Жиында республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев Мемлекет басшысының мәслихаттар алдына қойған «Жаңа Қазақстанның құрылысы», жергілікті халықтың өмір сүру жағдайы мен сапасын жақсарту жөніндегі жаңа міндеттемелері депутаттардың сайлаушылармен арадағы жұмысын қайта құру мен сайлаушылар тәртібі және мәслихатшыларды кері шақырып алу институттарын енгізуді іске асыратынын атап өтті.
– Жаңа жағдайда мәслихаттар мен олардың депутаттарының негізгі қызметі – өз аумағында сапалы әлеуметтік инфрақұрылымды: балабақшаларды, абаттандыруды, сауда нысандарын, жолдарды, кітапханаларды, мектептерді, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды және т.б.салу мен жөндеуді ұйымдастырудан көрінбек. Мысалы, алдағы уақытта елімізде көптеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сайлаушылардың талабы мен жергілікті мемлекеттік бағдарламалар негізінде құрылатын болады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы мәслихатшылардың белсенді азаматтарды тарта отырып тұрақты мониторинг пен бақылау жасау жауапкершілігін арттырады, – деді Т.Мұқашев.
Сондай-ақ қоғамдық бірлестік төрғасы депутаттың жұмыс жағдайының жасалуы мәселесіне тоқталды. Яғни мәслихатшыларды үздіксіз оқыту және депутаттар қызметінің өзге де түрлері тұжырымдамасын сапалы іске асыру мәслихаттар тарапынан бірқатар ұйымдастырушылық шартты қамтамасыз етуді қажет етеді. Депутаттың қызметін құқықтық, ұйымдастырушылық жағынан, кәсібилігін қамтамасыз етуге жекелей тоқталған Т.Мұқашев: «Депутаттың қызметін қаржылық қамтамасыз етудің мазмұны мынада: бұл депутат қызметінің (жұмысының) қысқаша сипаттамасы көрсетілген тізбесі, сондай-ақ бұл мәслихаттың жұмысы мен өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін мәслихат депутаттары қызметінің барлық түрлеріне қажетті ақшалай шығындардың есебі болып табылады. Мысалы, Германияда бір жергілікті депутаттың үздіксіз оқуын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен жыл сайын 12 мың еуроға дейін бөлінген, Мажарстан, Польша, Чехияда шамамен 4,5 мың еуро бөлінді, Оңтүстік Кореяда – 13 мың АҚШ долларына дейін, Ресейде 25 мың рубль шамасында бөлінген», деді. Сондай-ақ Т.Мұқашев депутаттарды былтыр Ақтөбеде қабылданған, жуырда Шымкентте алқаланған Үндеуді қолдауға шақырды.
Ал облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов сайлауалды бағдарламаның екінші қағидаты – әділетті экономика құру ел экономикасының даму моделін түбегейлі өзгерту арқылы халықтың, бизнестің және мемлекеттің мүддесін бірдей қорғауға негізделетінін айта келе өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мысалы, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өңірде өткен жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша шетелдік инвестициялар көлемі 331,1 млн АҚШ долларын құрап, жоспар толығымен орындалған. Өткен жылдың қорытындысымен 831 елді мекеннің 719-ы немесе 87,0%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ тұрғын үй, білім, денсаулық салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталған аппарат басшысы облыста сайлауалды бағдарламада көрсетілген межелер жоспарға сай іске асырылуда екенін мәлімдеді. Облыстық мәслихаттың аграрлық сала, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Нұралы Әбішов баяндамасында еліміздегі суармалы жерлердің 4-тен 1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі екенін атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 12 пайызы облысқа тиесілі, оның өнім көлемі 996,3 млрд теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 59,8 млрд теңге, тамақ өндірісінің негізгі капиталына 7,2 млрд теңге инвестициялар тартылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 859,9 мың гектарға орналастырылды, өткен жылдан 14,4 мың гектарға артты. Жаңадан 101 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1 569 гектарға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштің 71 пайызын құрайды, – деді Н.Әбішов.
Жиын соңында Т.Мұқашев қоғамдық бірлестік атынан белсенді депутаттық қызметі және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар облыстық мәслихат депутатын «Құрметті депутат» төс белгісімен және Грамотамен марапаттады.
Түркістан облысы