Бізде кітап сыйлау, газетке жазылу үрдіске айналуға тиіс. Сол кезде ешқандай мәселе – баспасөзге жазылымға мемлекет көмектесуі керек, мәжбүрлеу деген мәселе туындамайды. Оқырманның сұранысын қанағаттандыратын мақалалар болуы керек. Аймақтық, республикалық басылымдар елдегі өткір мәселелерді көтеріп, соның шешу жолдарын ұсына білуі қажет.
Тағы бір мәселе – журналистер өз арасында ықпалы мен мәртебесін көтеруге мүдделі емес. Қазір «Масс-медиа туралы» заң жобасын жиі сынаймыз, бірақ жобаны жетілдіруге журналистердің өздері үлес қосып жатқан жоқ. Жоба ашық талқылауға шығарылды. Бірақ шынтуайтына келгенде заң жобасының мәтінімен толық танысып шыққан журналистер санаулы. Сынауға бармыз, бірақ ұсыныс білдіріп, кем-кетігін жөндеуге деген құлшыныс жоқ.
Жалпы журналистикада бұл салаға қиянат жасамайтындар, мамандығына адалдар жүруі керек. Газет, сайт ашып алып, оны «инфокиллер» сияқты «тапаншаға» айналдыруға, жеке басқа пайдалануға болмайды. Осының кесірінен журналистиканың ықпалы әлсіреп, журналистің мәртебесі төмендеді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ,
Түркітілдес журналистер қорының президенті