Аймақтар • 26 Қаңтар, 2023

Күре жолдағы апат

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодардан Астанаға апаратын автобанда 25 жастағы қылшылдаған жігіт қайғылы жағдайда көз жұмды. Тас жолда болған алғашқы жол апатынан аман шыққан азаматты қапылыста екінші көлік соғып, тіл тартпай кетті.

Күре жолдағы апат

Жантүршігерлік оқиға өткен демалыс күндері Павлодар – Қалқаман арасындағы тас жолда болған. Әлеуметтік желілерде тарап жүрген бейнежазбадан көргеніміздей, төрт жолақты автобанда аударылып жатқан ақ түсті «ВАЗ» жеңіл көлігі мен алдыңғы бөлігі жапырылған «Toyota» маркалы көлік жолдың дәл ортасында тұр. Өзге көліктер тоқтап, адамдар үймелесіп, жедел жәрдем көлігі зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Апат болған жерден көліктердің баяу өтіп жатқанын көруге болады. Кенеттен қара түсті жол талғамайтын көлік зулаған бойда жол шетінде тұрған 3 адамды келіп қағады. Қатты соққыдан екеуі жол ортасындағы темір  қоршаудың арғы бетіне ұшып кеткенін байқауға болады. Тағы бірін көлік екпінімен ұшырып әкетті. Сол үш адамның бірі – аударылып қалған «ВАЗ-2110» же­ңіл көлігінің жүргізушісі қат­ты соққыдан сол жерде көз жұм­­ғаны мәлім болды.

Полицияның дерегінше, не­гізгі апатқа «ВАЗ» маркалы кө­лік құралы себеп болған көрі­неді. Тех­никалық ақаудан күтпеген же­рден жол ортасында кілт тоқ­тап, артында келе жатқан «Toyota Camry» көлігі келіп со­ғылған. Оқиғаға куә бол­ған­дар­дың айтуынша, «ВАЗ» көлі­гінің жүргізушісі жолаушы тасымалымен айналысқан, техни­каның бүйірінде «Яндекс такси» жазуы бар. Алғашқы апаттан тірі қалған ол салондағы жолау­шы­лардың сыртқа шығуына кө­мектескен. Одан соң жол бо­йы­на жүгіріп шығып, өзге көлік­терді тоқтатып, соғылып қал­мауына алаңдап жүргенде «Mercedes-Benz GL 450» зулаған бойда келіп қағады.

– 25 жастағы жігіттің оқиға орнында қаза болғаны анықталды. Тағы төрт адам апаттан зардап шеккен, оның бірі кәмелет жасына жетпеген. Жолаушылардың алған жарақаттары әртүрлі, – дейді облыстық полиция департа­мен­тінің баспасөз қызметі.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, апат орнына үш жедел жәрдем бригадасы мен апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы барған. Зардап шеккендер Екібастұздағы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлік көмек көр­сетілді. 1979 жылғы азамат аса ауыр халде болған соң өкпені тыныс алдыратын аппаратқа қосылған. 2004 және 1994 жылғы туған екі азамат жарақат бөлім­де­ріне жатқызылса, 2005 жылғы бозбалаға миы шайқалған деген диагноз қойылды. Тағы екі адам ауруханаға барудан бас тартқан.

Жол апатына қатысқан көлік­тер­дің барлығы айып тұрағына қойылды. Апат бойынша тексеру шаралары жүргізіліп, сараптама тағайындалды.

 

Павлодар облысы