Олардың арасында:
«Қоян келіп шай қойды,
Аю баппен қой сойды.
Әзірлеген тамағын,
Торғай тартып
жеп қойды»,
деген өтірік өлең жолдап, күлкіге қарқ қылған Айназ Жанес те бар.
Балғын қаламгерлерді редакцияда ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгереева бастаған аға-апалары қарсы алып, олардың шығармашылық сапарына ақ жол тіледі. «Біз де көкөрім кезімізде газетке хат жолдайтынбыз. Сосын «Қашан шығады екен?» деп тағатсыздана күтіп жүретінбіз. Қалам ұстау – кез келгенге берілмейтін қасиет. Сурет салу, өлең жазу өнерге, өмірге құштарлықтан басталады. Мен «Орал өңірінің» балауса тілшілерінің жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Бүгін сендерге ана, әже ретінде ақ батамды беруге келдім. «Жолдарың ақ болсын, ғұмырларың ұзақ болсын! Жырлайтын тақырыптарың туған жер болсын, туған елдің аспанын бұлт торламасын! Ақжайықтың атырабы сендерді арманның асқарына аттандырар тұғыр болсын!», деді ақын.
Сонымен Теректі ауданы Шағатай ауылында тұратын Кәусар Наурызғали – «Туған ел», Теректі ауданы Жаңаөмір ауылында тұратын Сабина Жылқышы – «Бақытты балалық шақ», осы ауылдың тағы бір өрені Айназ Жанес «Ұшқыр қиял» аталымдары бойынша марапатталды. Теректі ауданы Ақсоғым ауылында тұратын Нұрқанат Сырым «Азамат» аталымының жүлдесін иеленді. Бәйтерек ауданы Өркен ауылынан Асыл Сәлімжанқызы мен Іңкәр Ғазиз «Мейірім» және «Балғын бояу» аталымдары бойынша марапатталды. Жаңақалалық Әзиз Аңсабеков «Ұлы мәртебелі Тәуелсіздік» аталымын еншіледі. Орал қаласындағы №45 мектеп оқушылары Арсен Махамбет «Табиғат жанашыры», ал Әмір Сапарәлиев «Таным терезесі» аталымы бойынша үздік деп танылды.
«Айналайын» балалар шығармашылығы байқауының жеңімпаздарына ардагер ұстаз М.Берген және Қ.Есендияров, Ғ.Жанбозов, Е.Есенғалиев, С.Тоқмәмбетов сынды азаматтар демеуші болған.
Батыс Қазақстан облысы