Бизнес • 25 Қаңтар, 2023

Өнер үйренгеннің өнегесі

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ынталы азаматтарды іскерлікке баулитын ілкімді бастамалар көптеп қолға алынып жатыр. Жан-жақты ойластырылған, «жеті рет өлшеп» жетілдірілген, жұтамайтын жобаң болса, мемлекет тарапынан қолдау болады. Былтыр өз кәсібін бастау үшін 21,7 мың адам мемлекеттік грант алды.

Өнер үйренгеннің өнегесі

Қуатты қолдаудың нәтижесінде, кәсіп ашуға құлшынысы күшейген жұрттың қатары артып келеді. 2022 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 718,3 мың адам қатысты. 435,2 мың адам жұ­мыс­қа орналас­ты. Оның 346,6 мыңы тұрақты жұ­мыс­пен қамтылды. Жұмыс беру­ші­лер­дің өтінімдері бойынша кәсіптік оқы­ту­ға 13,9 мың адам жіберілді.

Ал кәсіп бастағысы келген 21,7 мың адам мемлекеттік грант алып, қолдау тапты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 172,8 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен – 14,7 мың, жастар практикасымен – 28,8 мың, қоғамдық жұмыстармен – 121,8 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 3,9 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында – 551 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 3,1 мың адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 146,1 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағ­дарлаудан өтті.

Қолынан келетін, өзі сүйіп істейтін өнерді кәсіп көзіне айналдырғысы келе­тін­дер­дің бизнес жобасы әбден пысық­талуы керек. Мықты жоспар табысқа бастайтыны анық. Оның үстіне мұндай жобаларға мемлекеттен қолдау көруге де болады. Мысалы, осындай табанды, тәуекелшіл өнерлінің бірі – Айжан Есенбекова. Мем­ле­кеттік гранттардың жеңімпазы болған ол – үш баланы тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты ана. Астаналық кәсіпкер бүгінде ісмерліктен нәпақасын тауып отыр. Бұл өнерін дамытып, табыс табуды Айжан декреттік демалысында ойға алыпты. Кәсіпкерлерге грант берілетінін естігенде осы ойға одан сайын беки түскен. Сөйтіп, «әрекетке – берекет» деп 2021 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына өз жобасын ұсынды. Онда ол алдымен «Бизнес бастау» жобасында 21 күн оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныға түсті. Нәтижесінде, өзінің бизнес жоспарын қорғап, бағы жанып 200 АЕК, яғни 583 400 теңге грант алды. Бұл қаражатты кәсібіне қажетті жабдықтарына жаратқан.

Қазір Айжан кәсібін үйден жүргізіп жатқан жайы бар. Ұлттық нақыштағы кеу­деше, шапан, кәжекейлерді, балалардың да киімдерін арнайы тапсырыспен тігеді. Сондай-ақ дайын киімдер мен бұйымдарды жалға да ұсынады. Ісін енді бастағанда айлық табысы 60-70 мың болса, қазір 300-350 мың теңгеге жеткен. Осы уақыт ішінде әжептәуір тұтынушылары да қалыптасып қалыпты. Болашақта өзінің жеке брендін қалыптастырып, жұмыс орындарын ашуды мақсат тұтып отыр.

«Өзім сияқты үйде отырған қыз-ке­ліншектерге айтарым, «алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып отырмай, үнемі ізденісте жүріп, барлық мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндікті жіберіп алмай, дереу іске кірісіңіздер», деді Айжан.

Жалпы, мемлекет тарапынан мұндай қолдау тапқан азаматтарды көптеп кез­дестіруге болады. Кәсіпкерліктің құла­шын кеңге сермеуіне серпін беретін бастамалар әлі де талай көтеріле береді. Соның бір айғағы – биылдан бастап кәсіп бастаймын дейтін талапты жастарға 2,5 пайызбен несие беріледі. Нақтырақ айтсақ, 35 жасқа дейінгі жастарға 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Төлеу мерзімі – 5 жыл. Ал атакәсіп мал шаруашылығын дамытамын десеңіз, несиені 7 жылға дейін алуға болады. Сондай-ақ қарызыңызды 1,5 жылдан кейін төлеуге де мүмкіндік бар. Ескеретін жайт, міндетті түрде кепілге қоятын дүниеңіз болуы керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2,5 пайыздық несие 2023 жылы 5,8 мың жасқа беріледі деп жоспарланып отыр.