Тарих • 26 Қаңтар, 2023

Мұхтар Әуезовтің Жапония туралы мұрасының маңызы

465 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

21 жастағы Мұхтарды, алыс аралдағы Жапония несімен қызықтырды. 1918 жылы жазылған мақала «Абай» журналының сол жылғы №4, №5 сандарында жарияланған.

Мұхтар Әуезовтің Жапония туралы мұрасының маңызы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

М.Әуезовтің «Жапония» мақаласы сол бір санадан мәңгі сөнбейтін, өлді деуге келмейтін, батыл да ұлы ойларымен халқын әркез тербейтін бір­туар, нағыз ұлт жанашырларының, ардақ­тыларының, алғыр ойлы, асыл мақсатты алыптарының ғаламат тұлға­сына арналған қалам құдіретімен, талант даралығымен, сана саралығымен жазылған бір керемет ескерткіш тәріз­денеді.

Қаламгер алдымен Жапо­ния­ның сонау бір ХIХ ғасырдың ортасынан бергі тарихи жағдайына жан-жақты шолу жасайды. «Білімді жұрттар Жапонияның да ішіне өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды. Жапония білімді жұрттардан келетін зиянды көрген соң, оларға өткел бергісі келмеді. Бұған бас­тығы Америка болып, Еуропаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды. Бұл оқиға 1853 жылы болды. Жапонияның бұларға қарсы бетке ұстайтын қаруы болмады. Көп айлалы, қомағай, білімді жұрттардың ортасына түсіп, өздігінен айрылып, халыққа жем болатын уақыт келді».

Яғни білімді, дамыған елдер алдымен саудасын жүргізіп, жапондарды біртіндеп өздеріне кіріптар етуді көз­деген. Сол кезде Жапонияда көзі ашық азаматтар аз болмаған. Яғни М.Әуезов атап көрсеткен білімді жұрттардан, яки өркениетті мемлекеттерден келер қауіпті ерте сезінген. Бұған Америка басшы, қалғандары қосшы болып, өздерінің ойына келген ойранын жасауға кіріскен. Мысалы, 1853 жылдағы осындай үстем саясатқа қарсы тұратын қару – ұлттық дербестік әрі нысаналы идеология болмағандықтан, не істерін білмей дағдарған. М.Әуезов дамыған, өркениетті мемлекеттерді «көп айлалы, қомағай, білімді жұрт» деп сипаттайды. Олардың үстемдігі күшейген тұста кез келген ел бодандық бұғауына түсетіні бесенеден белгілі. Яғни Әуезовше түйсек: «халыққа жем болатын уақыт келген». Дәл осы кезеңде У.Шекспирдің «Гамлетіндегі» әйгілі «Бар болу, не бордай тозу» деген монологіндегі ой ұлт тағдырына қатысты айтылғандай.

Жапон не өзге мемлекет езгісінде болады, не өз бетінше күн көреді. Та­­­рих таразысында тұрған халықтың тағ­­­дыр-талайы да өз ақыл-ойын сынға салды. Мұны да М.Әуезов тасқа таңба басқандай айқын көрсеткен.

«Осы себеп қамшы болып, Жапония­ның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігер­лілік қаны оянды. Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәр­тіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүние жүзіне келді».

Жапондар елдегі надандықпен кү­рестің бар амал-айласын іздестірген. Мұн­дағы «қомағайлық» ұғымынан өз үстемдігінде қалдыру, билеп-төстеу, ұлт дербестігін жою пиғылы аңғарылады.

Мына кереметті қараңыз? Кәсіпорын­дарды салу жөніндегі шығынды мемлекет өзі көтерген. Қазынасы асып-төгіліп тұрмаса да, барын үнемді, орынды пайдаланған. Бізге пәлендей зауыт, фабрика, кәсіпорын салу керек, ақша құйыңдар деп шетелге жар салмаған, несие де алмаған.

Ғылым, өнерге кең жол ашу да – мем­лекеттің ілгері дамуына, оған ха­лық­тың қызығушылығы артуына себеп болған. Елді дамытып, нығайтудың бір жарқын жолы – ғылымға аса зор көңіл бөлінуі. Бұл туралы автор байламы осындай: «Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе нағыз берік болмақ». Ғылымның дүркіреп шыққан көктей қаулап, дамып кетуі де қиын. Мысқалдап, бірте-бірте сіңіп орнауы да – табанды, ыждағатты жұмыстар нәтижесі.

Жапон да, Жұбан ағамыз жырла­ған­дай, «Мың өліп, мың тірілген халық». Жаны сірі, мінезі ірі, әдептің гүлі, ізденістің күні іспетті. Есеңгіреп жүріп ес жиған, Абайша айтсақ, «ақыл мен жүрек, қайратты бірге ұстаған» ұлы халық. Жапонияның ілгерілеуіне екінші себеп, 1894 жылғы қытаймен соғыс ғылым, шаруа, сауда жолындағы аса көзге көрінерлік екпінділікті серпілтті деп атап өтеді. Сондай жастардың ел өміріндегі күрт өзгерістерге, жаңа­лық­­тарға белсене араласуы. Бұл жайлы Мұхтар Омарханұлы ғаламат па­йым­даған: «Жаңалық басталғаннан-ақ Жапо­ния жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бас­тады. Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Жапонияның ба­қытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Еуропа ғылымын біліп ал­ғандары тоқтамастан жеріне қай­тып, жиып апарған білімдерін елде­ріне егіп отырды. Жапонияның бір пат­шалықтың ішіне келіп, оқу орындары сол патшалықтың жұрт билеу тәріп­тері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындағы саясат (дипломатия) қандай – солардың һәр тауарынан Жапонияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойны-қоныш­та­рына толтырып әкеліп отырды. Жа­­­­­понияның һәрбір Еуропа патша­лық­­тарының іш­теріне барған жақсы­лары, сол пат­шалықтардағы жақсы қы­лықтарымен жалғас жүрген қандай міндеті бар; солардың жетсек-ау деп жүр­ген қандай таза, жаңа түр­лері олар­дың бәрінде де толық мағлұмат­тар­мен қайтып жүрді».

Жастары «білім дүкені құрылған», яғни ғылымы дамыған мемлекеттерге ағылған. Олар оқыған елдерінде ақша, дүние, дәулет, мансап қуып қалып қоймаған, «Жапонияны қайтсек бай, мықты, бақытты ел ету қамын мақсат еткен». Білім, ғылымға қоржындарын әбден толтырып алып қайтқан. Бұдан жапон елі ұтпаса, ұтылған жоқ. Оған дәлел, көптеген ғылым мен кәсіп салаларынан ілгерілеп кеткені сондай, өзге елдер қуып жете алмайтын биікке көтерілді.

Алған білімдерін зейінге салып, сынауы ел алдындағы үлкен жауапкершілік болса, өздеріне қолайлы, жақсысын таңдап алуы да – зор ақылдылық. Мыса­лы, профессордың сөзі қандай керемет! «Күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын­­ тұруға» дабыл қағып, өздерінің де дүниелерін өгейсітпеген. «Өз жақсы­сының ұмытылмауын» ескеруі де барды бағалай білуді байқатады.

Білімге шөліркеп қалған жапон жас­тарына бұл да аз екен. Барған же­рін­де той тойлап, ойын ойнап қайт­папты. Ой ойлап, озық ойға бойлап қайтыпты. Көкірегі көреген, көңілі сезімтал Мұхтар дана мұны да байқап қалыпты. «Жа­­понияның бір патшалықтың іші­не келіп, оқу оқығандары сол пат­шалықтың (яғни мемлекеттің – Ә.Т.) жұрт білу тәртіптері қандай, шаруа­шы­­ларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтырмен арасындағы саясат (дипломатия) қандай, солардың һәр тарауынан Жапонияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойны-қоныштарына толтырып әкеліп отырды». Міне, талапты, табанды, тағылымды, саналы, парасатты жастар. Елді гүлдентіп, жайнату үшін озық ойларға, ізгілікті идеяларға ұмтылған.

Еуропадан ғалымдарды, онымен қоса, өнерлілерді дегенде инженер, сәулетші, дәрігер т.б. кәсіп иелерін шақырған. Мәселені ақылмен шешкен. Шарт қойып отырған. Шарт болғанда қандай! Жапония ұлтының мүддесіне зиян нәрселерді, яғни қайшы келетін жат идеологияны, мәдениетті жүрекке сіңірмеуді қатал міндеттеген. Оған көн­бесең, келген жағыңа тайып тұр деген талап ұстанған. Содан соң жағдай қалай болған?

Шетелден келген профессорлардың азаю себебі, ұлт мамандары, оқыту­шылар, профессорлар білім, ғылымға көптеп келе бастады. Жапон әдебін қараңызшы, жат мамандарды жаппай қуып жібермеген, міне, сіздің орны­ңызға мынадай жас маман келіп тұр, деп сыпайылап босатқан. Содан соң оқыған зиялылар көбейген. Ең бастысы, үкімет құрамындағы ми­нистрлер түгелімен жергілікті оқу орындарының дипломын алған. Білім­дері кейбір шетелден келген оқытушы-профессорлардан да жоғары болған. Әрі жапонның жер жүзінде алдыңғы орынға шығуының бір тетігі осы болса керек.

«Жапонияның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері – басшылары, білгіштерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болатын болмасын. Екінші, халыққа ауырлық келтіріп алатын болмасын деп өздеріне шарт қоятын. Осы­мен бұл күнде Жапония тура күшею жолында, ылғи іске жаралған халық болды. Жапония халқы – тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт».

Міне, береке-бірлік! Содан соң қан­дай да бір ізгі мақсаттарын патша­лықтың, яғни мемлекеттің нығайып, дамып, күшті қуатты болуына жұмсаған. Зиян дүниеге бармаған. Бұл дегеніміз, өздеріне жүктелген міндетті арымен, барымен, жанымен орындау. Бөлінген қаржыны тек мемлекет келешегіне жұм­саған.

Жапондардың мықтылығын ке­меңгер М.Әуезов те көріпкелдікпен па­йым­дапты: «Тарамыс, жігерлі зейінді жұрт». Тарамыс деген қазақтың қара­пайым сөзінде ешқандай қиындыққа мойымайтын төзімділігі, табандылығы, содан соң сағы сынбайтын қайсарлығы, құрыштай қуаттылығы айқындалады. Жігерлі ұғымында күш-қуаты мен ақыл-ой қабілетінің мықтылығы аңға­рылады. Зейінділігі, бейімділігі, білім­ге құштарлығын, ізденгіштігін ерек­шелейді.

Жапондардың мықты мемлекетке айналу негіздерін М.Әуезов терең білімділікпен, тәжірибелі қайраткерлік қарыммен саралап, талдаған. «Бұл күнде қай халық тәртіпсіз, ғылымсыз, елеусіз қалыптан асып, алдыңғы дәре­жеде жүрген халықтармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын оңай жұмыс емес. Бұрынғы бірбеткей, айласыз, ғылымсыз қара күштің заманында ілгері дәрежеге тез жету халықтың өз еңбегімен, басшының епті саясатымен ғана әзер болатын. Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар. Ол шарттардың бәрін де терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен, малды, жанды аянбай сарп етерлік талаппен ғана орнына келтіріп, одан кейін сол орыннан үміт қылуға болады».

Алдыңғы дәрежеде жүрген халық дегені де – өркениетті, экономикасы, білім, ғылым, мәдениеті өркендеген елдер. Олармен тізелесіп, яғни солардың қатарында тұрудың қаншалықты қиын­дығын да байыптайды. Содан «бірбеткей, айласыз, ғылымсыз, қара күштің заманында ілгері дәрежеге жету», демек, өсіп, өркендеудің халықтың өз еңбе­гімен, басшының епті саясатымен ғана әзер жетерін түйіндей кетеді. Осыны айтуымен қазақ тарихындағы Абылай ханның билік дәуірін еске салғандай. Іргесі мықты мемлекет болуда не істеу керек? Мұны да пайымдап қойыпты ғұлама. Надан халықтың қатарға кіріп кетуінің жүз тараулы шарттары барын анықтап, олардың бастысын байыппен айқындаған. «Бас-басына терең оймен, еппен (яғни амал-айла, шешім, талап, талпыныс, құштарлық, т.б.) қажымайтын қайратпен, малды, жанды аянбай сарп етумен» ғана сондай деңгейге көтерілу жолын пайымдайды. «Малды, жанды аямай сарп ету» ұғымы елдің елдігі, мемлекеттің қуатты негізі үшін халықтың бас-басына емес, яғни тұтастай батыл да белсене араласу талабын меңзейді. Мұнсыз ел болу қиын. Осыны ойға оттай алау­латқан кемеңгер Әуезов халықта отан­шылдық, патриоттық се­зім мықты болуын да жетемізге жебедей қа­дай­ды. Бұл тәуелсіздік алдық деп бас-басына би болу немесе ел қазы­на­сын, жер байлығын тонау емес, ба­рың­ды елмен бөлісу, не көрсең елмен бірге көру. Елді есерлікпен езу емес, елдің ертеңін сезу, елге зиян келетін нәрселерден безу. Жұрттың жағ­дайын түзеп, тұрмысын жақсартып, жер байлығымен, кен байлығымен ырысқа кенелту, ынтымағын нығайту. Сонда ел де ерен істерге ұмтылады, жарқын жаңа­лық­тарға құштарланады. Отан дәулетін арттыруға жан аямай құлшынады.

Жапондар бәрін ақылға салып шешкен. Алып мұхиттар қоршауындағы, аралдағы ағайындар елге білім берумен бірге, ғылымды дамытуға күш салды. Сонан соң, әдебиетті қолға алған. Қашан баспа ісі қалыптасып, жөнге келгенше баспасөзді – газет-журналды елдің «көзі мен құлағы» етуге жұмылған. Сонымен қатар Қытай әдебиеті мен тілінің үстемдігінен құ­тылу жолын іздеген. Мұны да зерттеуші нақтылап көрсеткен.

Жапон әдебиетінің гүлдене алмау себебін ескі әдебиеттің кедергі кел­тіруінен деп дәлелдеп берді. Ал біз­дегі баспа, кітап жоқ кезде ақындар, жыраулар, жыршылар көкейінде қандай қазыналар сақталды. Ескі әдебиетті еңсеріп, жаңа жолға және ешқандай ауыс­­­пас, адаспас ақ жолға салған Абай­дың даналық даралығын, ақындық алғырлығын, қайраткерлік қарымын ойлағанда, біз бір нәрседен ілгері жүр­генімізді сезініп, іштей тәубаға келеді екенбіз.

Жапондар халықтың тәлім-тәрбиесі­нің өзегі, өсіп-өркендеуінің негізі әдебиет екенін жақсы түсінген де, бұл кемшіліктің орнын толтыруға кіріскен. Әдебиеттің ұлтты, халықты тәрбие­леу­дегі тағылымын терең түсінген. Адам­­ның адамшылығын түзеп, дүние­нің терең мағынасын ұқтыратын кі­­­таптардың аздығын, халыққа осындай сындарлы кезеңде ауадай қажеттілігін ұғынған. Алайда әдебиеттен кенде қал­ғанымен, басқа ғылымнан кенже қал­мапты. Мұны да Мұхтар бабамыз дәлелдепті.

Ал жапон әдебиеті бүгінде әлемдегі ең озық, ең мықты, өз жолы бар, класси­калық үлгілері мол әдебиет.

Еуропа білгіштерімен тайталасу ұғымы да ғылымдағы батыл өркендеу бағыт­тарын байқатады. Біздегідей Еуро­паны немесе дамыған елдерді алдыға салып алып, соған қалай жете­міз деп жанұшыра жанталасу емес. Ғылымның ең алдымен елге қызмет етуін пайымдаған. Жерінің бүтіндігін, халқының амандығын ойлап, талай ғасыр мазалап жүрген жер сілкінісінің себептерін іздеген. Сөйткен де сейсмология саласын зерттеуге қызу кіріскен. Бұл саланы жетік меңгеріп, Еуропа ғалымдарын басып озған.

Жапондардың бір берекелі ісі – дінді қолға алуы. Бұл жөнінде М.Әуезов көзқарасын білдірген. «Өзге Еуропа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын бір нәрсе – Жапонияның діні. Жапония бір дінді тұтқан халық емес, қашаннан неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт. Бұлар будда дінін де, конфуций дінін де тұтынды. Мұның үстіне Қытай мен Жапонияны көбінесе ілгері бастырмауға себеп болған ата-бабасының ескі салтын қуып, жолын ұстау болды».

Әйтсе де дінді бетке ұстап, қытай үстемдігі күшею қаупін де ескерткен тәрізді. Бірақ жапондар қанша жерден мықты болса да, конфуций іліміне ілесіп кетпеді. Біртіндеп өзінің айқын даму жолын іздеп тауып, өсу мен өркендеудің өзгеше бір өнегесін көрсетті.

Жапонияның аз уақытта жер жүзіне танылуына және дербес мемлекет болып буыны бекіп, нығаюына қажет тағы бір жайды анықтаған. М.Әуезов сол уақытта Жапонияны көрмесе де қалыптасу кезеңіне көз тіге отырып, ілгерілеуі мен іркілістерін нақты, дәл көрсетті. Бұл мақаланы жазуының да мәні бар. Сол кезде Алаш арыстарының асыл арманы Қазақ елін дербес мемлекет етіп құру және оның даму бағыт-бағдарларын белгілеу еді. Сол кезде озық ойлы оқымыстыларымыз Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемең­гер­­ұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Тұрар Рысқұлов т.б. Жапонияның қа­лыптасу, даму жолына қызыға, құл­шынып батыл бет бұруды көздеген еді. Бірақ сталиндік зұлым саясат ұлт дамуы­ның жолын кесті.

М.Әуезовтің «Жапония» мақаласы сол бір санадан мәңгі сөнбейтін, өлді деуге келмейтін, батыл да ұлы ойларымен халқын әркез тербейтін бір­туар, нағыз ұлт жанашырларының, ардақ­тыларының, алғыр ойлы, асыл мақсатты алыптарының ғаламат тұлға­сына арналған қалам құдіретімен, талант даралығымен, сана саралығымен жазылған бір керемет ескерткіш тәріз­денеді. Әдебиеттің әр жанрындағы клас­­сикалық құндылықтары өз алдына, бұл публицистикалық кесек туынды, ел дамуының бағыттары жапон мемлекеті үлгісінде көрсетілген жарқын жобаға да ұқсайды.

Жер-жаһанда күн жалғыз. Ал әлем­де санаулы мемлекеттің туында ғана күн бейне­ленген. Алып мұхиттар арасындағы Жа­понияның ақ туында шымқай қызыл күн. Содан соң шуағын төккен сары алтын сәулелі күн бейнеленген көк тулы Қазақ елі жапонмен тілі бөлек болса да түріміз ұқсас, дәстүр-салтымыз, табиғатымыз ұқсас. Біздің де жақын болашақта жаңа да жарқын істердің куәсі болатынымызға еш күмән жоқ. Біз ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің «Жапония» мақаласын оқығанда осындай ой шуағына бөлендік.

 

Әнуар ТАРАҚОВ,

филология ғылымдарының
докторы, профессор