Павлодар ауданының Григорьевка ауылдық округінде «Жаңа қала» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Бұл – Қазақстандағы тәуелсіздік жылдары алғаш құрылған шаруашылықтардың бірі. «Жаңа қала» сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен жаңа замандағы дамудың барлық кезеңін өткерген, талай теперішті көрген шаруашылық. Осы серіктестіктің оты мен суына түсіп, іргетасы алғаш құрылған сәттен бастап еңбек етіп келе жатқан Ермек Асайыновтың еселі еңбегін мұндағылар айрықша құрмет тұрады.
Ермек Төлеуұлы – бүгінде тұтас шаруашылықтың үйлестірушісі. Серіктестік басшысы Ардақ Тұрлыбаев іргелі ауылшаруашылық құрылымындағы жұмысты оның қатысуынсыз елестете алмайтынын жеткізді. Қазір мұнда 40-қа жуық адам еңбек етеді. Заманға сай жабдықталған тауарлы сүт фермаларында күніне 800 сиыр сауылып отырған жайы бар. Ал иелігіндегі 10 мың гектар жердің 5 мың гектарында жыл сайын мал азығы, қалған бөлігіне дәнді дақыл өсіріледі.
– Ермек аға біздің шаруашылықта 25 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Ширек ғасырлық кезең ішінде шаруашылықты басқарудың, ондағы жұмысты қалай үйлестірудің жөн-жосығын толықтай меңгеріп, еңбек өнімділігін көтеруге бастамашы болды. Бұл іске айналасындағы азаматтарды жұмылдырып, бір тыным таппайды. Ұзақ жылдар егін және мал шаруашылықтарындағы мәселелерді шешумен шұғылданды. Ағамыз әлі күнге аттан түскен жоқ. Қиын кезеңдерде тәжірибеміз жетпей жатқанда қолдап, барлық білгенімен бөлісіп тұрады. Ұжымдағы жұмыскерлер оны айрықша құрметтейді. Әрдайым сабырлы қалпы, кез келген іске кәсіби тұрғыдан әрекет ететіні жас жұмыскерлерді ғана емес, аға ұрпақтың өзін тәнті етеді, – дейді «Жаңа қала» шаруашылығының басшысы.
Кеңес одағы ыдыраған соң өзге ұлттардың көбі өздерінің тарихи отанына көшіп кетті. Тоқсаныншы жылдардың басында бұл жерде еңбек істейтін адам табу қиындады. Себебі әрбір ай сайын адамдар, әсіресе неміс ұлтының өкілдері жиі көшіп жатты. Жекешелендіру толқынынан өткен жергілікті азаматтар бас құрап, алғашқы шаруашылықтарын жолға қоя бастаған. Сол тұстағы кеңшарлар ыдырамай тұрғанда еңбек жолын механизатор болып бастаған Ермек Төлеуұлы «Жаңа қала» шаруашылығы құрылғанда оған алғашқылардың бірі болып жұмысқа тұрды. Бұл серіктестіктің іргетасы сонау 1998 жылы қаланған. Шаруашылықты аяққа тұрғызу үшін өзге азаматтармен бірге күні-түні дамыл таппады. Кеңестік жүйеден қалған шаруашылық негізін сақтай отырып, оны одан әрі дамытып, ауқымын кеңейтуге атсалысты. Серіктестік басшылығымен қолдағы 150 бас қара малдың санын көбейтіп, сауын сиырлардың фермасын құру туралы мақсат қойылған-тұғын. Бұл үшін мол мал азығы қорын жасақтау қажет еді. Алайда ескі техника егін шаруашылығымен толық айналысуға мүмкіндік бермеді. Ауылшаруашылық агрегаттары жиі-жиі істен шығып, бірде тұқым, енді бірде жанар-жағармай жетпей қалатын. Осыншама қиындықтарды жанындағы жұмыскерлермен бірге өткере жүріп, шаруашылық басқарушылары тәжірибе жинақтады. Сөйтіп, арада 10-15 жыл өткенде жақын маңдағы қала тұрғындарын азық-түлікпен қамту әлеуеті жоғары іргелі серіктестік пайда болды.
– Ерекең екеуміз – үзеңгілес жандармыз. «Жаңа қала» алғаш құрылған сәттен бастап осында еңбек етіп келеміз. Алғашқы жылдардың мехнаты, қиындығы көп болды. Ескі техника, тозып тұрған қоражай, тұқым жетіспеушілігі тығырыққа тірей беретін. Жарық жиі өшіп, фермадағы сиырларды қолмен саууға мәжбүр болдық. Ермек секілді еңбексүйгіш азаматтардың арқасында жылдар өте шаруашылығымыз өркендеп, дамуға бет бұрды. Бүгінде мұнда 2 мыңның үстінде симментал тұқымды қара мал өсіріледі. Тауарлы сүт фермаларында бір демде 800 бас сиыр сауылады. Аймақтағы сүт өңдеуші зауыттарды шикізатпен қамтуда бізге үлкен маңыз беріліп отыр, – деп әңгімеледі шаруашылықтағы әкімгер Самат Сәрсенбаев.
Негізі бұл серіктестікті кезінде ағайынды Қайрат және Марат Тұрлыбаевтар бірлесіп құрған еді. Еңбек адамдарының басын құрау, шаруашылықтағы еңбек өнімділігін өсіруде іскер азаматтар көбіне Ермек Төлеуұлының көмегіне сүйенді. Себебі серіктестік егін және мал шаруашылығымен айналысатындықтан қос саланы қатар алып жүру оңай дүние емес. Егін салу мен малдың азық қорын дайындау, тауарлы сүт фермасындағы күнделікті мәселелерді шешу, жұмыскерлердің жағдайын ойластыру үшін басқарушының білікті болғаны маңызды.
Ермек Асайыновпен тілдескенімізде қарапайымдылығына тәнті болдық. Бүгінде жасы алпыстан асқан еңбекқор жан өзі жайында әңгімелегенді ұнатпайтынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы туралы білгендерімен бөлісіп, саладағы мәселелер жөнінде ой бөлісті. Әсіресе жастардың кейінгі жылдары ауыл десе ат-тонын ала қашатынына, ауылдық жерлердегі «Жаңа қала» сынды шаруашылықтарда жұмыс істейтіндердің дені бүгінде 50-60 жастан асқан жігіт ағасы екеніне қынжылыс танытты. Шаруашылық жыл сайын жаңадан баспаналар салып, еңбекақыны көтеріп, ауылда жайлы жағдай тудыруға талпынып жатқанына қарамастан, жас мамандар мұнда аттап басқысы жоқ. Қазіргі уақытта фермаға мал өсірушілер, бақташылар, сауыншылар, мал дәрігерлері ауадай қажет.
– Арқаның жері де құт, елі де құт. Бабын тапқан адамға ата-бабамыздың аманаттап қалдырған ұлан-ғайыр жерінде айналысатын кәсіп те, жұмыс та жеткілікті. Жылдар бойы жиған тәжірибемізді жастар буынына үйретіп кеткіміз-ақ келеді. Алайда жаңа заманның ұрпақтары агрокешенге жуымайтыны өкінішті. Кезінде егін жинау уақытында демалыс дегенді білмей, астықтың соңғы дақылы қамбаға құйылмайынша тыным таппайтынбыз. Қазір қарасақ, күзгі науқанда жұмыс істеуге келетін бірен-саран жастар жексенбі күні демалысқа сұранып тұрады. Бұл ата-аналардың балаларына еңбек тәрбиесін дұрыс сіңіре алмауынан деп ойлаймын. Балалық шағымызда ұстаздарымызды сыйлайтынбыз, тәрбиеміз мықты болатын, үлкендер еңбекке ерте баулып, пайдалы жұмысқа тартты. Одан жаман болған жоқпыз. Осындай қадамдар бүгінгі мектепте басталуға тиіс қой. Мені осы жағдай ерекше қамықтырады, – дейді кейіпкеріміз.
Ермек Төлеуұлы мемлекет бүгінде шаруа баққан ағайынға барлық мүмкіндікті жасап отырғанын айтты. Жыл сайын төленетін миллиондаған субсидия, лизингке берілетін заманға сай ауылшаруашылық техникалары дамимыз, өсеміз дегендерге барлық мүмкіндіктің кілтін ұстатып отырғаны хақ. Тек осыны қабылдап, алға жылжытатын адами капиталдың жетіспейтіні қынжылтады.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы,
Григорьевка ауылдық округі