Айталық, археология залында тұрған құмыра (суретте) VІІ-ХІІ ғасыр мұрасы екені анықталды. Шөлтөбе өңірінен табылған қыш құмыраның биіктігі 31 см. Ал салмағы 28 кило. Көшпелі халқымыздың қолдан құйып жасаған осынау қолөнері тұрмыста ыдыс ретінде пайдаланғаны анық. Жазда су құйып, қыста тоңазытқыш ретінде қолданылған үлкен құмыра музейге келушілерді ерекше қызықтырады.
Сондай-ақ кезінде апа-әжелеріміз өрнектеп кесте тіккенін бәріміз білеміз. Ал Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі мына бір кесте (суретте) өте ерекше. Кесте мал терісін өңдеп, бетіне түрлі түсті жіптермен әрлеп тігілген. Кестенің 200 жылдық тарихы бар. Мамандардың айтуына қарағанда, кесте иленген сыр терісіне тігілген. Оның бетінде гүлдер мен жапырақ суреті бейнеленген. Ерекше туындыны Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылған 2010 жылдары көрші Жамбыл ауданының тұрғындары сыйға тартқан. Кестенің ұзындығы – 30 см, ені 30 сантиметрді құрайды.
Айдана ШОТБАСОВА,
Жамбыл облысы Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы