Қоғам • 26 Қаңтар, 2023

Қос азаматтықтың қитұрқысы

266 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыр­күйек­тегі «Жаңа жағ­дайдағы Қа­­зақстан: іс-қимыл ке­зе­ңі» Жолдауында және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпандағы V оты­рысында сөйлеген сөзінде Кон­сти­туцияда тыйым са­лынған қос азаматтық деректері кейінгі кезде көбейіп кеткендігін алаңдаушылықпен айтып, бұл теріс құбылысты тыюды, ал оған жол берген мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйым­­дардың басшыларын қыз­­меттерінен босатуды тапсырды.

Қос азаматтықтың қитұрқысы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Шынтуайтында, қос азамат­тық­қа жал­ғыз біздің елде ғана емес, дүние жүзі­нің көптеген мем­лекетінде тыйым салын­ған. Олардың арасында көршілес Қытай және Жапония, Оңтүстік Корея, Синга­пур сынды «Азия жол­барыстары», Еуропаның Германия, Аустрия, Испания, Ни­дерланд, Норвегия сынды да­мыған елдері, сондай-ақ Ислам әлемінің Біріккен Араб Әмір­ліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Кувейт сынды бай мем­лек­еттері бар. Ал Израильде тек ұлты еврей азаматтар ғана қос елдің азаматы бола алады. Қос азаматтық рұқсат етілген бір­қатар елде қос паспорт­пен жүрген азаматтардың құқық­та­ры біршама шектелген. Мә­се­лен, Ресей Федера­ция­сын­да қос азамат­ты­ғы бар адамдар мемлекеттік және әске­ри қызметтерге алынбайды, сон­дай-ақ депутаттыққа да сайланбайды.

Президентіміздің ұлттық қауіп­сіз­дікке қатер төндіретін қос аза­маттыққа байланысты алаң­даушылығы бекер емес еке­нін құқық бұзушылық статис­тик­а­сы айғақтап отыр. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдары 2020 жылы қыркүйек айын­­да жүр­гізген шұғыл тексеріс барысын­да 15 451 отандасымыздың қос азаматтыққа ие екені әшке­ре­­ленді. Оның ішінде 6 мем­ле­кеттік қызметші, 1 квази­мем­лекет­тік кәсіпорын басшысы және бюджет­тік ұйымдардың 4 қызметкері бар.

Олардың бәрі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға және Еңбек кодексіне сәйкес қыз­меттерінен босатылды. Тексеріс жұ­мыстары келесі 2021 жылы одан әрі жал­ғас­тырылып, нәти­же­сінде екі елдің паспорттарын иемденіп жүр­ген тағы 17 255 адам, оның ішінде 7 мемлекеттік қыз­мет­ші, 2 квазимемлекеттік кәсіпорынның басшысы, бюд­жет­тік ұйымдардың 4 қызметкері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.

Адамдарды қос азаматтық несімен қызықтырады? Көші-қон заңнамасын бұзушылық де­ректерін тергеп-тексеріп жүр­­­ген мамандардың айтуына қа­рағанда, адамдардың бір тобы қос паспортты екі ел­дің мем­лекеттік шекарасынан ке­дергісіз өтіп, екі елде де емін-еркін жүріп-тұру үшін пай­да­ланса, енді бір тобы екі елдегі әлеуметтік жеңілдіктерді бірдей пайдалану, екі мемлекеттен де зейнетақы алу сияқты алаяқтық пиғылын іске асыру үшін алады екен. Бұдан бөлек, алда-жал­да жасап жүрген қылмысы ашылып, басына іс түсе қалса, заң алдында жауап беруден қа­шып, ұшаққа мініп табанын жалтыратуға ың­ғай­лы «запас аэродромы» болуы үшін қос азаматтық алуға ұмты­ла­тын арамза ойлы адамдар да баршылық екен.

Мәселен, 2020 жылы Қазақ­стан мен Ресейде тұратын 1,5 мыңға жуық зейнеткер қос азаматтық арқылы біздің елдің рес­публикалық бюджетінен жалпы сомасы 6,3 млрд теңге зейнетақыны заңсыз алғаны әш­кере­ленді. Бұл еліміздің «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» КеАҚ-ы мен Ресей Федерация­сы­ның Зейнетақы қорының арасында 2019 жылғы 15 нау­рызда жасалған электрондық ақпарат алмасу туралы келісім бо­йынша салыстырып тексеру жүргізу арқылы мүмкін болды. Қазіргі Абай облысының Көкпекті ауданында тұратын Ресей азаматы тіпті 8 жыл бойы біздің елден зейнетақы алып келген. Осы алаяқтық әрекеті анықталған соң ол Қазақстан азаматтығынан шығарылып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Мұндай қос азаматтығы бар зейнеткерлердің қазынадан артық алған қаржысының сомасы 8 млн теңгеге дейін жеткен. Олардың мемлекетке келтірген зияны сот арқылы өндіріліп алы­нады.

Айта кетейік, Қазақстан азаматы шет мемлекеттің азамат­тығын алғандығын көші-қон қызметіне 30 күн ішінде хабар­ламаған жағдайда ол «Қазақ­стан Республикасының азаматтығы туралы» Заңның 21-бабына сәйкес Қазақстан азамат­тығын бірден жоғалтады. Мұндай бұзушылық үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 496-бабына сәйкес 100-ден 300 айлық есептік көр­сет­кішке дейін (биылғы жылы 345 мың теңгеден 1 млн 35 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады немесе әкімшілік жолмен елден шығарылады. Ондай адамдар Қазақстан азаматтығын 5 жыл бойы қайтарып ала алмайды.

Ал азаматтық туралы заң­на­­маны бұзушылардың басым көпшілігі – Ресей Федера­ция­­сының азаматтығын алған бұ­рын­ғы отандастарымыз болып отыр. Дегенмен, алыс шет­ел­дер­дің паспортын қоса ұстап жүрген отандастарымыз да ұшы­­расады. Мысалы, көші-қон қыз­меті былтыр күзде Қазақстан аза­маттығымен қатар, Италия Республикасының азаматтығын алған әйел Қостанай қаласында 2017 жылдан бері тұрып жатқан­ды­ғын әшкереледі. Ол Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзу­шылықтар жөніндегі маман­дандырылған сотының шешімі­мен ел аумағынан шығарылды.

Өткен жылдан бастап еліміз­дің құзыретті органдары үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­­тығы елдеріндегі қос аза­маттық деректерін анықтау жұ­мысы жеңілдей түсті. Себебі 2022 жылғы 1 сәуірде Прези­дент Қ.Тоқаев Парламент мақұл­да­ған «Дербес деректер алмасу са­ла­сындағы әкімшілік мәсе­ле­лер бойынша өзара құқық­тық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Аталған келісім уә­кі­лет­ті органдардың сұрау салуы бойынша ТМД-ға мүше елдер аза­маттарының азаматтығы, жеке басын куәландыратын құ­жа­ты, визасы, жылжымайтын мүл­кі бар-жоғын, қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылған-тартылмағандығын және тұрып жатқан жерін білуге мүмкіндік береді.

Әрине, осындай мемлекет­ара­лық келісім алдағы уақытта өзге елдермен де жасалса, құба-құп. Айталық, түбіміз бір Түр­кия­да қос азаматтыққа рұқ­­сат берілген. Бауырлас елден пә­тер немесе үй сатып алып, тұруға ықтиярхат беріл­ген­нен кейін бес жыл өткен соң Түркия азаматтығын алуға болады. Ал егер сатып алған тұрғынжайдың бағасы 400 мың доллардан кем болмаса, онда Түркия паспорты жарты жыл ішінде беріледі. Осындай мүмкін­дік­ті пай­да­лан­ған отандас­тары­мыз­дың нақты саны қанша екені әзірге белгісіз.

Тіпті қос азаматтыққа ты­йым­ салған Біріккен Араб Әмір­­­­лік­тері де 2021 жылдан бас­­тап қалтасы қалың адамдарды кеуделерінен итермей, осы елге мол инвестиция салып, ерекше еңбек сіңірген адамдарға өз азаматтығын бере бастапты. БАӘ паспортына ие болған алғашқы шетелдіктердің ішінде жетекші инженер-химик, Әбу-Даби қаласындағы Халифа университетінің профессоры Хасан Арафат пен Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров бар. Бейресми деректерге қарағанда, Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында, әсіресе былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін Әмірліктерден тұрғынжай сатып алған қазақстандық байлар аз емес көрінеді. Алай­да олардың қаншасы БАЭ азамат­ты­ғын алып, қос азаматтықпен жүргенін әзірге бір Алла біледі...