Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
2019 жылы қаржы пирамидасын жасаушыларға қатысты қылмыстық іс саны салыстырмалы түрде аз болды, ал пандемияның бірінші жылында ол бірден жеті есе, яғни 24-тен 180-ге дейін өскен. Келген шығын мөлшері 2020 жылы 1,59 млрд теңгеден 6,17 млрд теңгеге дейін артқан. 2021 жыл Қазақстанда қаржы пирамидасын құрушылар үшін нағыз гүлденген кезең болғанға ұқсайды.
«Олардың жұмысының ауқымы артып, мегаполистен өңірлерге дейінгі аралықта тарала бастады. Жаңа қылмыстық іс саны аз болғанымен, келтірілген шығын бірнеше есе өсіп шыға келді – 33,34 млрд теңгеге дейін. Бұл Қылмыстық кодексте қаржылық пирамидалар туралы 217-бап бөлек көрініс тапқан 2015 жылдан бергі Бас прокуратураның статистика жүргізе бастаған кезеңнен кейін тіркеліп отырған рекордтық сома. 2022 жылдың қаңтар-қарашасында салымшылардың ақшасын тартқан қаржылық алаяқтық бойынша 127 жағдай тіркелді. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 24,8 пайызға азайды. Алданып қалған азаматтар саны 1,2 мыңнан 625-ке дейін төмендеді. Атап өту керек, статистикада тек полицияға арыз жазған зардап шегушілер ғана ескеріліп отыр», деп хабарлады Ranking сарапшылары.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегі бойынша 2022 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында алаяқтар қалтасына 8,11 млрд теңге салып берген. Оларды қайтару мүлде мүмкін емес. Соманың небәрі 4 пайызға жуығы, шамамен 325 млн теңге ғана өтелген. Алаяқтардың есепшотына түскен ақшаның кері қайтпайтынын алдыңғы жылдардағы дерек те дәлелдейді. 2018 жылы бүкіл шығын сомасының 1,07 пайызы, ал 2019-2021 жылдары бар болғаны 1 пайызы ғана қайтарылған.
2022 жылдың есепті кезеңінде сотта қаралған қылмыстық іс саны (92) бір жыл бұрынғымен салыстырғанда екі есе аз (229). Соның біразы жылдар бойы көлеңкелі шаруасын дөңгелетіп келгендердің ақырғы аялдамасына айналыпты.
«30 желтоқсанда Сарыарқа аудандық сотында (Астана қаласы) автобизнес саласында пирамида жүйесін құрған Алматы және Астана қалаларындағы автосалондар желісінің бес қызметкеріне үкім шығарылды. Олар автомобильдерді нарықтық бағадан төмен саудалаған. Ондай көліктерді алу үшін алдын ала толық төлем жасап, бір жарым ай күту қажет. 2019 жылдың наурызынан 2021 жылдың қазанына дейінгі аралықта жалған салондар 300 зардап шегушіден 7,5 млрд теңге алған. Әр адамнан алынған жарна көлемі 1 млн мен 660 млн теңге аралығында. Шығын сол күйі өтелмеді. Жалған жүйені құрушылар бастапқы кезеңде өз уәделерін орындағандықтан, ұзақ уақыт бойы жұмыс істей алған. Автокөлікті сату туралы құжаттар заң тұрғысынан өте сауатты толтырылғандықтан адамдар оған еш күмән келтірмеген», деп мәлімдеді Ranking.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, азаматтар бір-ақ сәтте компанияларда қаржы пирамидасының белгілері бар-жоғын тексере алады. Агенттік әзірлеген Telegram мессенджеріндегі бот азаматтарға қаржылық пирамидаға тартатын алаяқтардың әрекеттерінен қорғануға көмектеседі. «Пайдаланушы компанияның/ұйымның сайтына, Instagram парақшасына, Vkontakte тобына немесе Telegram арнасына https://internet.zzz (com, ru, kz және т.б.) немесе internet.zzz (com, ru, kz және т.б.) форматында сілтеме енгізуі керек. Сонымен қатар сізге табыс ұсынатын компанияның БСН-ы арқылы тексеруге болады. Іске қосудың бірінші кезеңінде Telegram мессенджерінде бір аккаунттан тәулігіне 5 реттен көп сұрау жіберу мүмкін емес. 2022 жылы агенттік қаржы пирамидаларын ұйымдастыру фактісі бойынша 85 қылмыстық істі аяқтады. Биыл 29 қаржы пирамидасы жойылды. 15 іс бойынша үкім шығарылып, 23 адам сотталды», делінген агенттік хабарламасында.