардқа дейін жеткізу көзделген.

– Жаңа тарифтік саясат үш бағыт­та өрбиді. Әуелі табиғи монополия­лар субъек­тілерінде желілер мен жаб­дық­тарды күрделі жөндеуге және жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту, содан соң коммуналдық саладағы қызметкерлердің орташа айлық еңбекақысын көтеру көзделген. Бұл жағдай саладан толассыз кетіп жатқан білікті кадрларды ұстап қалуға мүмкіндік береді. Соңғысы монополистердің иесіз тұрған желілерді өз қарауына алып, тарифтерге өзгеріс енгізуі қарастырылып отыр. Қазіргі күні өңірдегі коммуналдық желілердің тозу көрсеткіші орташа алғанда 68 па­йызды құрайды. Жылумен қамтуда ол 76 пайызға жеткен. Бұған қоса Пав­ло­дардағы жылу құбырларының – 82, Екібастұзда – 93, Ақсуда 64 пайызы тозып тұр. Ал электрмен қамту сала­сын­дағы тозу – 55, сумен қамтуда – 64, қалдық суды жіберу желілерінде 56 па­йызды құрайтыны белгілі болды. 2029 жылға дейін желілердің тозу көрсеткішін кемінде 15 пайызға азайту жоспарланып отыр. Бұл үшін коммуналдық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңімен көтеріледі, – дейді басқарма басшысы.

Тарифтер 2023 жылдың екінші жартысынан көтеріле бастайды деп кү­ті­луде. Әзірге нақты қанша пайызға ар­та­тыны туралы ақпарат жоқ, өсім инфра­­құрылымдардың тозуы мен моно­по­листердің өтінімдеріне сәйкес бел­гі­лен­бек.

Бұл саясаттың нәтижесінде, саладағы еңбекақы біртіндеп өсіп, кадрлар тап­шы­лы­ғы жойыла ма деген үміт зор. Тек биыл өңірдегі табиғи монополиялар саласында 6 мың адамның еңбекақысы осы жобаның есебінен ұлғаяды деп күтіліп отыр.

Дейтұрғанмен, «ПЭТК» компа­ния­сы­ның қызметкерлері бұл жобаның еңбекақыны өсіруге деген үлесі аз деп санайды. Себебі ол негізінен тозған желілердің көрсеткішін төмендетуге бағытталған. Жалақы там-тұмдап қана көтерілер болса, салмағы зіл батпан инфляция оны мүлде сездірмей қалуы ғажап емес. Сондықтан еңбекақы көлемі алдағы күтіп тұрғанды инфляцияны былай қойғанда, былтырғы құнсыздануды қуып жетіп, одан едәуір жоғары мөлшерде ұлғаюы керек дейді энергетиктер.

 

Павлодар облысы